Экономика • 14 Қазан, 2021

Дизель отыны: Жеткізілім тұрақталса, баға қалпына келеді

702 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2021 жылы 4,9 млн тонна дизель отынын өндіру көзделіп отыр. Бұл – 2015 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Алайда өндіріске Атырау мұнай өңдеу зауытының жыл басында жоспарсыз тоқтап қалуы теріс әсер еткен. Соның салдарынан зауыт соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша бекітілген жоспардан 239 мың тонна дизельді аз өндірген.

Дизель отыны: Жеткізілім тұрақталса, баға қалпына келеді

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың мәліметінше, осы жылдың тамыз-қыркүйек ай­­ларында дизель өте көп тұты­ныл­ды. Тамыз айында 520 мың тон­на пайдаланылды. Қыркүйек айын­дағы көрсеткіш те осы шамада.

Оның сөзінен ұққанымыз, дизельдің көп тұтынылуына Қазақ­станның ішкі нарығындағы бағаның төмендігі әсер еткен.

– Дизель бағасының төмен­дігіне байланысты осы жылдың тамыз айының басынан аталған отын түрінің қоры күрт төмендей бастады. Мәселен, тамыз айының басында біздегі дизель отынының қоры шамамен 250 мың тоннаны құрады. Қыркүйек айының соңына қарай отын қоры 200 мың тонна деңгейінде болды. Импорт жазда 26 мың тоннаны құрады. Ресейден шамамен 500 мың тонна дизель отынын импорттауға мүмкіндік бар екенін ескерсек, 26 мың тонна деген көп емес, – деді Ә.Мағауов.

Осы жылдың 9 айының қо­ры­тын­дысы бойынша дизель­дің орташа бағасы литріне 188 теңгені құраған. Алайда соңғы уақытта баға 208 теңгеден 330 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2019 жылы орташа баға 193 теңгені құ­ра­ған. 2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының баға­сы литріне 255-270 теңге аралығында құбыл­ған. Вице-министр жеткізілім жағдайы тұрақ­талса, баға да қалпына келе­ді деп сендірді.

– Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданды. Мәселен, автомобильмен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды. Сәуір айы­нан бастап дизель отынының экс­порты тоқтатылды. Атырау мұ­най өңдеу зауытының жоспарлы жөн­деуі 2022 жылға ауыстырыл­ды. Атыраудағы зауыт пен «Петро­Қа­зақстан Ойл Продактс» серік­тес­тігі қосымша жүктеме алды. Бұл шамамен 29 мың тонна дизель отынына тең. Павлодар мұнай-химия зауыты мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімін шегерді, – деп нақтылады вице-министр.

Оның айтуынша, кедендік статистика қыркүйек айында импорт 17 мың тоннаға тең болғанын көрсеткен. Ал қазан айының 8 күнінде шекара арқылы 32 мың тонна дизель отыны өткен.

– 11 қазандағы жағдай бо­йынша дизель отынының жалпы қалдығы 215 мың тоннаға тең. Оның ішінде мұнай базаларында 123,4 мың тонна өнім бар. Қабылданған шараларды, сондай-ақ осы жылдың қазан айында 330 мың тонна көлемінде дизель отынын өндіруді және 80-100 мың тонна көлемінде импорттық жеткізілімдерді ескерсек, ішкі нарықтағы жағдай тұрақталады. Бір ай бұрынғы, яғни 10 қыркүйектегі жағдай бойынша мұнай базаларындағы қалдық 128,3 мың тоннаны құрады. Қазіргі көрсеткішпен шамалас. Бірақ ол уақытта мұндай жоғары сұраныс болған жоқ, – деп түсіндірді Ә.Мағауов.

Осыған байланысты дизель отынының қолда бар қорын жедел мониторингілеу үшін министрлік еліміздегі мұнай базаларын автоматты өлшеуіштермен жабдықтау мәселесін көтеруде. Бұл арқылы жанар-жағармай қалдықтарының деңгейін нақты қадағалауға мүм­кін­дік бар. Сондай-ақ ведомст­во Қаржы министрлігі Қар­жылық мониторинг агент­тігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, ірі мұнай базаларында дизель отынын өткізуді жасанды шектеу тұрғысынан тексеру жүргізу қажет деп санайды.

Еске сала кетейік, қыр­күйек айының соңында еліміз­дің бір­неше өңірінде дизель оты­ны­ның тапшылығы байқалып, баға­сы күрт өсті. Бұл туралы алғаш болып жүк көлігін жүргізушілер дабыл қақты. Жанар-жағармай құю стансаларында ұзын-сонар кезек қалыптасты.

Ә.Мағауов бензин нарығын­дағы жағдай тұрақты деп мәлімдеді.

– Қазан айында біз шамамен 304 мың тонна АИ-92 бензинін өндіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Атырау зауытында – 130 мың тонна, Шымкент зауытында – 153 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауытында 20 мың тонна өндіріледі. Айдың басында шамамен 230 мың тонна қалдық бары белгілі болды. Бұл тұтынушылардың сұраны­сын қанағаттандыруға жеткілік­ті. Тұтыну көлемі 340 мың тонна дең­гейінде бағаланып отыр. Қазан айынан тарықпай өтеміз. Қара­ша-желтоқсан айларында экспорттық көлем пайда болуы да мүмкін, – деді вице-министр.