Өнер • 14 Қазан, 2021

Ұлттық киімді әлемге ұсынған

1146 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбелік дизайнер Малика Дүйсенбаева «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында мәдениет және спорт аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ұлттық стильдегі киім дизайнері әрі он саусағынан өнер төгілген тігінші осы жалпыұлттық жобада бақ сынамас бұрын қазақтың оюлы-сәнді ұлттық киімдерін әлемдік сахналарда таныстырып, бірнеше рет республикалық, халықаралық сән байқауларының жүлдегері атанған. Маликаның қолынан шыққан бойжеткендерге арналған ұлттық нақыштағы заманауи дизайнмен қабысқан әдемі көйлектер әлемге жақсы тарап жатыр.

Ұлттық киімді әлемге ұсынған

Бүгінде Еуропа елдерінде, АҚШ-та тұратын қазақтар Маликаға жиі тап­­сырыс береді. Бірегей брендті жа­­сау жолдары туралы шебер былай дейді:

«Біздің қыздар бірін-бірі қайта­ла­майтын, сәнді және сапалы, біре­гей бұйым жасауға тырысады. Бой­жеткендер көйлегінің матасы мен жібі­нен бастап, пішуі мен тігуіне ерекше мән береміз. Бірегей бұйымды жасау уақыт пен ерекше талғамды қажет етеді. Сол үшін де ұлттық киімнің ажарын ерекше ашатын ою-өрнектеріне өте мұқият қараймыз дегеннен гөрі, философиялық тұрғыдан қараймыз десем, артық айтқандық емес. Біз ұлттық ою-өрнектеріміздің ежелдегі қолданыс аясын, табиғатын зерттеп барып қана іске кірісеміз».

Қазақтың ою-өрнектерін киім­дерге қолдану үлкен талғамды қа­жет етеді. Сол үшін де Малика Қы­тайға бірнеше рет барып, қазақтар ты­ғыз қоныстанған өлкелердегі іс­мер­лерден шеберлік сабақтарын үйреніп келеді. Өйткені, өкінішке қарай, біз әлдеқашан ұмытқан ұлттық мұраларымызды, дәстүрімізді үзбей жалғастырып келе жатқан кісілер ол жақта көп.

Маликаға тігіншілік өнері наға­шы­ларынан дарыған. Оның алғаш­қы ұстазы – анасы. Кішкентайы­нан көз майын тауысып түнімен киім пішіп, тіккенін көріп өскен. На­ға­шы әжесі де, ол кісінің шешесі де Қызылорда өңірінде ұзатылар қыздың бар жасауын түгендейтін, ою ойып, сырмақ тігіп, кілем-алаша тоқыған атақты шеберлер болған. Енді Маликаның қызы да қазақтың ұлттық сәндік көйлектерін тіккенді ұнатады екен. Жоғарғы оқу орнын дизайнер мамандығы бойынша аяқтаған ол өзіндік өрнекпен тіккен бойжеткендерге арналған киімдерді көпшілікке ұсына бастапты.

Соңғы екі жылдан бері пандемия­ның қиындығын отандық дизайнер­лер де қатты сезінді. Осымен үшінші жыл бойы ел ішінде де, шетелдер­де де сәндік конкурстар өткен емес. Көз майын тауысып тіккен сән көйлек­терін ұсынатын орта болмаған соң дизайнерлер кібіртіктеп, өзара шығармашылық байланыстар да сая­бырсып қалған. Өйткені киім үлгі­леушілер осындай бәйгелерде ғана төл туындыларын көпшілік тал­қысына салып, жетістігі мен кем­шілігін тең таразылайды. Бірақ Малика пандемия кезінде де қарап отырған жоқ. Ол тігіншілік пен киім үлгілеуді ұнататын балаларға арнап қолөнер мектебін ашты.

«Бала шығармашылықпен, өз қия­лымен киім үлгісін жасап, оны ті­гіп шығаруға тиіс. Біз осы жұмыс­қа кезең-кезеңімен кірісеміз. Ең әуе­лі оқушыларымызға қазақы өю-өрнек­тердің шығу тарихын, көбіне қандай киім үлгілеріне қолданылатынын үйре­теміз. Ол үшін қандай да бір ұлт­тық киімнің шығу тарихы, адамның жас ерекшелігіне қарай қалай кигені әбден зерттеледі. Бұйымның жасалу тәртібі, қолданылатын материалдар, ою-өрнектердің үйлесімділігі, қысқасы сәнді де сапалы бұйым жа­саудың техникасын балаларымызға барынша меңгертуге тырысамыз. Қолөнермен қатар, тәрбие сабақтары да қоса өтеді. Бұл сабақтарында тарихымыз бен салт-дәстүріміз қоса оқытылады. Осылайша жан-жақты тәлім-тәрбие, білім бергенде ғана бала ұлттық өнерді бойына сіңіріп, өз елінің патриоты болып қалыптасады», дейді Малика өз мектебі туралы мақ­танышпен.

Малика қазір өңірлерді аралап, киім дизайны жөнінде семинарлар өткізіп жүр. Себебі нарыққа ұлттық киімдер үлгісін ұсыну – бір жағынан өнер болса, екінші жағынан – бизнес. Киімді тіге білумен қатар, оны өткізе білу де үлкен шеберлік пен тынымсыз еңбекті қажет етеді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қы­зыл­­орда қалаларында Маликаның ұлт­тық киім орталықтары ашылған. Оған қоса, пандемия кезінде тігін­ші­лік­тің онлайн мектебін ашты. Үнемі ты­ным­сыз ізденісте жүретін ол бір кә­сіп­тің қыр-сырын терең меңгеру тө­зім­ділік пен уақытты қажет ететінін айтады.

Малика Дүйсенбаеваның ойынша, қазақтың бірнеше мың жылдан бері жалғасып келе жатқан ұлттық киімдері парақтары тұтас ашылмаған оқулық тәрізді. Ол болашақ ұрпақ ата-бабаларының, ата-әжелерінің ұлттық киімдерін бізге қарағанда тереңірек бағалайды деген сенімде.