Өткен демалыс күндері Тараз шекара отрядының шекарашылары заңсыз жолмен шекарадан барлығы 22 бас жылқыны өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ-ның баспасөз қызметі.
«Жасөркен» застава шекарашылары заңсыз жолмен жылқы айдап келе жатқан 2 адамды ұстады, оның бірі Қырғызстан азаматы болса, екіншісі өзіміздің отандасымыз болып шықты. Ұсталғандар 14 бас жылқыны көрші мемлекеттен біздің елге өткізбек болған.
Бұдан бір күн кейін «Шөлдала» шекара заставасының шекарашылары шекараның бұзылғандығын және ондағы белгісіз іздерді анықтаған болатын. Іздестіру шараларын ұйымдастыру нәтижесінде әлгі іздер «Бектөбе» елді мекеніндегі бір үйге алып келді. Үй иесі заңсыз өткен жылқыларды «КамАЗ» жүк көлігіне тиеп жатқан кезде қолға түсті. Ал 8 бас жылқы заставаға қамалды, олардың кейінгі тағдырын шешу үшін істі ҚР ҚК 209-бабының 1-тармағына сәйкес Жамбыл аудандық прокуратурасына беру көзделіп отыр.
Аталған деректер бойынша Жамбыл облыстық құқық қорғау органдары мен Оңтүстік аумақтық әскери прокуратурасы хабарландырылды.