Экономика • 14 Қазан, 2021

Қазақстанда құс фабрикалары жабылуы мүмкін

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жемдік бидайдың бір тоннасы 150 мың теңгеге сатылып жатыр. Шаруалар бағаны әлі де шарықтатудан дәмелі, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақстанда құс фабрикалары жабылуы мүмкін

Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов «бұлай жалғаса берсе, фабрикалар жабылып тынады» дейді. Бүгінде Ақмола, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстарындағы құс фабрикалары жағдайының мүшкіл екенін жеткізген. Жем 3 есе қымбаттады. Тауық пен жұмыртқаны нарыққа шығару үшін дизель отыны жетпей жатыр. Бұған дейін құс өсірушілер одағы азық-түлік корпорациясынан жемдік қор құруды сұраған еді. Ақша бөлінген, алайда шаруалар құс азығын сатуға асықпайды. Фабрикаларға 650 млн тонна жемдік бидай қажет. Оның үстіне кей өңірлерде субсидия беру тоқтатылған. Руслан Шәріпов бұған бюджеттің тапшылығы желеу етілетінін жеткізді.

Айта кетейік, онсыз да екі есе қысқарған субсидия келесі жылы мүлде тоқтатылуы мүмкін. Қазір құс өсірушілерді фуражды бидайдың құны алаңдатып отыр. Өйткені азық пен тасымал ақысы жұмыртқа бағасының 70 процентін құрайды. Демек, жыл соңына дейін елдегі құс өнімі екі есе қымбаттауы мүмкін. Тіпті нарықты Ресейдің арзан жұмыртқасы жаулауы ықтимал.

Руслан Шәріпов, Құс өсірушілер одағының президенті: - Сиыр мен жылқы еті өте қымбат. Қарапайым халық жұмыртқаны, құс етін жеп отыр. Жем мен субсидия мәселесі шешілмесе олар да қымбаттайды. Біз алдыңғы жылы жемдік бидайдың бір тоннасын 45 мың теңгеге алатынбыз. Қазір шаруалар 150 мың теңгеге сатып отыр. Бұған шамасы жетпеген ақмолалық құс фабрикасы жабылып тынды. Жүз мың тауық босқа қырылып қалды. Біз бидайдан басқасын шетелден аламыз. Валюта болса, күн сайын құбылып тұр. Шаруалар жағдайды түсінер емес. Азықты сатпай, бағаның өсуін күтіп отыр. Ауыл шаруашылығы министріне де талай хат жаздық. Өтінішіміз ескерілмей жатыр. Жұмыртқаға берілетін субсидияның мүлде алынатыны айтылды. 

Құзырлы министрлік бұл мәселе бойынша журналистерге жауап дайындап жатқанын жеткізді. Біз халық пен билік арасындағы көпірміз, ол түсінікті. Тек құс өсірушілердің сұрауы ескеріле ме? Оны уақыт көрсетеді.