14 Ақпан, 2014

Бизнес пен билік арасындағы байланыс

814 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер палатасының арқасында жаңа деңгейге көтерілмек

Елбасы Жолдауында ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа идеологиясын жасау керектігі айтылды. Бұл ел кәсіпкерлерінің кәсібін қолдауға жол ашылды деген сөз. Қазір осы бағытта түрлі бағдарламалар қолға алынып, жаңа құрылымдар да пайда болуда. Еліміздегі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы  да осы мүддені көздеп отырғаны сөзсіз. Яғни бизнес өкілдеріне қажетті жан-жақты көмек көрсетіледі. Аталған ұйым бизнес пен Үкімет, атқарушы билік және мемлекеттік органдар арасындағы дәнекер, бай­ланыстырушы болмақ. Деген­мен, іскерлік қоғам, жалпы, жұртшылық ұйымның нақты мақсат-міндеттерімен, атқаратын қызметімен толық танысып үлгерді деу қиын. Мәселенің мәнісі де  сонда, жалпы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру нендей қа­жет­тіліктерден туды десек, біріншіден, еліміздің эко­номикалық әл-ауқаты шағын және орта бизнестің дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Кәсіпкерлік саласы неғұрлым қарқынды дамыса, халықтың тұрмысы да соғұрлым жақсара түсетіні заңдылық. Мысалы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2050 жылға дейін еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл мақсат­ты жү­зеге асыр үшін бизнеске жан-жақты қолдау қажет. Бұл осы күнге дейін мемлекет тарапынан еш көмек болмады деген сөз емес, әрине. Дегенмен, кей жағдайларда кәсіпкерлердің өтініш-тілектері тиісті деңгейде «жоғары жақтарға» жете бер­мейтіні рас. Елбасы өткен жылдың 4 шілдесінде еліміздің «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына қол қойды. Сөйтіп, бизнес өкілдерінің мүддесін қорғауға бағытталған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Өздеріңізге белгілі, бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына қолбайлау болып  отырған мәселелер бар. Мысалы, әкімшілік кедергілер, несие беру талаптарының тым қатаңдығы, заңнамадағы олқы тұстар және тағы басқалар. Ен­ді түйткілді мәселелерді кәсіп­керлерді қолдау үшін ше­­шу Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының негізгі мақсаты болып табылады. Жалпы, барлық кәсіпкерлерді бір жерге біріктіру тәжірибесі шетелдің дамыған елдерінде бар.  Германия, Франция, Түркия, Венгрия, Италия, Испания және басқа да мемлекеттерде қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Бізде де алдағы уақытта бұл бастама  жүзеге асады деп сенеміз. Әрі Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу уақытында маңызы зор. Бұған дейін кәсіпкерлік құрылымдарының құқықтары мен мүдделерін тиісті деңгейде қорғай алмай келгенін мойындауымыз қажет. Палатаға мүшелік жоғарыда аталған заңға сәйкес бизнес құрылымдары үшін міндетті. Соның арқасында кәсіпкерлер өз мәселелерін ашық айтып және оның тиісті органдардың «құлағына» жететініне сенімді болмақ. Құқығы қорғалады. Енді бизнес өкілдері билік деңгейінде мүдделерін толық қорғай алады. Біздің облыстық кәсіпкерлер палатасы өткен жылдың 18 қазанынан жұмысын бастады. Әрине, жұмыс бас­тамас бұрын өңірдің бизнес әлеуетінің қаншалықты деңгейде екенін білу қажет. Кәсіпкерлерге қаншалықты жағдай жасалған? Оларды не толғандырады? Сондықтан облыс қалалар мен аудандарын аралап, кәсіпкерлермен жолықтық. Көкейлерінде жүрген мәселелерін біліп қайттық. Жергілікті жерлерде де несие ресімдеу, жер учаскелерін алу, жаңа кәсіп ашу, мамандардың техникалық және кәсіби біліктіліктерін арттыру сияқты мәселелер бар. Кәсіпкерлердің өз заңды құқықтарын білетіндері де, білмейтіндері де кездесті. Өңірдегі бизнес-ахуалды оңал­ту бойынша қазір негізгі жұмыс бағыттарын белгіледік. Өңір кәсіпкерлерінің кейбір мәселелерін Үкімет деңгейінде айтуға  да қол жетті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапары барысында Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі өкілдерімен жүздесті. Жүздесуде кәсіпкер­лердің «бас ауруына» айналған POS-терминалдарды міндетті орнату мерзімдеріне қатысты мәселе де сөз болды. Содан кейін Астанада да  жиын өтіп, POS-терминалдарды орнату мерзімі ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін шегерілді. Сондай-ақ, жиын барысында салықтық, кедендік реттеу, еңбек заңнамасы, жерді пайдалану құқығын ресімдеу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу, энергоаудит мәселелері қозғалды. Ал, Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі – бірегей ұйым.  Оның құрамына тек кәсіпкерлер ғана кіреді. Өңірлік кеңес мүшелері бізге шешімін күткен мәселелерді, бизнесті қолдаудың ұтымды жолдарын  анықтауға көмектеседі. Аталған ұйымның  құзыреті де  жоғары. Өз отырыстарына түрлі мемлекеттік орган басшыларын шақырып, белгілі бір мәселелер бойынша түсініктерін талап ете алады. Бұл заңда айқын көрсетілген. Соның арқасында еліміздің шағын және орта бизнес саласында игі өзгерістер орын алады деген сенім басым. Бізге шағын және орта бизнес өндірісін дамыту үшін тапсырма берілді. Бүгінде ең бастысы әкімшілік кедергілерді жойып, кәсіпкерлер құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта облысымыздың әрбір қала, ауданында Кәсіпкерлер палатасының өкілдіктері құрылу­да. Аудан орталықтары ғана емес, шалғай ауылдардағы іс­кер азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жақын уақытта облыс кәсіпкерлерінің форумын, «Қазақстан-Сібір-2014»  халықаралық көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін «Кәсіпкерлер үйі» ашылмақ. Бұл түрлі рұқ­сат қағаздарын алу мерзімін қысқартып, кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Онымен қоса, ісін жаңа бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін «Бизнес – періш­­телер клубы» жобасы қол­ға алынды. Жақында ғана кәсіп­керлердің құқығын қорғау бойынша облыс­тық прокуратурамен өзара әріп­тестік меморандумына қол қойдық. Ұйым жанынан «Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес» құрылуда. Алда ма­ңызды жұмыстар, баста­малар тұр. Мақсат – шағын жә­не орта бизнестің дамуына мықты экономикалық негіз қа­лыптастыру. Райхангүл САТАБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. Павлодар облысы.