Шығыс Қазақстан облысында қандастарға қанатты қамқорлық жасалып отыр
Жуырда шетелден қоныс аударған қандастардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Ұлан ауданына арнайы бардық. Жолбасшымыз – ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айтқұрман Тұрғанбаев Бозанбай, Аблакет және Егінсу ауылдық округтерінде арғы беттен келген ағайын молынан шоғырланғанын айтты. Өйткені, аталған ауылдар – мал басын өсіріп, егістікпен айналысуға өте қолайлы сулы, нулы тепсеңде орын тепкен екен. Шүйгін қоныс шырайды да кіргізеді емес пе! Алдымен Аблакет ауылдық округіне келдік. Округке Мамай батыр, Аблакет, Бестерек және Желдіөзек ауылдары қарайды. Біз көлік тұмсығын бұрған Мамай батыр ауылында Дәлелқан Әбділдәбек пен Дастан Мақсұтхан ныспылы жігіт ағалары күтіп тұр екен. Бұл азаматтар – 2011 жылы құрылған «Жебелі» ауылдық тұтыну кооперативінің жетекшілері. Дәлелқан – Қытай Халық Республикасының Жеменей ауданынан, Дастан Алтай ауданынан көшіп келген. 2005 жылы көш түзеген ағайындар Мамай ауылына тоқтапты. Әңгімеміз іркіліссіз ағытыла жөнелді. Айтуларынша, алғашқы жылдары аудан әкімдігі Мамай батыр жазығынан 108 гектар суармалы жер кесіп берген. Жер телімін ресімдеуде Жомарт Мұратов, Мейіргүл Құсайынова сынды ауылдың бұрынғы-бүгінгі әкімдерінің көмегі көп тиіпті. Өйткені, шеттің заңына қанық болса да, атажұртында қаріп тануда да қиындық көретін ағайынға тікелей қолдау қажет. Өздеріне тиесілі алқапқа картоп пен көпжылдық өсімдік егіп, екі-үш жыл бойы мотормен суарған екен. Бірақ электр қуатының шығыны өнім түсіміне сәйкес келмеген соң сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алып, Ұранқай өзенінің тоспасынан бастап егістікке дейін арық қазуға кірісіп кетеді. Осылайша он шақырымға жуық арық табанын қолмен қазып шығады. Себебі, жер бедері техника күшін пайдалануға келмейді. Таулы өңір болғандықтан, су деңгейін шығару үшін жартасты, тастақ жерлермен арық жүргізуге тура келеді. Күрек-қайлаға жүгінген қандастарымыз, әсіресе, бес шақырымға жуық арық құрылысы қиынға түскенін айтады. Бір себі тиген жайт, арықты ілкіде, бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапондықтар салған екен. Жылдар өткенде топырақ қыртысының астына көміліп, көмескіленіп кеткен. Осы арық жүлгесімен жүріп отырып, арнаны қайта қалпына келтірген оралман ағайындар үшін азды-көпті маңдайтер өтеусіз қалмады. – 2011 жылы шаруашылығымыз кемеліне келе бастады. Аблакет ауылдық округі мен Сағыр ауылына бөлініп орналасқан 54 оралман отбасының жұмыла кірісуінің нәтижесінде, арық құрылысын аяқтадық. Сонан соң 84 гектар жерге жоңышқа ектік. Көпжылдық өсімдік алқабын мал тұяғынан қорғау үшін тікен сыммен қоршадық. Жоңышқаны былтыр екі мәрте шауып алдық. Оның үстіне 32 гектар жерге картоп саламыз. Былтыр картоп алқабын да қоршадық. Гектарына орташа есеппен алғанда 200-250 центнерден картоп жинадық, – деді Дастан Мақсұтхан. Биыл «Жебелі» кооперативінің өкілдері шаруашылықты кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Бұл тарапта әкімшілікке жер телімін ұлғайту жөнінде өтініш түсіргендерін жеткізді. Кооператив үшін күрделі мәселе – тоғанның жайы. Өткен жылы Ұранқай өзенінің бойында орналасқан шағын бөген қар қалың түскендіктен ағытылып кеткен екен. Қол күшімен лекерлеп қана жасалған тоғанды бекітуге мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе құба-құп. Бұл Мамай батыр жазығының сол жағын да игеруге септігін тигізеді, дейді азаматтар. Кооператив жетекшілері аталған мәселені шешуге аудан әкімі Айдос Садықов уәде бергенін айтты. Дәлелқан Әбділдәбек картоп сақтау қоймасы ретінде жер астынан ұзындығы 40 метр, тереңдігі 3 метр болатын ұраны қолмен қазып шыққандарын жеткізді. Қойма құрылысына Семей қаласында БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы қаржы бөлінген. Кооператив жетекшілері «Жұмыспен қамту-2020», «Агробизнес-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болғанымен, несие алудан бас тартқандарын жеткізді. Шаруашылық нығайып, несиені төлеу қабілетіне ие болған кезде ғана аталған бағдарламаларға жүгінбек. Қуанарлығы, биыл шаруашылық егістігіне демеуқаржы бөлінеді. Бұл орайда Мамай батыр және Сағыр ауылдарында жиын өткізіп, қар жұқа түскендіктен қуаңшылық болу ықтималдығын, егістік жұмыстарына әзірлікті ерте бастап жатқандарын атап өтті. – Жер өте шұрайлы, қарашірігі мол. Кооперативтің егістік техникалары, МТЗ-80 тракторы бар. Алдағы бес жылда техниканы жаңалауды жоспарлап отырмыз. Облыс пен аудан орталығы да жақын. Өнімімізді сатып пұл қыламыз. Қосымша мал өсіреміз. Бәрінің әлеуметтік жағдайымызды жақсартуға себі тиіп тұр. 54 отбасы аз жылда баспана сатып алды. Ауылымызға тағы 9 отбасы көшіп келген еді. Енді оларға да жер телімін беруді көздеп отырмыз. Бір-бірімізге қарайласып, қолдау көрсетіп отырамыз. Балаларымыз мектепте, жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Ауылдың байырғы тұрғындары бізге әрдайым қолдау көрсетеді. Қытайдан көшіп келген қандастар арасында шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар да бой көрсете бастады. Мамай ауылында екі дүкен, Сағыр ауылында кірпіш цехын аштық. Көпшілік монша салуды жоспарлап отырмыз, – деді Дәлелқан Әбділдәбек. Әу баста «Жебелі» кооперативінің атауы жебедей зымырып, үкілі үміттерге жете беру ниетімен қойылған екен. Дұрыс қойылған атау екендігіне шүбәміз қалмады. Әрі қарай Тарғын ауылына жол тарттық. Күре жолдың бойында, таудың аңғарында отырған ауылда «Алтын ТӨС» кооперативінің жетекшісі Солтанхан Қасымханмен кездестік. Ол 2006 жылы Шыңжан өлкесінің Алтай қаласы Алағақ ауылынан көшіп келген. Майқапшағай кеденінен өткен соң Зайсан ауданында бір айдай қонақтап, Ұлан ауданына түпкілікті қоныстанған екен. – Елімізге келгенде алғашқыда абдырап, не істерімізді білмедік. Ел мен жердің сырын білмейміз. Қытайда төте жазумен жазғандықтан, кириллица қарпін үйрене алмай қиналдық. Алайда квота мен азаматтық алуға, тіркеуге тұруға құжат толтырып жүріп дағдылана бастадық. Біз, Қазақстанға Отанымыз, қайда жүрсек те байырғы ата-бабаларымыздың қонысы деп келдік. Қазақ елінде, көк тудың астында жүрсек деген арманымыз болды. Әйтпесе, Қытай Халық Республикасында қиындық, жәбір-жапа көргеніміз жоқ. Ол жақ – туып-өскен жеріміз. Десе де, ұлттық болмысымыз, рухани тамырымыздың келешегі Қазақстанда екенін сезіндік. Сондықтан үйренген жерді, кәсібімізді артқа қалдырып, ұрпағымызды атамекенімізде өсіру үшін жеттік. Қазір көштен озбасақ та, ел қатарлы күн кешіп жатырмыз. Екі балам Тарғын ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы орта мектепте кілең бестікке оқыды. Бірі Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің математика, физика және технологиялар факультетін тәмамдап, мектепте математика пәні мұғалімі болып еңбек етуде. Екінші ұлым Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің металлургия факультетінің 3-курс студенті. Қоғамдық жұмысқа да белсене қатысып, «Ұя» атты университет тобының мүшесі болып жүр, – деп өз жайынан мағлұмат берді Солтанхан Қасымхан. Тарғын ауылында Қытай мемлекетінен көшіп келген 37 отбасы бар. Барлығы да бір жыл ішінде өз қаржыларына баспана сатып алыпты. Солтанханның айтуынша, «Алтын ТӨС» кооперативін алғаш өзі құрғанымен, жетекшілігін өзге адам атқарып, жұмысы жүрмеген көрінеді. Кооператив мүшелерінің шешімімен тізгінді өткен жылы қолға алыпты. – Егіндаладан 18 гектар суармалы алқап бөлінді. Тарғын өзені арқылы суарамыз. Сараптама жүргізіп, картоп дақылы жақсы өсетінін анықтадық. Салқын өңір болғандықтан, бидай мен жүгері мұнда пісіп үлгермейді. Картоп өсірумен шұғылданғанымызға үш жыл болды. Өзенде Кеңес өкіметі кезінде тоған салынған екен. Бірақ пайдаланылмай бітеліп қалған. Үш шақырымға созылған осы тоғанды тазалап, су шығарып алдық, – дейді кооператив жетекшісі. Солтанхан кооператив құрамына ауылдың байырғы тұрғындарын да шақырып отыр. Барлық жұмыстар жарғыға сәйкес жүргізіледі. Диқандар егістікте қытай технологиясын қолданады. Биылғы жылы мемлекеттен субсидия алуды көздеп отыр. Қазіргі кезде «Алтын ТӨС» кооперативі үшін негізгі мәселе – ауыспалы егістік алқабына қажетті жер телімінің жоқтығы және өнімді өткізу қиындығы. Оралман ағайындар өнімді сатуда келісімшарттар жасау үшін тіл мәселесі туындайтынын, облыс, аудан орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жеткізуге көліктерінің жоқтығы да кедергі келтіретінін жеткізеді. Аудан әкімінің орынбасары Ісләмғазы Нұғымановтың айтуынша, 1991 – 2013 жылдар аралығында ауданға 795 отбасы көшіп келген. Барлығы – 4298 адам. Дені Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыз. 2 пайыз – Өзбекстаннан келген отбасылардың еншісіне тиесілі. Оларға 19 500 гектар жер берілген. 30 пайызы суармалы алқапқа жатады. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 28 оралманға 63,3 млн. теңге көлемінде несие бөлінді. Аталған қаржыны құс өсіру, құрылыс материалдарын шығару және мал басын өсіру бағытында алған. Соңғы жылдары Ұлан ауданында бос жерлерді игеруге атсалысқандар қатарында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мен Кентау, Шымкент қалаларынан келген отбасылар да бар. Мәселен, Өскемен ауылдық округіне көшіп келген Мақтаарал ауданы, Үтіртөбе ауылының тумасы Әзімхан Битөреев Донское ауылынан жер алып, шаруа қожалығын ашты. 2012 жылы шаруа қожалығын әрі қарай дамыту үшін картоп және көкөніс өсіруге «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. тенге несие, 2013 жылы 17 гектар егіс алқабына өсімдік шаруашылығының шығымдылығын арттыруға арналған субсидиядан 750 мың теңге қаржы алды. Қазіргі уақытта шаруашылығын дамыту мақсатында бизнес-жоба әзірлеп отыр. Егінсу ауылдық округіне келген Сарыағаш ауданы, Береке ауылының тұрғыны Арапбай Орынбаев көкөніс өсірумен айналысуда. Былтыр 29 гектар алқапқа сәбіз, қызылша, қырыққабат, шалқан және картоп егіп, мол өнім алды. Жұмыссыз ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етті. Енді Қытай кәсіпкерлерімен бірлесіп, жылыжай салмақ. Оған аудан тарапынан жер телімі бөлінеді. Жылыжай жанынан жұмысшыларға арналған үй салуды да жоспарлап отыр. – Өңір басшысының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан облысына қатарынан екі жыл барып, ондағы халықты шығыс өңірінде еңбек етуге шақырдық. Оңтүстікте халық көп, жер аз. Ал бізде жер көп, халық аз. Насихатымыз нәтижесіз емес. Былтыр оңтүстіктен 8 адам келді. Сәуір айында 10 отбасы көшіп келмек. Қазір жалға берілетін үйлер мен жер телімін дайындап, құжаттар әзірлеп жатырмыз. Олар алғашқыда салт келіп еңбек етіп көреді. Егер шығыс өңірі ұнаса, егіні бітік шықса, түпкілікті қоныстанады. Сондықтан біз жұмыс орны, ауылдағы үйлердің бағасы, бос жер телімдерінің көлемі туралы айтып тұрамыз. Келіп жатса, қарсы аламыз. Егер көрсеткен жер телімдерін ұнатса, құжаттарын дайындауға, жерді жыртуына, тұқым алуына, техника табуына көмектесеміз. Өз қаржыларымен келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алады. Шын мәнінде олар жер қадірін біледі. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай егіс алқабында жүреді, – деді аудан әкімінің орынбасары І.Нұғыманов. Түйін: Ахмет Байтұрсынұлының мынадай сөзі бар: «Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Білімді болу үшін оқу керек. Күшті болу үшін бірлік керек». Шеттен келген қандастарымыздан осы үш қасиет те көрінеді. Өйткені, басым бөлігі миллиардтар елінен, бәсекелестік бар өлкеден келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бәсекеге қабілеттілік – ұлт сапасының көрсеткіші екенін үнемі еске салып отырады. Сондықтан қандастарымыздан көп нәрсе үйренуге болады. Оның бірі – ерен еңбек үлгісі, кәсіп ашу болса, екіншісі – жерді тиімді пайдалану, үшіншісі – ауызбіршілік. Соңғы жылдары Алматы қаласының маңындағы Талғар, Ұзынағаш ауылдарына, еліміздің оңтүстік облыстарына тығыз қоныстану байқалады. Алайда барлығына жер жете ме, кәсіп жете ме? Қордалы мәселе. Басқа аймақтар да Қазақстанның бір пұшпағы. Әсіресе, солтүстік және шығыс өңірлерге қандастарымызды қоныстандырудың стратегиялық маңызы зор. Шығыс Қазақстан – осы тәжірибені іс жүзіне нәтижелі асырған алғашқы өңірлердің бірі. Тыңда түрен тартуға ертеден отырықшылыққа үйренген оңтүстікқазақстандықтардың үлес қосуы да ел мен жер дәулетін еселей түсері анық. Думан АНАШ. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32