Саясат • 15 Қазан, 2021

Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының айнасы

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел астанасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген 10 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының айнасы

Жиын басында жаңа жинақтың әдеби-рухани маңызына тоқталған Мемлекеттік хатшы: «Ұлы жыраудың со­ңында қалған соқталы шығармаларын ұлт­тың игілігіне жаратып, келер ұрпаққа жеткізу – біз үшін ұлағатты парыз, асыл аманат. Ме­рей­тойлық жылы ақын шығармаларын насихаттап, халыққа жеткізуде респуб­лика көлемінде көп­те­ген мәдени іс-шаралар жүзеге асы­рыл­у­да. Солардың бірі Мемлекеттік ко­мис­сия қабылдаған шешімнің аясында жарық көрген осы көптомдықтар дер едім», деді.

10 томдыққа Жамбыл Жабаевтың өткен ғасырдың басынан бастап дүние салғанға дейінгі өлеңдері мен айтыстары, жырлары топтастырылды. Сондай-ақ ақын шығармашылығына қатысты ғалымдардың ғылыми зерттеулері, көр­некті ақын-жазушылардың есте­ліктері енген. Айта кетейік, он томдықты құрас­тырған – жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы. 

«Бұл жинақ жамбылтануға қосыл­ған үлкен үлес, халқымыздың рухани қазынасын молайтқан іргелі ең­бек деп есептейміз. Жыр алыбы Жамбыл­дың бүкіл мұрасы, оның өмірі мен шығар­машылығы туралы естеліктер мен ғылыми зерттеулер, Жамбыл библиографиясы тұңғыш рет толымды басылым ретінде жарыққа шықты», деген Қырымбек Көшербаев туындының қазақ руханиятына қосылған олжа екенін атап өтті.

Мемлекеттік тапсырыспен 30 мың данамен шыққан бұл жинақ республиканың кітапханаларына таратылады. Бұл туралы айтқан Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова ақын мерей­тойы қарсаңындағы жобаларды атап өтті.

«Биыл мамыр айында Беларусь, Әзербайжан елдерінде «Жамбыл» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Маусым айында Канадада «Жамбыл тойы – жыр тойы» атты деректі фильм көр­сетілді. Сондай-ақ елімізде Жамбыл жылы жариялануына байланысты ха­лық­аралық қазақ-қырғыз айтысы өтіп, ел атынан қатысқан 8 ақынның ішін­де Айбек Қалиев бас жүлдеге ие бол­ды», деген министр ақынның таңда­малы шығармалары қырғыз тіліне аударыл­ғанын, ақын шығармашылығын ғылыми зерттеу бағытында «Жыр алыбы» және «Ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы тарих айнасында» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Жамбылға жа­ңа­ша көзқарас» атты мақалалар жинағы шығарылғанын айтты. 

Жамбылды зерттеген ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ақынның әлемдік аренадағы орнына тоқталды. «Телегей-теңіз Жамбылдың жырлаған эпостары мен дастандарын қосатын болсақ, жүзден аса томға жүк болуы мүмкін. Соншама еңбекті ықшамдап, 10 томдыққа жинақтап, 30 мың данамен басып шығару – үлкен еңбек. Әсіресе, қазіргідей кітап таралымының азайған уақытында осынша тиражбен шыққанына ерекше қуанып отырмыз. Жамбылды зерттеген сайын тереңіне бата бересің. Ол табиғатынан жетім-жесірдің, көптің, жоқтың сөзін сөйлеген адам. Жамбылға баға берген адамдар көп, бірақ соның ішінде ерекше екі асылды атауымыз керек. Оның бірі – Ғабит Мүсірепов. 1972 жылы Жамбылдың 125 жылдығында ол «Феномен – феникс» деген мақала жазды. Одан кейін ерекше баға берген – Мұхтар Әуезов», деді ғалым.

Сондай-ақ Жамбылдың ұлт тарихын­дағы атқарған еңбектеріне тоқталған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ақын мұраларын бүгінгі қоғамда қолданудың жолдарына тоқталды. «Жамбыл жай ақын емес, елдің генетикалық кодын жаңғыртқан, тарихи тұлғалардың есімі мен ерлігін, тарихи оқиғалардың мәні мен маңызын қалпына келтірген эпик ақын. Оның шығармашылығы ұлы даланың сан ғасырлық шежіресі мен трагедиясын сипаттайды. Ақынның биылғы мерейтойына келсек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Осы орайда білім саласындағы оқу бағдарламаларына Жамбыл шығармаларын енгізудің сабақтасқан жүйесін жасауды ұсынамын. Одан кейін жыр алыбының мұрасын тек әдебиеттанудың нысаны қылмай, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым сала­сы­ның ортақ нысанына айналдыруымыз керек», деді ол.

Жамбыл шығармашылығын түркі халықтары арасында насихаттауда Халық­аралық Түркі академиясы бір­қатар жобалар атқаруда. Осы орайда сөз алған Түркі академиясының прези­денті Дархан Қыдырәлі ақын шы­ғар­машы­лығының мәні мен маңызын атап айтты.

«Кеше ғана Мемлекет басшысы «Ұлт­тық рухани жаңғыру» бағдарла­масын ұлттық жоба ретінде бекітті. Жамбыл сол ұлттық рухани жаңғырудың өзегі –ұлттық кодты бүгінге жеткізуші, күл­лі түркі әлеміне ортақ тұлға. Ол есте жоқ ықылым заманнан бері сонау Йоллығтегін, Тоныкөктен бастау ала­тын дәстүрдің сарын-сарқыты, елдік­ті, ерлікті жырлаған абыз жырау. Халық­аралық түркі академиясы да Прези­дент жарлығынан кейін осы жылды – Жамбыл жылы деп жариялады. Қырғызстанда Жамбылға арнап ең үлкен айтыс өткіздік, шығармаларын қырғыз тілінде шығардық», деді.  

Айта кетейік, жинақ құрастырушысы Нағашыбек Қапалбекұлының айтуынша, Жамбылдың алғашқы хатқа түскен шығармаларынан бастап бүгінге дейінгі үш тілде 4 томдық библиографиялық көрсеткіші дайындалған. Он томдыққа қазақшасы беріліп отыр. Бұдан бөлек Алматы облысы әкімдігі мен Жазушылар одағының бірлескен «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық жобасы дайындалып болған. Ол осы айдың соңында жарық көрмек.