14 Ақпан, 2014

Облыстық штаб құрылып, жұмысқа кірісті

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев селекторлық кеңес барысында АҚШ долларына қатысты теңге бағамының өзгеруіне байланыс­ты мемлекеттік мекемелердің басшыларына азық-түлік тауарларының бағасын қада­ғалауды қатаң түрде тапсырды. Соған орай, облыстық штаб құ­рылып, өз жұмысын бастады. Аталған штаб негізгі азық-түлік тауарлары, жанар-жағар­май, дәрі-дәрмектің бағасын қа­таң қадағалайтын болады. Со­нымен қатар, ақша айырбастау пункттерінде алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау мақсатында арнайы жұмыс жүргізеді. Мұндай штабтар облыстың барлық аудандарында жұмыс істемек. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылған штабтың жұмысын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке тапсырылды. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиевке жанар-жағармай бағасын бақылау, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовқа дәрі-дәрмек бағаларын бақылаумен қатар, ақша айырбастау пункттерімен жұмыс жасау жүктелді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен аталған мәселе бойынша Тараз қаласы және аудан әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген селекторлық жиналыс болып, тағы бір пысықталды. Тақырып – негізгі азық-түлік тауар­ларына күнделікті мониторинг жасап, аймақ басшысына ақпарат беріп отыру. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.