Өзіндік мүмкіндігі бар болғанымен, шаруасы шалқи қоймаған шалғайдағы Ұйғыр ауданында да табыс көзінің кілті табылды. Нақтылай түссек, «ҚазРос-Бройлер» АҚ құс фабрикасы мемлекетке ірі көлемде салық төлеп, осы акционерлік қоғамда тұрақты еңбек ететін 1 100 адамға 45 500 теңге көлемінде орташа айлық жалақы береді. Құрылғанына биыл тура 10 жыл толатын құс фабрикасына 9 млрд. 128 млн. теңге инвестиция тартылып, 1094 га. жер бөлініп берілген еді. Нәтижесінде бүгінгі таңда құстың жалпы саны 2 531 410 басқа жетті.
Аталған өндіріс орны 2011 жылдың мамыр айынан бастап ИСО, ХАССП сапа менеджмент жүйесімен жұмыс істеп келеді. Шонжыдағы құс фабрикасының тағы бір артықшылығы – бағымындағы құсқа азықты сырттан тасымалдамай, өз қажеттілігін толық өтейтін құрамажем зауыты тәулігіне 400 тонна жем өндіреді. Осындай жұмыстарға керекті 8 дана «Вальтер» тракторы, 3 «SAMPO» комбайны, 10 жүк көлігі, 5 «МАН» жем тасығышы, 10 «ХОВА» автокөліктері тағы бар. Уақыт талабына сай ең бастысы ет бағытындағы тауықтардың тез өсіп, балапандардың жылдам жетілуіне және жұмыртқа бағытындағы тауықтардың қоңын сақтауына барлық жағдай жасалған. Бордақылау және жұмыртқа басып шығаратын 24 корпус, сондай-ақ, сағатына 5-6 мың бас тауық сойып, сапалы дайындап, пайдалануға шығаратын цех өз алдына жұмыс істеп тұр.
Міне, осындай ет және жұмыртқа бағытындағы алып құс фабрикасын салып, жүйелі жұмыс жүргізу үлкен жетістік әрі жергілікті биліктің дәл осы салада үйлестіре біліп ұтқанын да көрсетеді. Шонжыдан небәрі 15 шақырым жерде орын тепкен «ҚазРос-Бройлер» АҚ Қазақстанның ішкі рыногында құс етін өндіретін өте ірі өндіріс орны болып саналады. Жобалық қуаты жылына 29 000 тонна құс етін өндіріп, еліміздегі құс етіне сұраныстың 14 пайызын өтеп отыр.
Тұтастай алғанда, ел экономикасын көтеру арқылы тұрғындардың тұрмысын түзеудің бір жолы инвестиция тарту мәселесі аудан басшысының төл міндетіне кіретіндіктен, осы сауалға жауап іздеген едік.
«2008 жылы ауданымызға 62 млрд. 293 млн. теңге инвестиция тартылып, соның басым бөлігі «ҚазРос-Бройлер» құс фабрикасының құрылыс жұмыстарын жүргізуге және талапқа сай жұмыс істеуіне қажеттіліктерді сатып алуға жұмсалды. Ауданға инвестиция тарту мәселесін жан-жақты айтсам, ағымдағы жылы аудан аумағында халықаралық маңызы бар инвестициялық жобалар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы мен Іле өзеніне салынатын көпірдің құрылысы басталады. Өндіріс саласы бойынша былтыр 6 млрд. 868 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, арғы жылмен салыстырғанда, өндірілген өнімнің нақты индексі 107,7 пайызды құрады. Жалпы, өнеркәсіпте жұмыс орындары қысқарған жоқ. Бұл салада 3 жаңа нысан іске қосылып, 13 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл өнеркәсіп өндірісінде құс фабрикасы 6 млрд. 983 млн. теңге, үй шаруашылығы өндірісінде 850 млн. теңге, жерасты табиғи суын өндіру және тағы басқа өнімдерден 7 млрд. 998 млн. теңге көлемінде сапалы өнім өндіруді жоспарлап отырмыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2013 жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 17 млрд. 211 млн. теңгеге жетіп, арғы жылмен салыстырғанда, 13 млрд. 838 млн. теңгеге артығымен орындалды. Мұның сыртында «Premium Spa Resort» серіктестігінің туризм және демалыс орны, «Өркен жаю» серіктестігінің жүгері сақтайтын кешені және «Өнік» серіктестігінің жылыжай кешенінің құрылысы мен «Тельманжан» шаруа қожалығының жаңадан салып жатқан жүн жуу, өңдеу зауытының құрылыс жобалары өңірлік индустрияландыру картасына енгізілді.
Рас, атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, жіберілген кемшіліктер де жоқ емес. Соны дер кезінде түзеу, яғни былтыр басталған бірқатар жұмыстарды сапалы аяқтау жердегі тоң кетісімен қайта жалғасын табады. Оған керекті қаражат мәселесі оң шешімін тапты. Елбасы «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі», деп атап көрсетті ғой. Кедейшіліктің өсуіне жол бермеу үшін мемлекет ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді белгіледі. Мемлекеттік саясатқа сай әрекет ету басты міндетіміз», деді Ұйғыр ауданының әкімі Коюмчан Омаров.
Қорыта айтқанда, «салым салу» деген мағынаны білдіретін латынның «инвестиция» термині біздің қоғамға іс жүзінде енгені құптарлық жайт. Сол инвестицияны ірі көлемде тартып, ел экономикасын дамытып, ауылда табыс көзін ашу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бір ғана өндіріс орнын ашу арқылы ауылдағы көп түйткілді шешу іскерлікті танытпай ма?!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.