Президент • 15 Қазан, 2021

Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет – ҚР Президенті

2625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет – ҚР Президенті

«Қазіргі заман болмысы ТМД-ның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық тетіктерін жетілдіруді талап етеді. Бұл саладағы біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі контурасы Әскери ынтымақтастық тұжырымдамасында, сонымен қатар 2025 жылға дейін сыртқы шекараның шекаралық қауіпсіздігін нығайту бағдарламасында белгіленген. Бұған қоса, жүргізілер жұмыста терроризм, діни экстремизм, есірткі саудасынан туындайтын сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мәселелеріне ерекше басымдық беру қажет. Бұл сын-қатерлер Ауғанстанда орын алған жағдайға байланысты бірінші кезекті мәнге ие болып отыр»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президентінің атап өтуінше, Қазақстан ауған мәселесінде БҰҰ ұстанымын қолдайды. Бұл елдегі күрделі гуманитарлық жағдай бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарында болуы тиіс.

«Біздің саяси көзқарасымыз бен жеке наным-сеніміміз қандай болса да, Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет. Бұл істегі нақты үлес ауған халқына гуманитарлық көмек болмақ. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік пен бірінші қажетті тауарларды жеткізуге кірісіп кетті. Бұл жұмысты жүйелеу үшін Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Ауғанстанға дағдарыстың өткір кезеңін еңсергеннен кейін де БҰҰ институттары тарапынан мұнан арғы да жүйелі қолдаудың қажет болатындығы сөзсіз. Осынау маңызды міндетке біз ұсынып отырған Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы бастама жауап бере алады. Достастық елдері осы жоспарлардың жүзеге асырылуына жәрдем беретіндігіне үміттенеміз»,  деді Мемлекет басшысы.