06 Мамыр, 2010

АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ...

1145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстанның” 2009 жылғы 7 қазан күнгі санына шыққан “Қателіктің бәрі қылмыс емес” деген мақаламызда Солтүстік Қазақстан облысында болған бір келеңсіз жағдай туралы жазған едік. Онда Елбасының осы өңірге жасайтын сапарының қарсаңында облыс әкімі С.Біләловтің бұйры­ғымен асыға қимылдаған сол кездегі қала басшылығы аса қажетті тұтыну тауарларының бағасын делдалдарсыз сату арқылы басқалармен салыс­тырғанда 15-20 пайызға төмен ұстай­тын, аз қамтылған жандарға арнал­ған “Шапағат-Милосердие” базарын күндіз-түні жұмыс істеп, дайын еткенін жеткізген едік. Оны көрген Елбасы да ризашылығын білдіріп: “Сіздердегі осындай шаралардың арқасында тіпті дағдарыс та жоқ сияқты екен” дегенін де қызыл­жарлықтар мақтан тұтады. Өкінішке қарай, осы қуаныш ұзаққа бармай, базарды ұйымдастыру шығынының ресімделуі заң бұзушы­лық деп танылып, қылмысты іс қоз­ғауға ұласады. Оның кесірінен қала әкімі Е.Нұрақаев пен оның орын­басары Б.Тәженов тапсырманы дәл орындаса да, дұрыс ресім­демегені үшін ғана қызметтерімен қоштасады. Құр қоштасып қойса жарайды ғой, сол уақытта “сары басылымдар” бұл екеуін үлкен ұрлық жасап таста­ғандай шулап, артта­рынан жамандық атаулыны қарша боратады. Мәселенің мәнісі былай болған. Қазір бос жатқан дүние жоқ, бәрінің де иесі бары белгілі. “Шапағат-Милосердие” базары ашылған ғимараттың да иесі “Арай-Снаб” ЖШС болатын. Ол базарды өзінің ғимаратында ашуға да, оның жұмыстарын жасап беруге де келіседі. Ал базар жасалып болған соң біраз шығынын өтеген жергілікті өкімет оны өзінің иелігіне толық алуы керек қой. Өйткені, Прези­денттен бастап жұрттың бәріне бұл “коммуналдық рынок” деп жария­ланды емес пе? Ал Қызылжарда, қаланың басқа шетінде, бұрыннан да “Қызылжар-Ақбастау” атты комму­нал­дық базар жұмыс істейтін. Ендеше жаңа ашылған базарды соның иелі­гін­дегі ЖШС деп ресімдеу керек деген келісім болады. Өйткені, осын­дай базар ашқан қарағанды­лықтар солай еткенін бұлар көріп, үлгісін алып келеді. Сөйтіп, оны жергілікті әділет департаментіне тіркетеді. Ондағылар да бұл жерден ешқандай заң бұзушылық көрмей, тіркеуден өткізеді. Бірақ Қызылжардың прокуратура органдары осыны өрескел заң бұзу­шылық деп табады, өйткені, “Қы­зыл­жар-Ақбастау” мемлекеттік кә­сіпорын (МК) ретінде ЖШС құруға қақысы жоқ екен. Ол тек филиал, өкілдік немесе еншілес кәсіпорын құруға ғана құқылы көрінеді. Соны­мен бірге асығыста тендер де өткі­зілмеген. Демек, осы базарды құру және жерін сатып алу үшін қалалық мәслихат бюджеттен бөлгізіп, “Арай-Снаб” ЖШС төлеткен 50 млн. теңге “заңсыз жұмсалған” деп табылады. Сондықтан прокуратура осының заңға сәйкес еместігін айтып, ақшаны бюджетке қайтару туралы ұсыным берген. Қала әкімдігі “бастан құлақ садақа” деген болуы керек, осы ұсынымның талабымен “Шапағат-Милосердиеден” бас тартып, оның барлық шығындары үшін төленген ақшаны қайтадан бюджетке қайтарта бастайды. Қазір ол толығымен қайтарылған. Сөйтіп, “Шапағат-Милосердие” ЖШС деген жойылып, оның орнындағы базар қазір жеке меншіктің қарамағында істеп тұр. Бірақ ол енді бағаның төменірек болуына бақылау жасамайтыны, мүдделілік танытпайтыны белгілі. Басында қылмысты іс қозғамай-ақ ақшаны қайтарту туралы ұсыным берген прокуратура енді осы істі ҰҚК департаментінің талабымен қайта көтеріп, қылмысты іс қозғайды. Оның себебін... кім білсін, біреулерге “сыбайлас жемқорлықпен қатты күресіп жатырмыз” деген ақпарға керек болды ма, әлде біреулердің қызмет орнын тартып алу көзделді ме, әйтеуір жоғарыда айтқан қатты шулатқан қылмысты іс қозғалып, талай азаматтар қызметтерінен кетеді. Біз өткен мақаламызда: “осы күндері біздің қоғамымызда “сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес” айдарын ту етіп, қателіктің бәрін қылмыс, жөнсіздің бәрін жымқыру деп ұғатын тенденция орын алып барады” деген өкініш білдіргенбіз. Елбасы Н.Назарбаев та осы күресті жалаулатып, кейбір адамдарға қатысты өш алу, қызметтен қуу сияқты келеңсіз істердің орын алып отырғанын қынжылыспен айтқан еді. “Егеменнің” әділеттікті жақтап, ара түскені теріс кетпеді, сол мақала шыққан соң үш айдан кейін Қызыл­жардың бұрынғы әкімі Е.Нұрақаев­тың атына прокуратурадан хат келіп, оған қатысты қылмыстық істен бас тартылғаны туралы хабарланды. Бірақ басқа қатысушыларға қатысты іс әлі жабылған жоқ. Адамдарды талай әуреге салып, оның да жа­была­ры анық. Бірақ ешкімді ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салмай-ақ, қылмыстық істі ашарда тиянақты тексеріс неге жасалмайды екен? Үсті­нен қылмыстық іс ашылу оңай емесін құқық қорғау органдары білмейді емес қой. Жақсыбай САМРАТ.