13 Ақпан, 2014

Тұманды Альбиондағы тұсаукесер

508 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Бірде Үндістанға барудың сәті түсті. Онда «Қазақфильмнің» шығармашылық тобы кезінде Кашмирдің патшасы болған Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) жайлы деректі фильм түсірмек болды. Кашмир астанасы Сринагарда, Ганга өзенінің жағасында болып, біраз түсірілімдер жүзеге асырылған соң, қалғанын Делиде де жалғастырмақ болып, Үндістан астанасына қайтып оралдық. Ол кезде Қазақстанның Үнділер еліндегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Омаров еді (Ол қазір Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі). Оған сол жолы 2010 жылы орыс тілінде шыққан «Ислам – религия мира и созидания» атты кітабымды сыйладым. Келесі күні Қайрат ініміз «Кітабыңызды қарап шықтым. Қазақтың тарихы, халқымыздың руханияты, жұртымыздағы ислам діні мен мәдениеті жайлы жақсы жазыпсыз. Әйтпесе, күні кешеге дейін «қазақ көшпелі өмір сүрді, қала мәдениеті болған жоқ» іспетті пікір үстемдік етіп келді ғой. Еңбегіңізде қазақтың ежелден мәдениетті, өркениетті ел екендігін, өзіндік өнері мен мәдениеті болғандығы жақсы көрсетіліпті. Осы дүниеңіз ағылшын тіліне аударуға сұранып-ақ тұр», деді. Мен ойланып қалдым. Қайраттың ұсынысының жаны бар-ды. Қолға алуға болатын-ақ іс екен деген пікірге бекіндім. Абсаттар кажы-1 «Ислам – религия мира и созиданияны» (Алматы, 2010) «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қо­ры шығарып, бүкіл елімізге тегін тарат­қан болатын. Баспасөзде де жақсы пікірлер білдірілді. Үндістаннан Ал­матыға қайтып келген соң, кітапты ағылшын тіліне аудару және оны шетелде шығару мәселесін ақыл­даспақ болып, сол кездегі Сыртқы істер министрінің орынбасары    К.В.Жи­­­галовқа жолықтым. Кон­стантин Васильевичпен КазГУ-де қызмет етіп жүрген кезден таныс едім. Араласып тұратынбыз. Ол кітапты ағылшын тіліне аудару идеясын құптай келе, Лондоннан баспа табуға көмек көрсету жайлы осы елдегі елшімізге тапсырма бер­ді. Кейін елшілік Лондондағы «Стейси» атты халықаралық бас­па­мен келіскендерін, олардың кітап­­ты шығаруға әзір екендіктерін мәлімдегендерін хабарлады. Арада біраз уақыт өткенде кітап ағылшын тіліне аударылып бітті. Осы тілдің білгірлері тәржімаға жақ­сы баға берді. Сонымен, «Стейси» баспасына қолжазбаны жібердік. Олар қарап шығып, басуға дайындай бастады. Арада біраз уақыт өткенде кітаптың алғашқы таралымы дайын болғаны туралы хабар жетті. Содан ұзамай 2012 жылдың наурызында кітаптың тұсаукесеріне шақыру да келді. Ал­маты – Лондон ұшағымен жолға шық­тық. Англия астанасында бізді елшілік қызметкерлері күтіп алып, қала ортасындағы атақты Гайд парк жанындағы мейманханаға жай­ғастырды. Бірер сағаттан соң, елшіміз Қай­рат Әбусейітов бізді түскі асқа шақырды. Қайратты бұрыннан білетінмін. Ол КазГУ-дің тарих факуль­тетін және оның аспирантурасын да бітірген-ді. Анда-санда кездескенде сәлемдесіп тұрушы едік. Кейін ол Сыртқы істер минис­трінің орынбасары секілді лауазымдарды да атқарды. Кеш түсті. Лондондағы директорлар институтында тұсаукесер салтанатына жиналдық. Оған Ұлы­британияның зиялы қауымы, оқу орындарының профессорлары, дипломатиялық корпус өкілдері мен университет оқытушылары және студенттер қатысты. Кешті Қай­рат Әбусейітов ашып, жүргізіп отырды. Сөйленген сөздерді менің Ан­глияның Шотландия универ­си­те­тінде (Эдинбург) оқитын қы­зым Мүнира мен «Хабардың» Ан­глия­дағы тілшісі жазып отырды. Ке­йіннен біз Лондоннан оралған соң, «Хабар» тұсаукесерді өз арналары бойынша көрсетті. Әуелі сөз «Стейси» баспасының директоры Том Стейси мырзаға берілді. Ол ұзын бойлы, ақ шашты кісі екен. Жасы жетпісті алқымдап қалған сияқты. Елші мырза, Бас мүфти, ға­лым­дар және достар. Мен Том Стейсимін деп бастады ол сөзін. «Есімім осы тамаша кітап­­ты жариялаған бас­памен байла­нысты. Әріптестерім оны шығару үшін біраз еңбектенді және барлығы ойдағыдай болып шықты деп есептеймін. Кітаптың ағылшын тілді елдерде жоғары бағаланатынына сенімдімін. Бас­пагер ретінде осындай маңызды дүниені шығару біз үшін үлкен құрмет екенін де айтқым келеді. Мен Қазақстанмен жақсы таныс­пын және бұл кітаптың алғашқы аспектісінің, бейбітшілік пен сабыр­лықтың, түсіністік дең­гейінің маңыз­дылығын өз тәжі­рибелерімнен біле­мін. Қазақ­станның қонақжай ел екені дүйім жұртқа мәлім. Ол елде сіз қай дінді ұстансаңыз да сізді құрметтейді. Исламның халықаралық дең­гейдегі беделі осылайша қалып­тасқан. Мен Бас мүфтиді өзгелерге қуаныш сыйлап жүретін адам деп есептеймін. Тіпті, қазірдің өзін­де ол менің сол жағымда тұрып «нұр шашып тұр». Қазақстанда болғанымда Алматыдан Астанаға ұшып бара жатқанда бұл кісіні ұшақта көргенмін. Сонда мен ол кісінің жүзінен жылулық шашырап тұратынын байқап едім. Ол өмірден көбінесе құлшылық ету және Жаратушымен байланыс орнатудан тұратын өз бақытыңды табуға болатындығын көрсетеді. Бұл таңғажайып нәрсе ғой. Менің Қазақстанның өз беде­лін қалыптастыруда таңдаған жо­лының туралығында күмәнім жоқ. Бұрын-соңды ешкім білмейтін елден ол қазір әлем білетін жұртқа айналды және елші мырза айтып кеткендей, Бас мүфтидің бұл еңбегінің арқасында қазір ол кө­пір іспеттес. Біз бұл кітапты бола­шақта Ұлыбританияның барлық уәлаяттарына таратуға тырысамыз. Бұл дүниеге біз бар жүрек лүпілімізді салдық. Оны менің ірі университеттердегі әріптестерім оқыған кезде сезінеді. Кітап жоғары деңгейде жазылған. Осылайша, Исламның беделі ең алдымен Қазақ­станда қалыптасатын болады. Тағы көңіл аударатын бір мәселе Бас мүфтидің бұл еңбегі – ақпаратқа толы дүние. Оны ислам өркениеті туралы жан-жақты сөз етуімен, өзіндік терең талдауымен, қазақ елінің исламға қосқан үлесінің молдығы дәлелденген, парасаттылықпен жазылған, оқыр­манға өте қызықты, ерекше шы­ғарма дегім келеді. Қазақстан Бас мүфтиінің бұл кітабының қосымша тағы да шыға­рылатын мыңнан астам саны АҚШ, Еуропа, Австралия, Латын Америкасы, Азия және Африка елдерінде таратылатын болады. Айта кететін нәрсе, жуырда Қа­зақстанда тағы да болдым. Қазақ­станның Орталық Азия елдері арасында көш бастап келе жатқаны, түрлі салалар бойынша қарқынды дамып жатқандығы таңғалдырды. Астана мен Алматы шаһарларының көркіне, табиғатына, қазақ хал­қының қонақжайлылығына ерекше сүйсіндім. Қазақстан болашағы зор мемлекет». Одан соң келесі сөз Оксфорд университеті Ислам зерттеу орта­лы­ғының PhD докторы, орта жастағы Басил Мұстафаға тиді. Ол «жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының елшісі Қайрат Әбусейітов мырза және шейх Әб­саттар қажы Дербісәлі хазірет, ханымдар мен мырзалар! Бұл ерекше кітаптың тұсаукесерін атап өту үшін бүгін сіздермен бірге болу мен үшін зор құрмет. Кітапты қарап шығуға бар-жоғы бір-екі күн уақытым болды. Бас мүфтидің еңбегі мені барлық жағынан таңғалдырды. Әсіресе, баяндаулары ұнады», дей келіп, еңбекте көптеген күрделі мәселелерге талдау жасалғанын атап көрсетті. «Кітапты оқи келе Қазақстан аума­ғында Отырар, Тараз, Меркі, Түркіс­тан, Исфиджаб-Сайрам, Женд, Сығанақ секілді тағы да басқа мәдени және рухани орталықтар болғанының куәсі болдық», деді ол одан әрі. Одан кейін сөйлеген Кембридж университетінің Орталық азиятанушысы, профессор Сидхард Саксена орта бойлы, үнді текті қара торы кісі екен. Ол «Қа­зақстанмен шамамен 25 жыл танысқанын, Кембриджде Қа­зақ­стан Республикасындағы исламның жаңаруын зерттеп жүргендерін айтты. «Қазақстанға VIII ғасырда жеткен ислам діні өзімен бірге мәде­ниет пен ағартушылық ала келді. Философ Әбу Насыр әл-Фараби, сопылықты ұстанған Қожа Ахмет Ясауи ғылым, білім жолында аянбай еңбек етті. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің бұл кітабы қазақстандықтардың Исламға деген қосқан сүбелі үлесі және батыс оқырмандарына тартуы деп білеміз. Соңғы жылдары Еуропада Ислам фундаментализмі, терроризмі деген шығып, жұртты дүрліктіруде. Қазақстан Бас мүфтиінің мына еңбегі соны жоққа шығарумен де құнды» деп бітірді сөзін ол. Кеш соңында сөз маған беріл­ді. Мен аталмыш рәсімді ұйым­дастыруға қолғабыс еткені үшін елші және елшілікке ризашылық білдірдім. Одан кейін кітаптың жазылу жайына тоқталдым. «Бұл менің 20-шы кітабым. Бірақ ағылшын тіліндегі бірінші еңбегім», – дедім. «Біз Орталық Азия және Қазақстан халқы ислам дінінің, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанып келе жатқанымызға 1000 жылдан асты. Орталық Азия мен Қазақстанда шамамен 50 млн. халық, тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Орталық Азия жә­не Қазақстан халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қал­ған жоқ. Біз ислам өркениетін, мәдениетін байытуға үлес қостық. Имам әл-Бұхари, Имам ат-Тирмизи, Әбу Райхан әл-Бируни, Ұлықбек, Мұхаммед Захир ад-дин Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулатилер түркі халықтарының ортақ мақтанышы. Қазақ даласында Түркістан, Оты­рар (Фараб), Сығанақ, Сауран, Исфид­­­­­­­жаб, Женд, Тараз, Баласағұн секілді үлкенді-кішілі ислам орталықтары болды. Одан барлығы 250-ден астам ғалымдар шықты. Тәуелсіздікті бізге Алла тағала 1991 жылы берді. Біз қазір жаңа ел, жаңа мемлекет құрып жатырмыз. Ең қиын жылдары, 1991-1995 жж. Президент Н.Ә.Назарбаев Еу­ропадағы, сондай-ақ, әлемнің бас­қа да үздік орындарына жас­тарды оқуға жіберді. Англияда да бірнеше мың қазақ жастары оқиды. Қазір Қазақстан халқы 16 млн. Соның 70 пайызы мұсылмандар. Елде 2500 мешіт бар. 1 Ислам университеті, 1 имамдардың білі­мін жетілдіру Ислам институты, 10 медресе жұмыс істеуде. Дін жағынан ешқандай қысым жоқ. Президент Елордада Әлемдік дін­дер лидерлерінің ІІІ съезін өткізді. Осы­ның бәрі аталмыш кітапта айтылған». Сондай-ақ, мен қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми тарихына тоқтала келе, Қазақстанның діні, ділі, келешегі мен бүгініне назар аудардым. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі де асыл дініміз және оның мәдениетімен біте қайнасып жатқандығы, қазақ халқының өзіндік әдебиеті мен мәдениеті бар өркениетті ел екен­дігін қадап айттым. Қазақ жерінен бүкіл әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби, Қауам ад-дин Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани, Хұсам ад-дин Сығнақи, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді мәшһүр ғалымдар шыққандығын айта отырып, олардың шығармашылығына тоқталдым. Кітапты басып шығарған халық­аралық «Стейси» баспасының төр­ағасы Том Стейси мырзаға рахмет айтуды ұмытқан жоқпын. * * * Лондонға барған зиялы қауым өкілдерінің шаһардағы Шерлок Холмс мұражайына соқпай кет­пейтіні некен-саяқ шығар. Бұл есім­мен өз басым өткен ғасырдың 60-жылдары ұшырастым. 1968 жылы Алматының «Жазушы» баспасы «Шерлок Холмс хикаялары» атты кітапты қазақ тіліне Қам­қа Орманбаева мен профессор, көрнекті әдебиетші ғалым Тұр­сынбек Кәкішевтің тәржімасы және алғысөзімен жариялады. Хи­каяның авторы, көрнекті ағыл­шын жазушысы Артур Конан Дойл (1859-1930) еді. Жинаққа ан­нотациясында көрсетілгендей, «Шерлок Холмс» жайлы әңгіме­лердің ең таңдаулылары ғана енген. Оқырман шытырман оқиғаның шие түйінін шатастырмай шешетін тапқыр, ғажап қабілет иесі Шерлок Холмспен танысады. Көп елдерде әдетте шығарманың авторы Артур Конан Дойлдан гөрі, оның атақты персонажы Шерлок Холмс кө­бірек мәлім. Кеңестік кезеңде бір­қатар киностудиялар Шерлок Холмс туралы көркемфильмдер түсірді. Сонымен, Лондонның Бейкер Стрит көшесіндегі көрнекті жазу­шының мұражайына бет алдық. Кинофильмдерде ол көше бұры­лыңқылау болатын. Сөйтсек, өмірде керісінше көше тік және ұзын екен. Сөйтіп, ұзамай Лондонның Бей­­кер Стрит көшесіндегі Артур Конан Дойлдың мекенжайына келіп тоқтадық. Ол үлкен жолдың батыс жағында тұр. Төрт қабатты. Бірінші қабатта шағын дүкен бар екен. Онда өткен ғасырда, яғни Шерлок Холмс кезінде жұрт пай­даланған заттар, базарлықтар. Қал­ған үш қа­бат жазушының каби­неті, жатын бөлмесі, қалам­гер­дің атақты шығар­масы кейіп­керлерінің мүсіндері, жазушы пай­даланған заттар және т.б. Үйдің кіреберісінде ХІХ ғасыр­дағы полицейдің киімін киіп алған жігіт әрі-бері жүр. Кейбіреулер оған өтініш жасап, онымен суретке түсуде. Келушілер көп. Арасында жапон, қытай, орыс, француз, үнділер де ұшырасады. Мұражай бөлмелері шағын. ХІХ ғасырда үйлер осылай салынды ма екен деп ойладық. * * * Күн жұма. Лондонда тұратын бір топ қандастарымыз сәлем берейік деп іздеп келіпті. Олар­дың кейбірі тұсаукесерде болған. Әң­гімелестік. Олар негі­зінен Түр­кия­ның қазақтары екен. Ке­зінде Ұлы­британия астанасына жұмыс іздеп келіп, тұрақтап қалған. Осы жерде бірі­мен-бірі қыз алысып, қыз берісіп жат­қан­дары да жоқ емес. Ұлыбританиядағы қазақтар бірлестігінің де төрағасы бар екен. Ол Исмаил Кесіжі деген азамат. Ізет көрсетіп, иіліп төсек, жайылып жастық болып жатыр. Қазақстанға барып тұрады екен. Елден хабары мол. Әлем қазақтарының құрылтайына үнемі шақырылып тұратын көрінеді. Сонымен, жұма намазын Ұлыбритания астанасының түрік­тер көбірек шоғырланған Әзизиа мешітінде оқитын болдық. Ол орталыққа жақын жерде екен. Мешіт бірнеше қабатты. Асты мейрамхана, үсті намазхана. Ертерек келдік. Бізді Фахри Балтан есімді имам қарсы алды. Ал найыбы (орынбасары), әрі азаншысы ұлты қазақ Матин Елші деген ініміз болып шықты. Имамның бөлмесіне біраз қазақтар жиналды. Түрікше, ара-арасында қазақша да сөйлесіп қоямыз. «Хабардың» тілшілері де жетіпті. Олар да сұхбатты түсі­ріп алды. Лондондық қазақ бауы­ры­мыздың бірі сұхбат та беріп үлгерді. Сол бауырымыздың айтуына қарағанда, Лондонда 30-дан астам қазақ отбасылары тұрады. Солардың арасында есімде қалғаны Абдусалам Саваш ініміз. Ол барынша қонақжайлылық көрсетіп, маған шапан жапты. Лондонда тұрсақ та халқымыздың әдет-ғұрпын ұмыт­паймыз, дейді ол. Матин Елші ініміздің осында бас имамның орынбасары болғанына біраз болыпты. Бас имам екеуі маған жұма намазының алдында уағызға шығуды өтінді. Жалпы, 10 млн. тұрғыны бар Лон­­донда 2 млн. мұсылман бар де­седі. Шаһарда 300-ге жуық мешіт, ал намазханаларымен есептегенде 1000-нан астам Алла тағала үйлері жұмыс істеуде. Бұл осындағы мұ­сыл­ман жамағатының бірлігі мен ынтымағы үлкен қауымға айнал­ғандығын аңғартады. Мен әлемдегі тыныштық, діндер мен ұлтаралық түсіністік пен достық, сыйластық жайлы сөз еттім. Қазақстандағы 26 ұлттан тұратын мұсылмандар мен өзге де ұлттар өкілдерінің Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ынтымақ пен бірлік арқасында Қазақстанның мұсылман елдері арасында беделінің жоғары екенін, ЕҚЫҰ мен Ислам ын­тымақтастығы ұйымына да төр­ағалық еткенін, әлем халықтарына тыныштық пен сыйластық, мұсыл­мандарға бірлік пен татулық тілеп бата жасадым. Сонан соң жұма намазы бас­талып кетті. Мешіт халыққа лық толды. Барлығы дерлік түрік­тер. Ара-арасында арабтар да ұшырасып қалады. Ұлыбританияда бірқатар шір­кеулер Еуропаның басқа да елде­ріндегідей ешкім бармай қаңы­рап бос қалып жатқандықтан, Түркия­лық бауырларымыз оларды сатып алып, мешітке айналдырып жатыр екен. Намаздан соң қандастарымыз бас мүфти құрметіне деп мейрамханада қонақасы берді. Оған қазақтардың әйелдері, балалары да келіпті. Қазақ бауырларымыздың келіншектері түріктерше киінген. Кейбірі Қазақстандағыдай да киінгендері байқалады. Сұхбат құрып отырмыз. Келін­шек­тердің бірі: – Мүфти хазірет, мұсылман қыз­­­дардың мұсылман еместерге тұр­­­мысқа шығуына бола ма? – деп сұ­рап қалды. – Жоқ, болмайды. Дініміз оны құптамайды, – дедім. Келіншектер өзара: – Әне, айтып едім ғой! – десіп қалды. Бұған қарап мен бұлардың ара­сында осындай проблема бар екен-ау деп ойладым. Енді қайтсін. Өздері аз. Қашанғы өзара құда-жегжат болып, қыз беріп, қыз алыса берсін. Ұзамай бауырларымызбен қош айтыстық. Ендігі барар жер – Лондон орталығындағы Ұлы­британия Орталық мұражайы. Онда Англия мен Сауд Ара­биясы Корольдігі бірлесіп ұйым­дастырған қажылық көрмесін тамашаладық. Мұражайдың басшысы Венеция Портер ханым бізді көрме залын­дағы жәді­герліктерді көрсетіп, мұра­жай­ды аралатты. Кездесу со­ңында аталмыш көрме жайлы сөз ететін кітапты тарту етсе, мен де «Қа­зақстан» атты түрлі-түсті кітапты сыйладым. Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. _______________________________ Оксфорд университетінің профессоры Басил Мұстафа (сол жақта) және Кембридж университетінің профессоры Сидхарт Саксена (оң жақта).