14 Ақпан, 2014

Пойыз бен ұшақта жолақы қымбаттамайды

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Теңге бағамының өзгеруіне байланысты өткізіліп жатқан брифингтер Орталық коммуни­ка­циялар қызметінде өз жал­ға­сын табуда. Осы мақсатта ұйымдастырылған кешегі бас­пасөз мәслихатына «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Ермек Төлегенов пен «Эйр Астана» АҚ-тың үкіметтік, заңнамалық мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі аға вице-президенті Ербол Оспанов қатысты. Олар журналистерге ұлттық валюта бағамына қатысты өз пікірлерін білдірді. Бірінші сөз кезегін алған Е.Төлегенов теңге бағамына қатысты түзетуді өз басы дұрыс қабылдағанын айтты. Сөйтіп, компания жұмысына ойысты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ халықтың белгілі бір бағытқа жедел жетуін қамтамасыз ететін негізгі компаниялардың бірі ретінде өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінеді. Осыған орай, кәсіпорын басшылығы қазіргі күні теңгенің девальвациясына байланысты­  те­міржол билеттерінің құнын қайта қа­рауды жоспарлап отыр­ған жоқ», деп атап өтті АҚ пре­зи­денті. Керісінше, үстіміздегі жылы субсидияланбаған та­сы­мал­дауларға тарифтерді қайта реттеуді ойластырып отырмыз. Соның нәтижесінде жүрдек (коммерциялық) тасымалдау­ тарифтері маусымға және сату­лар­дың деңгейіне байланысты­ азайтылады, деп жалғады сө­зін Е.Төлегенов. Ол айтқан мә­лі­меттерге қарағанда, былтыр теміржол вокзалдарынан 20 млн. 450 мың жолаушы аттандырылыпты. Ол 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 953 мың жолаушыға артық көрінеді. Ал биылғы жылдың осы күніне дейін 1 млн. 675 мың жолаушы аттандырылды. Ол 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда  600 жолаушыға көп екен. Жолаушы тасымалдау шаруашылығының басқа да жемісті жұмыстары туралы әңгімелеген акционерлік қоғам президенті тілшілер тарапынан қойылатын сұрақтарға дайын екенін білдірді. «Эйр Астана» АҚ-тың атынан сөз алған Е.Оспанов теңге құнына байланысты жасалған түзету ұжымдарында қалыпты қабылданып, ешқандай дүрбелең­нің туындауына сеп болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, теңге бағамына қатысты түзетулер орын алғанымен, ішкі рейстердегі билеттер бағасы қымбаттамақ емес. Дегенмен, шығыстың 65 пайызының шетел валютасында жүргізілетініне байланыс­ты, біршама әсерлер болуы бек ықтимал екен. Соның өзінде ішкі рейстер тарифін көтеріп, қымбаттату жоспарланбапты. – Сатылымдардың 70 пайызы теңгеде, яғни ұлттық валютада жүргізіледі. Қалғаны шетелдік валютада жүзеге асырылады. Халықаралық ұшырылымдардың барлығы дерлік доллар, еуромен есеп айырысады. Сондықтан да, бұл ауыр болғалы тұр. Алайда, әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, компания әзірге ешқандай ішкі тарифтерді көтермек емес, – деді Е.Оспанов. Сондай-ақ, «Эйр Астана» 2002 және 2009 жылдардағы жағдайларда да компанияның тарифтерді көтермегендігін тағы бір рет айрықша атап айтты. Баспасөз мәслихатына келіп, тілшілер алдында түсінік берген екі спикерге де алуан түрлі сұрақтар қойылды. Е.Төлегеновке теміржолдағы жолаушы тасымалында жекеменшік сектор да жұмыс істейтіндігі қаперге алы­нып, олардың пойыздағы жол­ақыны қымбаттатуы мүм­кін бе деген сауал тартылды. «Расын айтқанда, дәл қазір біз­дің олармен теңге бағамының тү­зетілгеніне қатысты байланы­сы­мыз бола қойған жоқ. Не­гізі, жағдайды қалай пайдала­ну құқығы жекеменшіктің өзінде. Әйткенмен, олар да табиғи монополияларды реттеу агенттігіне барып қана, тиісті шешім қабылдай алады», деп жауап берді АҚ президенті. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».