Қаржы • 18 Қазан, 2021

Қаржы секторында қандай өзгеріс болуы мүмкін

426 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы кезде микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) әлеуеті туралы жиі сөз бола бастады. Нарықтың бұл сегментіндегі ойыншылар белсенділігінің артуы да осыған себеп сияқты. Әрі мемлекет те бұдан былай микроқаржы нарығымен санасуға ниетті екенін байқатты. 

Қаржы секторында қандай өзгеріс болуы мүмкін

Банктер бармайтын бастама...

Президент биылғы Жол­дауында бизнесті несиелеу бойынша микроқаржы ұйым­дарының әлеуетін пайдалану керегін айтты. Бұл бастама аталған ұйымдар үшін де әлеуе­тін байытатын, өзін көр­сететін жақсы мүмкіндік.

«Жалпы сомасы 6,3 трлн теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырыл­ған­нан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алай­да бүгінгі таңда бөлінген қар­жы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банк­тер шағын жобаларға, әсіресе ауыл­ға арнап ақша салмайды. Сон­дықтан микроқаржы ұйым­дарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтыну­шыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі» деген еді Қ.Тоқаев.

Қаржыгер Расул Рысмам­бетов екінші деңгейлі банктердің ауылдық жерлердегі жобаларға қаржы салмауына түсіністікпен қарау керек деп санайды.

– Қаржылық қадағалау­шы­ның банктерге қоятын шек­теулері бар. Бұл бойынша қар­жы инсти­тут­тары тәуекелі жо­ғары жо­балар­ға ақша сала алмайды. Со­ндықтан банктердің шағын ауыл жобаларына бара қоюы екіталай. Өйткені ауыл­дық аймақтарда несие коопе­ративтері жұмыс істейді. «Даму» және «Бәйтерек» ұйым­дарына арнайы функция беріл­ген. Меніңше, банктер шағын жобаларды қар­жы­лан­дыруы үшін төмен резерв­ті талаптар әзірлеу керек. Ал бізде ондай талаптар онсыз да төмен, сон­дықтан қаржы­лық қада­ғалаушы мұндай қадамға бара қоймас, – дейді Р.Рысмамбетов.

Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұр­жан Бияқаевтың айтуынша, микро­қаржы ұйымдарына басым­дықтың берілуі – олардың ел аумағында филиалдар санының көбеюіне, жұмыс сапасының артуына айрықша әсер етпек.

– Банктердің ауыл-ай­мақ­тағы жобаларға көңіл бөл­мей­­тіні рас. Тіпті филиалдар желісі бүкіл Қазақстанды қам­тып жатқан Halyk Bank-тің өзі не­гізінен тұтынушылық мақ­­саттағы несиелерді ғана беру­мен шектеледі. Сондықтан Пре­­зидент Жолдауда бұл ба­ғыт­тағы басымдықты МҚҰ-лар алуы тиіс деп атады. Бұл орын­ды да. Енді олар қызмет көр­сету спектрін кеңейте түсу үшін аудан орталықтарында өз өкілдіктерінің санын, тиісінше қызмет сапасын да арттыра түсуі керек. МҚҰ-лар жеке қосалқы шаруашылықтарды өздерінің маңызды бағытына айналдыра алады және нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Банкке айналуы мүмкін бе?

Осыған дейін кейбір микро­қаржы ұйымдарының банкке айналуы туралы айтылып қал­ған еді. Мәселен, KMF пен Solva басшылары өздерінің үлкен банкке айналу мүмкіндігі бар екенін және жақын уақытта бұл процесті жүзеге асырулары мүмкін екенін мәлімдеген.

– KMF-тың мақсатты нары­ғы – шағын және орта бизнес. Алайда компания бөлшек сег­ментте, атап айтсақ, авто және тауар несиесі бойынша да қа­дамдар жасап жатыр. Біз бұ­ған эволюциялық даму жолымен келдік. Жалпы, 20 жылда қазақ­стандық микроқаржы ұйым­­дары едәуір прогресс көр­сетті: қарыз алушылар саны, несие­­леу көлемі бойынша өсті, халықаралық серіктестер, инвесторлар мойындады, әсіресе мик­рокәсіпкерлерді белсенді несие­леу арқылы клиенттік база кеңейе түсті. МҚҰ бойынша Қазақстанда заңдық және қада­ғалау базасы бар. Нарық дамуын бақылап отыратын қауымдастық та жұмыс істейді. Сектордың әрі қарай дами түсуі үшін заңнан басқа шектеу жоқ. Меніңше, МҚҰ клиенттеріне шот ашып, аударым жасап, валюта айырбас­тап, несие карталарын пайдалану бойынша кейбір заңнамалық шектеулер алынып тасталуы керек, – дейді KMF микроқаржы ұйымының басқарушы директоры Далида Давлятшина.

Банкке айналудан үмітті ұйымның бірі – Solva. Бұл ұйым халықаралық IDF Eurasia қаржылық тобының құрамына кіреді. Аталған топтың негізін салушы Борис Батин отандық микроқаржы ұйымдары жүйелі жұмыс пен кәсібилік, несиелеу әдістері мен портфель сапа­сы бойынша банктерден қалыспай­тынын жеткізді.

– Тіпті кейбірінің рейтингі кей банктерден тәуір. Мән берсек, МҚҰ-лар банкке қарағанда тиімді шарттар ұсынады. Егер үш-бес жылдық несие көр­сет­кішін алар болсақ, біздікі банк­терден арзан. Көптеген клиенттер бізге келіп банктегі несиесін қайта қаржыландырып жатады. Сенімділік тұрғысынан банк­терден кем түспейтінімізді несие рейтингіміз де растайды. Сондықтан ірі МҚҰ-лар банкке айналуға дайын. Бізде де ондай жоспар бар. Қызметтер спектрін кеңейте түскіміз келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін. Есептеу шотын ашып, бухгалтерия жүргізіп, сондай-ақ карта шығарып, төлем процесін жүзеге асырып, айналым қаржысымен несие берсек дейміз. Бұл үшін банктік лицензия қажет. Қазір осы мәселе бойынша қаржылық қадағалаушымен келісіп жатырмыз. Бұл жоспар 12 айда іске асады деген үміт бар. Бірақ бәрі трансформацияның формасына байланысты, – дейді Б.Батин.

Сарапшылар пікірі қандай?

Расул Рысмамбетов микро­қаржы ұйымдарының банкке айналу бастамасын қолдайды. «Менің ойымша, микроқар­жы ұйымдарының банкке айналуы жақсы үрдіс. Өйткені ондай банктердің тәжірибесі мол және жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнеске қызмет көрсету бо­йынша әбден жұмыс істеп шың­далған процедуралар болады. Микроқаржы ұйымдары шығынды азайтумен тұрақты түрде жұмыс істейтіндіктен мини-банк бола алады, тиісінше, өңірлерде кішігірім жобалармен тиімді түрде айналысады. Сондықтан бұл ретте микро­қаржы ұйымдарының тәжірибесі біз үшін аса қажет» дейді ол.

Биыл Жолдауда Президент «мемлекет бұдан былай банк­терге көмектеспейді» деген еді. Шыны керек, бұл көпшілік күт­кен сөз болды. Өйткені осы­ған дейін мемлекеттің қанша банкті аяғынан тұрғызғанынан бұрын, құйылған қаражатты санау қиынға соғары сөзсіз.

– Егер мемлекет банктерге шынымен көмектеспейтін болса, онда алдағы үш жылда 5-6 банк жабылады деп күтуге болады. Олардың 2-3-еуі шынымен де жұмыстарын тоқтатады, қалғандары микроқаржы ұйым­дарына айналады. Ал қазір мем­ле­кеттік бағдарламалар қар­­жы­сы банктер арқылы тараты­лып отыр­­ған­дықтан мемлекеттің банк­­терге белсенді түрде көмек­тесіп отырғаны белгілі, – дейді Р.Рысмамбетов.

Сарапшының банктердің микроқаржы ұйымы дәрежесіне тө­мендеуіне қатысты ойын мик­ро­қаржы ұйымдары қауым­дастығының басшысы Ербол Омарханов та қостайды. Ол қазір бірқатар МҚҰ меншік капиталы және активтері бойынша кей банктермен теңескенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен микроқаржы ұйымдарына конвертация жолымен банк атануға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр.

– Біздің ойымызша, МҚҰ-лар­дың банкке айналуы банктер­дің де МҚҰ-ға айналу мүм­кіндігін білдіруі тиіс. Яғни бұл кері қозғалысы бар процесс. Сон­дықтан банк секторын­дағы кей ойыншылар МҚҰ мәртебе­сіне көшіп жатса, бұған тек қуа­намыз, – деді Е.Омарханов.

Телеграмдағы RiskTakersKZ каналының жазуынша, ШОБ-ты несиелеу бойынша МҚҰ-лар банкке қарағанда сапалы экспертиза жасай алады.

«Біз микроқаржы ұйымдарын дамыту және олардың әлеуетін пайдалану идеясын қолдаймыз. Шетелдік банктердің Қазақ­стан­нан кетуіне қарамастан Solva сияқты халықаралық компа­нияның келгені қуантады. Шын мәнінде МҚҰ-ларға назар аудару арқылы қаржылық қадағалаушы дұрыс қадам жасады, аталған идеяны Президент те қолдап отыр. Шенеуніктер мен банк лоб­би­лері бұл бастаманы аяқтан шал­­майды деп сенеміз» деп жаза­ды канал авторлары.