13 Ақпан, 2014

Қазақстанды өз Отаны санайды

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сочиде Қазақстаннан қоныс аударғандар да кездеседі. Қарағандыдан келген ер адаммен көшеде кездесіп қалдық. Аялдамада автобус күтіп отырғанымызда жанымызға келіп, қазақша амандасты. Сочи-Дастан Қасымызға келген бетте: «Халдерің қалай, қазақтар? Амансыңдар ма?», деп ана тілімізде жөн сұрасты. Өзі Ресейге 15 жыл бұрын көшіп келген екен. Қарағандыда тұрыпты. Қазір Сочиде тұрады. Аз-кем әңгімелескенімізде бізді алыс­тан көріп, сырт киіміміздегі «Kazakhstan» деген жазуды көрген соң, арнайы қасымызға келгенін айтты. Сочи туралы сұрағанымызда, бұл жерде басқа қалалардан гөрі халықтың тұрмыс жағдайы жақсы екенін жеткізді. Дегенмен, Қазақстанда туып-өскен соң, біздің елді сағынатынын да жасырмады. Өзі көп сөзге жоқ адам екен. Осылай онымен жөн сұрасып, қоштастық. Екінші адаммен де көшеде кездестік. Көшені жаяу ара­лауға шығып, дем алып отыр­ға­нымызда жанымызға жасы 40-тан асқан келіншек келіп, амандасты. Бірден: «Сәлем бердік!», деді. Қасымызда блоггер, munara.kz сайтының бас редакторы Аршат Оразов бар еді. Сол жігіт одан: «Ақтөбеденсіз бе?», деп сұрады. Ол болса Ақтөбеде тұрғанын айтты. Аршат: «Бәсе, біздің жақта адамдармен осылай амандасады», деп қояды. Ол өзін Юлия деп таныс­тырды. Бізді алыстан көргенде соңымыздан жүріп, амандасқысы келгенін жеткізді. Бұған дейін де қазақстандықтарды көріпті. Бірақ олардың жанына келе бергенде автобусқа отырып кеткендерін айтты. Осы кезде Юлияның күйеуі де қасымызға келіп, амандасты. Ол да бұрын Қазақстанда тұрған екен. Нақтырақ айтсақ, Түркістанда туыпты. Осылай, бір күнде бұрынғы екі отандасымызбен кездестік. Келесі күні автобуста тағы бір Қазақстанда тұрған адаммен кездесіп қалдық. Автобуста зейнетке шыққан әйел адам бізді көріп, риза болып отырғанын жасырмады. Осы кезде қасымызға тағы бір әйел адам келе бергенде, бізбен жүрген әріптесіміздің біреуі өз орнын бергенде екеуі тіптен риза болды. Жалпы, бұл елде автобуста үлкен кісіге орын беру дегенді көп біле бермейді екен. Орын бермеу қалыпты жағдай сияқты. Мәселен, автобуста, электричкада болсын жастар әйел адам, жасы үлкен адам түрегеп тұрса да отыра береді. Оған тұрған адамдар ештеңе дей алмайды. Осыдан кейін биатлон жарысына бара жатқанымызда қасымызға тәртіп сақшысы келіп, бұрын Қазақстанда тұрғанын айтты. Ол Степногорскіде тұрыпты. Қазір онда атам қалды, өзім Удмуртияда тұрамын, деді. Содан кейін биатлон жарысына барып, вокзалдан шыға бергенде тағы бір көшеде көліктердің жүрісін реттеп тұрған жол сақшысымен кездестік. Ол Қарағандыда тұрған екен. Сочиге көшіп келгеніне 15 жылдай уақыт болыпты. Ал кеше Олимпиялық паркке бара жатып, электричкада кездескен адамымыз Астанада тұрыпты. Ресейге екі жыл бұрын көшіп келіпті. Ол да бізге электричкада қазақтарды көріп, көңілі көтеріліп қалғанын айтты. Жалпы, Сочиге қоныс аударған адамдардың бәрінің Қазақстанға деген сезімі жақсы екені көрініп тұрды. Бізді көшеде көргенде: «Біздің қазақтар. Біздің Отанымыз», дейді. Онысын жанында жергілікті тұрғындар тұрса да жасырмайды. Бізге де олардың осы сөздері ұнады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.