Қазақстан • 13 Қазан, 2021

Адами капитал: Көрсеткіш неге төмен?

521 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам капиталы – адамға салынған капитал. Тек ақша ғана емес, оған берілген тәрбие, білім, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар, бәрі де капитал. Адам сол капиталды сәтті жұмсай білсе, орайын келістіріп пайдалана білсе, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізеді. Адам капиталы жоғары адамдар еңбек ететін қоғам өркениетті, озық қоғамға, одан әрі озық, көшбасшы елге айналмақ. Ал Қазақстанның мұндай мүмкіндігі бар ма? Бар, бірақ жоғары емес.

Адами капитал: Көрсеткіш неге төмен?

Мамандық таңдау маңызды

Дәл бұлай пайымдауға себеп бар. Жақында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы зерттеу жариялап, елдегі адам капиталы мүмкіндіктерін зерделеп көрді. Біздегі адам капиталы ұлттық жиынтық байлықтың 42 пайызын ғана құрайды екен. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70 пайыз деңгейінде. Адам капиталын әр кез талапқа сай сақтап тұратын нәрсе – кәсіби біліктілікті ұдайы арттырып отыру. Бұл енді бұрыннан бар қағида. Кім болса да ізденуді тоқ­татқан сәттен бастап тоқырауға ұшы­райды. Қазақстанда бір алған білімімен өмір бойы нәпақа тапқысы келе­тіндер көп сияқты. Статистика солай дейді. Жыл сайын жұмыспен қам­тылған азаматтардың тек 5 па­йызы ғана кәсіби қабілетін арттырады екен. 2009-2019 жылдар аралығында өз қыз­меткерлеріне оқу ұсынған ірі компания­лар саны 51-ден 42 пайызға азайған. Са­уалдамаға қатысқан ересектердің 26 пайызы «өз-өзімізді дамытуға жұмыстан қолымыз тимейді» десе, 25 пайызы қосымша білім алуға қаржы жетпейтінін айтқан.

Өз-өзін дамыту мәселесі енді өзекті бола түспек. Жаһандану, техно­логиялардың қарқынды дамуы, демо­графиялық өзгерістер, тауарлар мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптар­дың күшеюі – еңбек нарығы мен экономикадағы бәсекелестікті арттырып жатыр. Мұндай алапат өзгеріске тегеурінді білім-білігі бар кадр ғана төтеп бере алмақ. Әрине, ол үшін бі­рінші кезекте сапалы білім қажет. Эко­номист Олжас Құдайбергеновтің ай­туынша, қазір жастардың жұ­мыс­сыз қа­луына себеп болып отыр­ған үлкен фак­тор – сапалы білім­нің жоқтығы немесе азды­ғы.

Жыл сайын орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмыс­пен қамтылмай қалса, 40,1 па­йызы мамандығы бойынша жұ­мыс істемейді екен. Жастардың көбіне ата-ана пікіріне сүйеніп қана мамандық таңдауы, келе­шегін­е қатысты жеткілікті дең­гейде талдау жасай алмауы да оның нарықтан өз орнын таппай қалуына себеп болып отыр.

– Əдетте, жастар жұмыспен қамту орталықтарына бармайды, ата-аналарына, таныстарына жүгінеді, ата-аналары баланы қай жерге болсын жұмысқа орналастыру үшін барлығына телефон шалады. Адам талантты болуы мүмкін, бірақ оны мысалы, жеткізуші ретінде жұмысқа орналастырады. Өйткені ата-анасы соны жөн көрді, ал ол өзі қайда барарын білмейді. Біз адамдарды жұмысқа орналастырғанда, олардың көпшілігі мамандық бойынша жұмыс істемейді, өз əлеуетін толық іске асыра алмайды, соңында олар моральдық жағынан зардап шегеді жəне бұл жағдайда қоғамға да зиян келеді. Егер алған біліміңіз жұ­мыс орнында талап етілсе, өз мүм­кіндігіңізді 100 пайыз жүзе­ге асыра аласыз. Міне, сонда ла­йық­ты жалақы талап етуге құқы­ғы­ңыз бар. Егер 100 пайызға жұмыс істей алмайтын жұмысқа орна­лас­саңыз, онда кез келген жа­лақыға келісесіз, – дейді белгілі экономист Жақсыбек Күлекеев.

BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек Германияда кәсіп­тік бағдар жүйесінің бала­бақшадан басталатынын айтады. Яғни олар дағдылардың кішкентай кезден қалана бастауын көздейді.

 

Жеңіл технология ауыр міндет артады

Сөз жоқ, қарқынды экономи­калық жəне технология­лық даму адам білімінің өсуіне əсер етеді. Егер бұрын техникалық кəсіптік білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін болса, бүгінде көптеген мамандық бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл бойы сақталады. Мұндай жағдайда сізді сұранысқа ие ететін жалқы фактор – үздіксіз оқу мен іздену ғана. Цифрлы технологиялар мен жасанды сана технологиялары еңбек əлемін өзгертуде – мамандықтар күрделене түседі, жаңалары пайда болады, жұмыс берушілер де өз тарапынан қызметкерлерден күрделі білім мен дағдыларды талап етеді. Нəтижесінде, қазіргі жұмыс күші жаңа дағдыларды игеріп, жаңа кəсіптер пайда болған сайын үнемі бейімделуді үйренуі керек. Алдағы бес жылда бүгінгі қызметкерлердің не­гіз­гі дағдыларының 40 пайызы өзгермек, ал əрбір екінші қыз­мет­кер (50 пайыз) қайта даярлау­дан өтуге мəжбүр болады екен.

McKinsey мəліметтері бойынша, 2030 жылға қарай 75-тен 375 млн-ға дейін жұмысшы қайта даярлаудан өтуге мəжбүр болады, ал автоматтандыру салдарынан 400-ден 800 млн-ға дейін адам жұмыстан шығуы мүмкін жəне жаңа жұмыс орындарын табуы керек. COVID-19 пандемиясы адамдардың күтпеген күйзеліс пен құрылымдық өзгерістерге төзім­ділігін арттыратын дағды­ларды қалыптастыруына мүмкін­дік беріп тұрғандай. Ал жұмыссыз қалған кадрларды неғұрлым күр­делі мамандықтарға бейімдеп қайта даярлауға тура келеді.

– Мысалы, бұрын тауда фильм түсіру үшін тікұшақ ұш­қышы жəне түсірілім процесі­нің техникалық бөлігін ұстап тұру үшін тағы 2-3 адам қажет болды. Қазір оны дрон түсіріп жатыр. Алайда дрондардың пайда болуы тікұшақтардың, операторлардың санының азаюына əкелген жоқ. Керісінше, бұл мамандық­тар жұмыспен қамтылғандар арасында өсуді жалғастыруда, тек қана олар неғұрлым күрделі мін­деттерді орындайды, – дейді О.Құдайбергенов.

Осы орайда С.Нұрбек Синга­пур тәжірибесін алға тартады. «Адамды оқуға мəжбүрлеу өте қиын жəне ешқандай идеоло­гия бізге көмектеспейді. Син­га­пурдағы нəтижелі жұмыс­пен қамтуды дамытуға бағыттал­ған агенттіктер кез келген синга­пур­лық кіретін жəне келесі қадам­дарды орындайтын бірыңғай порталы бар My Skills Future бағдар­ламасын іске қосты. Біріншіден, ол өзінің дағдылары, мүдделері мен құзыреттерінің диагностика­сы­нан өтеді, екіншіден, салалар­да болып жатқан өзгерістерді зерт­тейді. Үшіншіден, ол біліктілік­ті арттыру үшін мүмкіндіктер алады, ал адам нені зерттеу керек екенін түсінеді. Сонымен оған болашақ мансап жөнінде кеңес беру үшін жеке тəлімгерлік беріледі», дейді сарапшы.

 

10 жылдан соң қандай мамандар қажет?

Құндылықтардың, талап­тар­дың жыл емес, ай санап өзгеріп жатқанына куәміз. Енді бұл үрдіс біздің қоғамға да әсер етпей қоймайды. Бүгінгі қат маман иесі 5-10 жылдан соң нарықтан ығы­сып қалуы бек мүм­кін. Са­рап­­шылардың сөзінше, қазір ақ­параттық-коммуни­ка­ция­лық технология (АКТ) саласы бойынша мамандар тапшы.

– Əртүрлі дипломдары бар, бірақ өз біліктіліктерін іс жүзін­де дəлелдей алмайтын мамандар көп. Ірі компания­лар көп уа­қытты оқытуға жəне іздену­ші­лер нарығындағы ірік­теуге жұм­­сайды. Бұл процесс тұрақты жəне компания басшылығының на­зарын аудартады. Компаниялар өндіріске арналған ақпарат­тық жүйелерді сатып алғанда, өн­діру­шілерден жыл сайынғы тех­никалық қолдауды сатып алуға мəжбүр болады жəне 2-3 ин­женерді дайындауға 20-30 мың доллар жұмсайды. Нəтижесінде, IBM, HP, SAP сияқты өндіруші компанияларға Қазақстан бюд­жеті­нен миллиардтаған доллар төлейміз. Мұның бəрі білікті АКТ инженерлерінің болмауына байланысты. Қазір елімізде кадрларды іріктеу проблемасын шешуді ұсынатын пəрменді жүйе жоқ, – деген ой айтады IT QCC ЖШС Сертификаттау орталығының жетекшісі Жоламан Увалеев.

«Атамекен» ҰКП жұмыс­пен қамту мəселелері жөнін­дегі депар­таментінің директоры Айда­на Тоғызбаева «нарықта жұмыс берушілердің талаптарына сəй­кес келетін қызметкерлер жоқ» деген пікірде. Ал жұмыс беру­ші болса кадрды оқытып, дайын­дап, оған қаржы бөлгісі кел­мейді. Міне, осыдан келіп нарықта қарама-қайшылық туындайды.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжауын­ша, әлі ресми түрде пайда бол­маған, бірақ жақын арада пайда болу ықтималдығы жоғары ма­ман­дықтар бар. Оған экотех­нолог, «Ақылды үй» жобалау­шысы, роботтехниканың инже­нер-технологы, мұнай-газ са­ласындағы инженер талдаушы, экожүйенің АТ сәулетшісі сияқ­ты мамандықтар еніп отыр.

Өзектілігін жоя қоймайтын, бірақ жаңа заманауи талаптарға сай болу үшін қосымша дағды­ларды меңгеруді қажет ететін мамандықтар ретінде мыналар аталады: сандық картограф, по­йыздарды қашықтан басқару операторы, құрылыстағы адди­тивті өндіріс операторы. Сонда жойылып бара жатқан мамандықтар қандай? Орталық бұған да жауап тапқан: таңбалаушы, құрылыс суретшілері, колл-орталығының операторы, қойманың есепке алушысы секілді мамандар біртіндеп еңбек нарығынан шыға бастамақ.