Коронавирус • 15 Қазан, 2021

БҚО-да санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көршілес Ресейде коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты шекарада санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі кезде мемлекеттік шекарада санитарлық эпидемиолог мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастырып отыр.

Оның айтуынша, 1 қазаннан бері мемлекеттік шекарадан 455 жолаушы анықтамасыз өткен. ПТР әдісімен алынған тест бұл адамдарда коронавирус жоқтығын көрсетті. Ал халықаралық жүк тасымалымен айналысатын, анықтамасы болмаған 1089 жүргізушінің біреуінен коронавирус табылды.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша сары аймақта тұрған облыста қазан айында 758 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде 436-сы (58%) ЖРВИ белгілерімен тексерілсе, 206-сы (27%) бұрын ауырғандармен байланыста болған. 108-і (14%) профилактикалық мақсатта, 8-і (1%) эпидемиологиялық қадағалау кезінде қаралған. Бұлардың басым көпшілігі – вакцина алмағандар.

Жас ерекшеліктері бойынша коронавирус жұқтырушылар 41-60 жас аралығында (208) көп болып отыр. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 6,1 пайызға (391-ден 367-ге) төмендеді.

«1 қазаннан бері 135 оқушы және 31 педагогтан коронавирус табылды. Сондай-ақ колледждерде 8, ЖОО-да 8 студент тіркелді. Күні бүгін 8 мектепте 11 сыныптың оқушылары мен мұғалімдерін үй карантиніне көшіру туралы 10 қаулы шығарылды», деп түсіндірді М.Арыспаев.