13 Ақпан, 2014

Бәйге төрінде бәсеке күшейді

394 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
SochiКүннен күн асқан сайын Сочиде өтіп жатқан XXII Қысқы Олимпия ойындары бәйгесі төріндегі бәсеке күшейіп келеді. Сол шайқастардың шарпулары шығар, ондағы нәтижелер мен көрсеткіштер әр сайыстан соң өзгеріп, топ басындағылардың таласына түзетулер еніп жатыр. Мұны біз есебін беріп отырған сейсенбі, 11 ақпан күнгі кестесі де көрсетіп берді. Таңның тарапы Канада құрамасының жалпы есепте бірінші болып тұрғанына куәлік еткенімен, екінді еңіске құлаған шамада көш тізгінін Норвегия құрамасы ұстады. Ал түнге қарай медаль санын арттырған арыстан жалды түбек жігіттері сол тұғырларын тиянақтай түсті. Бірақ негізгі қарсыластарымен алтын медаль саны бірдей болғандықтан, олардың арқаны кеңге салуға әдділері жоқ-тын. Бұған қоса, соңдарынан «қос ат мініп, қуғынға шыққан» тегеурінді толқын қарасының дүбірі де тым жақыннан естіле бастап еді. Бұл күні 8 медальдің жиынтығы сайысқа түскендердің де, оларды қызықтаушылардың да делебелерін қоздырып, дегбірлерін қашырды. Қазақстан спортшылары осылардың үшеуінің үйіріне үлес қосты. kuzin_2013_21_03 КӨН САДАҚТЫҢ КӨБЕСІ КІМ? Олимпиялық қозғалыстың сонау Пьер Кубертен заманында өмірге келіп, өнегеге айналған «Басты мақсат – жеңу емес, қатысу» деген қанатты қағидасы бүгінде, сөз жоқ, өзінің әуел бастағы сол құндылығын уақытпен бірге біртіндеп жоғалтып келеді. Қазір Олимпиадаға келгеніне ғана мәз болып, айналасына қызықтап қарап, аузы ашылып жүретін аңқаулар мен аңғалдар жоқ. Ендігі олимпиадашылардың көпшілігі көкірегінде бір-бір көлдің толқыны тулап, бір-бір таулардың төбелері тербетіліп тұрады. Соның ішінде мұнда тұяқ іліктіріп келгендердің кемінде 70-80 пайызы Ойындардың тұғырына көтеріліп, мойынға жүлде тағып қайтуды армандайды. Осындайда баяғы батыр бабаларымыздың «Көн садақтың ішінде көбе бұзар жебе бар» деген жыр жолдары еріксіз ойға оралар еді. Сол кезде біздің бүгінгі саңлақтарымыздың арасындағы күндердің күні болғанда, толарсақ терге толғанда, көбе бұзып, жарқ етіп, жеке шыға келер кім екен, деп тоқсан ойдың толғауына түсеміз. Шынында, көн садақтың жебесі кім? Ол кешеден бастап сырғанақ жолды сыпыра тартуға кіріскен конькиші Денис Кузин (суретте) бе, әлде бүгін бірінші рет мұзды алаңға мән қосатын мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен бе, болмаса ақпанның 14-інде өзінің басты жарысы – 15 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруге шығатын шаңғышы Алексей Полторанин бе, қайсысы? Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Шегірен былғарысындай» күн санап қысқарып келе жатқан осы өлшеулі уақыт қысқан шекті, мұның түйіні тезірек шешілгенін қалайды көңілі құрғыр. Алайда, тап осы толғамның толымды бір тарқауын қайсыбір күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі беріп үлгерген еді-ау. Біздің сол тұжырымнан асып айтарымыз жоқ. Ал Президент ақпанның 7-сі күні Адлердің аумағында, дәл жарыс жолдарының жонында біздің олимпиадашылармен кездесуінде артық-кемі жоқ: «Сіздердің әрқайсыңыздың олимпиадалық лицензияны жеңіп алуыңыздың өзі – спорттық жолдағы үлкен жетістік», деген еді. Расында да, солай. Жаһан жүзінде тап осы лицензияға жете алмай, жолда қалған спортшылар қаншама! Ендеше, кіл құйғытып шабатын жүйріктердің ішінен суырылып шыққандардың да әрбірі құрмет пен қошеметке әбден лайық. Бірақ дәл сол кездесуде Мемлекет басшысы әлгіндегі бағадан кейін іле-шала: «Біз Лондон Олимпиадасынан кейін спорттық жетістіктеріміздің деңгейін жоғары көтерген едік, мен енді сіздерге де сондай жаңа жеңістер тілеймін», дегенді қоса айтқан болатын. Демек, бәрібір көбе бұзар жебе керек, жігіттер! Онсыз болмайды. Әлбетте, Пьер Кубертен мырзаның ескертпесі де есте, дегенмен, біздің де өз биігіміз бар екенін көрсететін кезеңіміз келіп-ақ тұр.   ТАУ БАСЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ТАЛАС Бұл күні де біздің спортшылар қатысқан жарыстар түс ауа басталды. Оның дертесін шаңғышы ерлердің еркін әдістегі жеке спринті ағытты. Тау басындағы «Лаура» кешенінде осылайша шаңғы жарысының ең қысқа қашықтықтағы жарысына да кезек келді. Мұндағы жарыстың көрігін қыздыруға 86 шаңғышы қатысты. Бізден осының алдындағы жалпы ұзындығы 30 шақырымдық классикалық және еркін стильдер бойынша жүгіруге қатысқан Алексей Полтораниннің орнына осы кезге дейін трассаға шыға қоймаған Николай Чеботько жіберілді. Жігіттеріміз арасында ең тәуір нәтижеге де сол жетті. Квалификацияда 30-сөреден көрінген Николай ширек финалда 5-орынды місе тұтып, финалға өте алмады. Бұл оның қорытындыда 25-орынға тұрақтағанын айғақтап берді. Ал қалған екі жігітіміз – Роман Рагозин мен Денис Волотка іріктеу сайысының қалың бұрқағында қалып қойды. Олардың еншілеген орындары тиісінше 33 және 58 болды. Жарыстың тұғыры түгел Скандинавия жігіттеріне бұйырды. Үш орынды да тілдері мен ділдері ұқсас ұлыстардың ұрпақтары иеленді. Атап айтқанда, бас бәйгені норвег Ола-Виген Хаттестад жеңіп алса, келесі орындарға шведтер Теодор Петерсон мен Эмиль Йенссон жайғасты. Негізгі күрес бұлардың алдыңғы екеуінің арасында өтіп, ол мәреге жеткенше тынған жоқ. Бір тәуірі, біз араға сағаттан астам уақыт салып, төмендегі «Адлер-Арена» кешеніне келгенде, мұнда конькиші әйелдердің 500 метрлік жарысы әлі аяқтала қоймаған екен. Екі жүгірістен тұратын мәреге бізден Екатерина Айдова қатысты. Әлбетте, ол «көбе бұзар жебеміз» емес еді. Былтырғы күзде ғана Астанада өткен Әлем кубогы кезеңі жарысына қатысып, алдына жан салмаған тұйғындай корей қызы Санг-Хва Ванкувердегі жеңісін жалғастырып, Олимпиаданың екінші дүркін чемпионы атанды. Бұған қоса, ол бір жүгірісінде – 37,28, ал қоссайыс қорытындысында 74,70 секунд көрсеткішімен Олимпиаданың екі бірдей рекордын жаңартты. Нәтижесінде, күміс медаль Ольга Фаткулинаға, қола жүлде Маргот Боерге бұйырды. Біздің спортшылар бәрінің соңынан әйелдердің 10 шақырымдық биатлон жарысына қатысты. Жасыратыны жоқ, біз оны көруге бармадық. Тіпті, барғымыз келсе де, қайтадан тау басындағы «Лаура» кешеніне жетіп үлгере алмас едік. Оның үстіне, қыздарымыздың сол сайыстан маңдайлары жарқырап шыға келетіндеріне көңіл иланбады. Расында, солай болды. Беларусь қызы Дарья Домрачева топ жарған сол бәйгеде біздің саңлақтардың алды – Елена Хрусталева көмбеге 37-болып келді. Сонан соңғы Дарья Усанова 41-нәтиже көрсетті. Осымен, жарыстың тағы бір күні өтті. Ал кеше кешке жарыс жолына шанашы қыздар мен конькиші жігіттер шықты. Бұлардың үшінші-төртінші жүгіріс түрінде болған финалдық айқасына Елизавета Аксенова, келесісіне Денис Кузин қатысты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден. _______________ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК ● Қазірге дейін Олимпия ойын­дары­ның әртүрлі ареналарында өтетін жа­рыс­тар үшін 924 802 билет сатылды. ● Сочидегі Олимпиадаға байланыс­ты Ресей армиясының күн тәртібіне өзгеріс енгізілді. Оңтүстік әскери округінің әскери қызметкерлерінің телевизор, соның ішінде Олимпия ойындарын көрулері үшін қосымша 4 сағат бөлінді. Бұл тәртіп 23 ақпанға дейін сақталады. ● Олимпиада астанасында Мол­до­ваның елшілігі ашылды. Дипло­ма­тиялық миссия курорттағы отель­дердің біріне қоныс тепті. ● Кубань өлкесінің кітапханаларында олимпиялық марафон күндері спортқа, саламатты тұрмыс салтына қатысты 4 миллионнан астам кітап пен журнал оқылыпты. ● Олимпия ойындары транс­ляциясының рейтингін АҚШ телеарналары бастап тұр. Бұл елде 6-9 ақпан ара­лығында ғана 103,15 млн. адам Сочиге қарай көз тіккен екен. ● Филиппин мәнерлеп сырғанаушысы Майкл Кристан Мартинес Олимпиадаға келуге ақша алу үшін анасының үйін кепілге қойыпты.