Жуырда Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде кеңейтілген алқа отырысы өткен-ді. Онда агенттік төрағасы Мұрат Оспанов Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Қазақстан халқына Жолдауында қойған ел дамуының жаңа міндеттері экономиканың тиімді инфрақұрылымын құру, тұтынушылар құқықтарын қорғау және тарифтік саясат тетігін жетілдіру үшін жағдайлар жасауды талап ететіндігін айтқан-ды. Сонымен агенттік атқарған және атқаруға тиіс іргелі жұмыстар қандай?
Бүгінгі күні агенттік инфрақұрылымдық реттеуші ретінде 1186 табиғи монополия субъектісі қызметіне реттеліп көрсетілетін қызметті тарифтік және техникалық реттеуді жүзеге асыруда. Табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін қарау жұмысының 2013 жылғы нәтижелеріне келсек, барлығы 1073 өтінім қаралса, олардың 336-сы қабылданбаған. 29 тариф төмендетіліп, 41-і бұрынғы деңгейде қалған. 478-і көтеріліп бекітілген. Доминант субъектілер тарифтер көтеруге 129 хабарлама берсе, оның 55-і бойынша бағаларды көтеруге тыйым салынып, оның ішінде 22 тариф төмендетілген.
Тарифтер заңнама талаптарына сәйкес бекітіледі. 2012 жылы монополистер сұраған кірістер 55 млрд. теңгеге төмендетілсе, 2013 жылы «олардың сұранысы» 175 млрд.-тан астам теңгеге қысқартылған.
Агенттікке берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді сапалы орындау үшін тарифтік саясат жетілдірілуде. Шағын және орта бизнес үшін кедергілер төмендетілген. Бірқатар шағын монополистер тарифтерді өзгертудің хабарлама беру нұсқасына көшіріліп, нормативтік базаны оңтайландыру жүргізілген.
Озық елдердің тәжірибесі бойынша кезең-кезеңмен ынталандырып реттеу енгізілуде. Электр энергиясы саласында өткен жылдан бастап өңірлік электр желілік компаниялар үшін бенчмаркинг әдісімен тарифтер белгіленген. Негізгі қағидат монополист тарифі деңгейінің және оның жұмысы тиімділігінің арасында тікелей байланыстың болуына негізделеді.
Заңнаманы жетілдіру бөлігінде тариф белгілеудің ашықтығын, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылауды күшейту жөнінде заң жобасын әзірлеген. Атап айтқанда, жария тыңдауларды және монополистердің жыл сайынғы есептерін өткізу, доминанттардың электрмен жабдықтау жөніндегі хабарламалары бойынша жария тыңдаулар өткізу тәсілдерін өзгерту көзделіп отыр. Сондай-ақ, заң жобасында монополистердің өтінімді электронды форматта ұсыну мүмкіндігі, ал болашақта осы талапты қою мүмкіндігі көзделген.
Сумен жабдықтау саласында проблемаларды шешу бойынша жұмыс жүргізілуде, кең ауқымды жаңғырту мен реконструкциялау үшін суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін енгізудің 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, іске асырылуда. Бүгінгі таңда Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында кең ауқымды жаңғырту жұмысы басталған.
2013 жылы инвестициялардың жалпы сомасы 12 млрд. теңгені құраса, 2014 жылы шамамен 32 млрд. теңге деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қарыз қаражатын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының ресурстарын пайдалану арқылы жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспар әзірленуде. Аталған жоспар мақұлданып, іске асырылған жағдайда 2020 жылға дейін тозудың 15 пайызға, ал ысыраптар деңгейінің 4 пайызға төмендеуі жоспарланған.
2013 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар сомасы шамамен 230 млрд. теңгені құраса, бұл өткен кезеңнен 10 пайызға артық.
Бүгінгі күні 92 табиғи монополия субъектісі шекті тарифтермен жұмыс істейді, бұл тұтынушылар үшін тарифтердің тұрақтылығы мен болжамдылығын, қызметтер сапасын көтеруді қамтамасыз етеді.
Агенттік қызметіндегі басты бағыттардың бірі тұтынушылардың мүдделерін қорғау болып табылады. Сонымен бірге алға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін монополистерді бақылау күшейтілген. Былтыр тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында 1198 нұсқама енгізілсе, әкімшілік айыппұл мен нұсқамалар бойынша жалпы сома 3,3 млрд. теңгені құраған. Тарифтік сметада көзделген қаражатты пайдалануды бақылау мақсатында тұтынушыларға келтірілген залалдарды өтеу үшін жыл басынан бері 185 субъектіге уақытша өтемдік тариф енгізген. Тұтынушыларға қайтарылған жалпы сома 2,8 млрд. теңге болған.
Жылу энергиясын тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сыртқы ауа температурасының өзгеруі нәтижесінде жылу энергиясына төлемақыны қайта есептеу тұрақты негізде жүргізіледі. 2012-2013 жылдары жылыту кезеңі үшін халыққа қайтарылған қаражат 498 млн. теңгеден асқан.
Электр энергиясы нарығында делдалдар толығымен алынып тасталса, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға электр энергиясы туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2,2 млрд. теңге айыппұл салынған. Бұл бағытта жұмыс жалғасын тауып, қоғамдық мониторинг жүйесі қолданылмақ. Энергия тиімділігін арттыру мен реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуда нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл жағдайда энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігі бойынша шараларды қабылдау тұтынушылар үшін тарифтердің өсуін тежеуге мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, 2012 жылы бұл шаралар тұтынушылардың 11,6 млрд. теңгеден аса қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген.
Жөндеу жұмыстары мен жабдықтарды жаңарту, ұйымдастыру шаралары нәтижесінде жылу энергиясы өндірісінде отын шығыстары едәуір төмендеді. Соңғы 10 жылда статистика мәліметтері бойынша оның деңгейі 2 еседен астам азайған. Сондай-ақ, электр, жылу және сумен жабдықтау желілерінде нормативтік ысыраптар деңгейлерінің жыл сайынғы төмендеуі байқалады. 2006 жылдан бастап олардың деңгейлері іс жүзінде шамамен жартылай төмендеген.
Ыстық және суық суды есептеу аспаптарын орнату бойынша судың жеке есептеу аспаптарымен жабдықталуы шамамен 85, ыстық су 88,3 пайызды құраған.
Биылғы жылы ведомство алдында тұтынушылардың мүдделерін қамтамасыз ету, тариф белгілеудің ашықтығы, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау сынды міндеттер тұр. Сонымен қатар, тарифтік процесте жұртшылықтың рөлін және табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларды орындауына бақылауды күшейту, «жасыл экономикаға» көшуге ықпал ету, ысыраптар деңгейі мен желілердің тозуын төмендетуді қамтамасыз ету де агенттіктің басты жұмыстары қатарынан орын алмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».