Аймақтар • 17 Қазан, 2021

Бір қызық ит жүгіртіп, аңға шықса...

502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткенінен өнеге іздеген жұрт жеті қазынасын жалықпай түгендеуде. Кешегі кеңес заманында тұқымы тұздай құруға шақ қалған қазақ тазысының бағы жанашыр жандардың арқасында қайта жана бастады.

Бір қызық ит жүгіртіп, аңға шықса...

Ел тәуелсіздігін алғалы рухани қазынаның жүгі жығылған жылдары кесапат уақыт көзін кіреукелеген, тоңмойын дә­уір дидарын зұлмат шымыл­ды­ғымен тұмшалаған ха­лық қазынасы қайта жаң­ғы­рып, еңсесін көтеруде. Таяуда Аршалы ауданында респуб­ликалық тазы иттердің жарысы ұйымдастырылды. Жа­рыстың әр сәтіне қақпан бел, қаншырдай қатқан алты тазыдан қатысты. Шарт бойынша бір шақырым қашықтықтағы аңды қақпақ. Ақылды көздері шоқтай жайнап, аңсырап тұрған тазылар үшін табан қыздырар-ақ қашықтық. Ілкі заманда қара жерде бес-алты қоян қаққан тазы жүйрік деп бағаланған. Төрт-бес қоян ілгені орташаның төңірегінде. Сол тазылардың сарқыты бүгінде тәп-тәуір. Жел­мен жарысқан жүйріктік сарапқа салынып, алғырлығы айқындалған тазылар ен да­ланың шын жүйрігі кім екен дегендей жер танабын қуырып, көз қуантты. Шамдағай ептілігі де, мойыны қатпаған икемділігі де жоғалмаған екен.

Бағы жанып, бабы келіскен Басар атты тазысы желден жүй­рік желтабан атанып, Көк­шетау қаласынан келген ко­манданың өкілі Баймолла Ерғазы бір қуанып қалды. Екінші және үшін­ші орындарды Алматы об­лы­сының итбегілері иеленді.

Бас жүлде де қомақты. Болат тұяғымен жер тарпыған асыл тұқымды тұлпар сыйға тартылды. Екінші, үшінші орындар үшін берілген сыйлық тазы баптаған итбегілер үшін қанжығаларын майлайтын қомақты олжа болды. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі ASYL QAZYNA ұлттық феде­рациясының мүшесі Ердос Кәрімқожаның айтуына қа­рағанда, жаман тұмауға байланысты өткен жылы жарыс өткізіл­мей қалыпты. Биыл ал­ғаш рет республикалық дең­гейде ұйымдастырылып отыр.

– Бәсеке өте шиеленісті өт­ті. Жарыстың бір жақсы жері әріптестерімізбен кездесіп, тәжі­рибемізді толықтырдық, – дейді екінші орынға ие болған Көкжал атты тазының иесі, Алма­ты облысының өкілі Сұл­тан Исабеков, – тұлпар мініп, тазы ерткен Алаш баласы үшін бұл еріккеннің ермегі емес, ел басына күн туған аштық жылдары бір ауылды бір иттің асырағаны туралы қаншама деректер бар.

Тазының атауының өзі таза деген сөзден шыққан дейді біле­тіндер. Сайын даланың көр­кі іспетті жүйрік итті жүгір­тіп, сейіл құ­рудың өзі Алаш ба­ласының маңдайына жазылған сыбаға. Қайта жаңғырған, зұл­мат жылдары иесімен бірге қиналған жеті қазынаның бірі текті тұқымын жайып жатса несі теріс?!

Ендігі мәселе таза қанды тазыны сұрыптап, бағзы қалпына, бұрынғы бітіміне жеткізу.