Президент • 15 Қазан, 2021

ТМД ауқымды апаттардың алдын алуда маңызды рөл атқарды – Тоқаев

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы посткеңестік кеңістіктегі ауқымды апаттардың алдын алуда маңызды рөл атқарды. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ТМД ауқымды апаттардың алдын алуда маңызды рөл атқарды – Тоқаев

«Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда Мемлекеттер басшыларының тарихи кездесуі өтіп, онда Алматы Декларациясы қабылданған болатын. Осынау тағдыршешті құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастығына мығым негіз қалады.

Бүгінде Достастық посткеңестік кеңістіктегі ауқымды апаттардың алдын алуда маңызды рөл атқарып, халықтарымыз арасындағы өзара байланыстарды сақтауға септігін тигізді. ТМД-ның беделді халықаралық ұйымға айналуы да өте маңызды. Осы жылдардың ішінде ТМД кеңістігінде ортақ күш-жігердің арқасында кооперацияның шынайы тетіктері құрылды, қомақты нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Ынтымақтастықтың барлық дерлік саласында бірегей тәжірибе қалыптасты», деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті

Достастық белсенді саяси диалогты дамытуға, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға жағдай жасайтындығын баса айтты.

«Елдеріміздің тиімді интеграциясы ТМД-да еркін сауда аймағын құруға септігін тигізді. Достастық қамқорлығымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы қадамдар да жоғары бағаға лайық. Біздің кездесуміз ТМД елдерінің көпқырлы өзара іс-қимылын қорытындылап, жаңа межесін ашады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.