13 Ақпан, 2014

Ерліктің ескерткіші

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеңес Одағы кезіндегі кеудемсоқ саясаттың халқымызға көрсеткен құқайы аз болған жоқ. Ауған жерінде болған соғыс өрімдей талай жастың өмірін жалмады. 1979 жылдан 1989 жылға дейінгі уақытта Қостанай облысынан ауған жерінде 44 жігіттің сүйегі қалды, екі жауынгер іс-түзсіз жоғалып кетті. Изображение 002 Отаннан жат жердегі соғыс Кеңес Одағы кезіндегі саясаттың салқыны болса да, жас жігіттер жауынгерлік парызға адалдық танытып, оққа ұшты. Соғыстан қайтып оралмаған балалардың бейбіт күнде ата-анасы аңырап қалды, олардың көпшілігінің әлі де көзі тірі. Баласының балғын бейнесі осы күнге дейін ана жүрегін тілгілейді. Осы шараға келген он баланың анасы Бақытжамал Жұмағұлова апай көз жасын тыя алмады. Оның 1981 жылы әскери борышын өтеуге шақырылған тұңғышы – Балағазы Ауғанстандағы соғысқа жіберілген еді. Содан хабарсыз кетті. – Қаза тапқан балалардың мәйітін ата-аналарына жеткізіп берді, бейіттің басына барып, құран бағыштап, мауқын бас­ты. Менде ол да болған жоқ. Баламның не өлі, не тірі екенін білмей, не күдер үзе алмай осы күнге дейін алаңмын. Мына ескерткіштің ашылғанына сондай толқып тұрмын. Жиырма бес жылдан бері тірі болса бір хабары шығар еді, соңғы жылдары ұлымның бұл дүниелік екендігінен күдер үзе бас­тадым. Осы ескерткішке келіп, баламның рухымен тілдескендей болып жүрермін, құран бағыштармын, – деп толғанды Бақытжамал апа. Оларды тек анасы ғана емес, туған жер, Отан-ана ұмыт­пайды. Ауғандық жауын­гер-интернационалистерге Қос­та­найда ашылған мемориалдық ескерткіш соның айғағы дер едік. Ескерткіштің ашылуына жауынгер-интернационалистер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери-патриоттық клубтар курсанттары, әскери қызметкерлер және жалпы жұртшылық өкілдері жиналды. – Сол әділетсіз соғыста қа­за болған әр боздағымыз есі­міз­де. Біздің күшіміз – ерлік іс­тер­ді дәріптейтін ұрпақ сабақ­тастығы және бейбіт өмір­дің бағасын білуімізде, – де­ді мемориалдық ескерт­кіш­тің ашылу салтанатын­да об­лыс әкімі Нұралы Сәдуа­қа­сов. Ескерткіштің жамылғысын сыпыру құрметі Нұралы Мұс­тафаұлымен бірге Ауған­стан­дағы және жергілікті соғыстар ардагерлерінің облыстық ода­ғы­ның төрағасы Манарбек Сұл­танғазинге берілді. Өткен ғасырдың 70-80-жылдар арасындағы он жылда Қостанай облысынан ау­ған соғысына 1864 адам шақырылған. – Мен ауған соғысына қатысқанымда жасым 27-де болатын. Соғыста 18-19 жастағы балалардың оққа ұшқанын көру қандай ауыр еді... Әр шабуылға шыққанда «қайтып ораламыз ба, жоқ па?» деген ауыр ой еңсені басатын еді. Алайда, ұрысқа кіргенде санада әскери тапсырманы орындаудан басқа ой қалмайды. Соғыс ешқашан шығынсыз болмаған. Ал ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді ұмытпау – кейінгі ұрпақтың парызы,–деді Ауғанстан соғысының ардагері, отставкадағы подполковник Анатолий Харченко. Мемориалдық ескерткіш ауған соғысының мазмұнын айтып тұрғандай. Қызыл гранит Ауғанстан жеріндегі тауларды көзге елестетеді. Жауынгер қалпағы, Калашников автоматы және қауызын енді жарған екі қызғалдақ қыршынынан қиылған жастың өмірін білдір­гендей. Мәрмәр тасқа соғыстың созылған жылдары – «1979-1989» деп ойып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Ауғанстан және жергілікті соғыстар арда­герлері республикалық ода­ғы­ның төрағасы Шәріп Өтегенов әділетсіз соғыстың құрбандары мен олардың ерлігіне құрмет ретінде осы ескерткішті орнату бастамасын қолдаған облыс және қала басшылығына рахметін айтты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Соңғы жаңалықтар