Халқымыздың әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселелерді шешуге арналған Жолдауда бірқатар тың бастамалар көтерілді. Әсіресе, қарапайым адамдардың тұрмысына тікелей әсер ететін ең төменгі жалақының мөлшері, 2022-2025 жылдары мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің жалақыларын жыл сайын 20 пайызға арттыру оларды қуантып тастағаны сөзсіз.
Бүгінде жаһанданумен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет етеді. Мәдениетті алып қарасақ, оның ішіндегі ең маңыздысы – кітапхана. Кітапхана – ұлттық сананың бастауы, ұлттық рухани құндылықтардың қазынасы. Адамзат қоғамын кітапсыз, кітапханасыз көзге елестету қиын.Ұлы жазушылардың шығармалары халықтың ұлттық өмірінің энциклопедиясы, үлгісі іспеттес.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президентіміз ел руханиятының бесігі болып саналатын кітапханаларға ерекше назар аударып, қазіргі әлемде кітаптар мен кітапханаларсыз адамның дамуы мүмкін емес екенін атап өтті. Бүкіл әлемдегі кітапханалар білім мен мәдениет орталығы болып табылады. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың білім берудегі рөлі ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.
Мәдениет саласының қызметкерлері ретінде біз Мемлекет басшысына мәдени саясатты қолдағанына, кітап және көркем әдебиет оқу арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеуге көңіл бөлгеніне ризамыз. Президентіміз айтқандай, «Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді білуге деген қызығушылық балалардың бойында мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы керек. Кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, кітаптардың қызықты әлеміне жетелейтін орын болуы керек». Алғаш рет жоғары мінберден еліміздің мыңдаған кітапханашыларының өз мамандығына деген мақтаныш сезімін тудыратын кітаптың маңыздылығы, кітапханалардың тәрбиелік рөлі туралы сөздер айтылды.
Өскелең ұрпақпен диалог құру үшін кітапханалар заманауи трендтерді басшылыққа алады және коммуникацияның жаңа құралдарын қолданады. Барлық байланыс арналарының ішінде оқу, әсіресе, кітап оқу өте маңызды. Бұл – ұлттық мәдениеттің өзегін, ана тілінің байлығын сақтау мен көбейтудің, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Сондықтан өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудың маңызы зор.
Мемлекет басшысы өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының «Ұлттың жаңа болмысы» бөлімінде халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін баса айтқан болатын. Президент ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген ғибратты сөзін еске салып: «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс», деген болатын.
Президентіміздің мәдениетке, руханиятқа деген қолдауы осы салада еңбек етіп жүрген біздерге күш-жігер береді. Мемлекет басшысының өз Жолдауларында қадап айтқан сапалы ұлт қалыптастыру үшін рухани орда – кітапхананың орны ерекше деп ойлаймын. Ұлтымыздың саналы да сапалы болуы үшін азаматтардың білікті маман болып қалыптасуымен қатар, рухани бай адам болуы үшін кітаптың және оны қоғамға насихаттап отырған кітапханалардың атқарар жұмысы орасан. Кітап оқыған ұлт қана нағыз білікті һәм білімді, заман талабына сай сапалы ұлт бола алады.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапхана – қоғамға жан азығын сыйлайтын рухани орда. Жаңа үлгідегі мультимедиалық кітапхана электронды ақпаратпен жұмыс істейді, сан алуан электронды сервистерді ұсынады, жаңа компьютерлік технологияларды енгізіп отырады. Электронды ақпарат – кітапхананың негізгі ресурсы, басты бағытымыз – қағазсыз технологияны дамыту. Оқырмандар қазіргі заманғы каталог залын, ресурстар залын, ақпараттық-библиографиялық сервис қызметін, мұнай-газ саласына арналған электронды оқу залын, әлем әдебиеті бөлімін, ғылыми оқу залы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған заманауи технологиялы залды пайдаланады.
Кітапханада жалпы саны 500 орынға есептелінген 17 бөлім жұмыс істейді. Мұнда 2,5 млн дана кітапты сақтайтын қойма бар, сондай-ақ электронды ақпаратты терабайттық көлемде сақтауға мүмкіндік беретін серверлер кешені де қызмет етеді. Қорда барлығы 600 мыңнан астам кітап сақтаулы. Сондай-ақ 900-ден астам отандық және шетелдік мерзімді баспасөз өнімі жиналып жатыр.
Ұлттық академиялық кітапханада әлемнің 120 тіліндегі отандық және шетелдік құжаттардың бірегей жинағы бар, кітап қорының көлемі екі миллион данаға жуық.
Кітап қоры басылымдар санатына бөлінген және тиісті оқу залдарында қолжетімді. Бұдан басқа, 70 мыңнан астам құжат цифрланған және Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана құрамына кіреді.
Ұлттық академиялық кітапхананың күш-жігері мемлекет пен азаматтардың ғылыми және тарихи мүдделеріне қызмет ететін, кәсіби қоғамдастыққа белсенді көмек көрсететін, бейінді ғылыми қызметтің дамуына жәрдемдесетін классикалық функцияларды жетілдіруге бағытталған.
Ұлттық академиялық кітапхана ұлттық жобалардың белсенді қатысушысы ретінде бірегей ақпаратты сақтауға және оны оңай қолжетімді етуге, кітапханаларды жаңғыртуға және ақпаратқа қол жеткізудің жаңа нүктелерін құруға көмектеседі.
Кітапханамыз биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында қазақ әдебиетіне, ұлттық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан жазушылар, ақындар, драматургтер, ғылым қайраткерлерінің шығармашылығын ілгерілетуге арналған «Рухты қалам қайраткерлері» іс-шаралар циклін өткізді.
Кітап оқу мәртебесін, оқырмандық белсенділікті арттыру, оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыру, балалар мен жастардың оқу сауаттылығын дамыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады.
Балаларды ерте жастан оқуға баулу – болашақта саналы ұлт болудың кепілі. Сондықтан Президенттің балалар кітапханаларын дамыту жөніндегі тапсырмасын қолдай отырып, Ұлттық академиялық кітапхана балалар кітабын насихаттау бойынша ауқымды жұмыс жүргізу үстінде.
Осы жылдың ең маңызды іс-шарасы Ресейдің Ұлттық мемлекеттік кітапханасымен, шетел әдебиеті кітапханасымен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған «Еске алу және бейбітшілік жолдары» халықаралық экспедициясы болды. Оның барысында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, ресейлік оқырмандар үшін қазақстандық жазушылардың кітаптарының таныстырылымы өткізілді. Омбы облыстық кітапханасында қазақстандық мәдениет пен әдебиет орталығы ашылды.
Мемлекет кітапханашылар мәртебесін арттыру және қоғамға кітап арқылы адами құндылықтарды насихаттау, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бұл кітапханашы мамандығының қадірі артып, сапасының өсуіне әсер етті. Қазақстандық кітапханалар халықаралық деңгейде өз саласының білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып жүр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясаты жылдар бойы жинақталған мәселелердің шешілуіне әкелді. Бүгінде білім беру және мәдениет салаларында жақсы өзгерістер болып жатыр, мұғалімдердің мәртебесі көтерілді, кітапханалар мен кітапханашыларға да тиісінше көңіл бөлініп отыр, мектептер, ауылдық кітапханалар, мектепке дейінгі мекемелер, спорт мектептері салынуда.
Бүгінде кітапханашылар алдында үлкен міндеттер тұр. Қазіргі талғамы жоғары оқырманды кітапханаға тарту үшін алдымен кітапханашылардың өзі жаңа технологияны меңгерген болуға тиіс. Мәселен, олар оқырмандарға кітап берумен қатар, сол кітап туралы әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, видео немесе слайдты ұсынса, көпшілік талабынан шығар еді деп ойлаймын.
Қазақстан азаматы ретінде біздің әрқайсымыз қай салада болсын Президентіміз алға қойған маңызды міндеттерді жүзеге асыруға аянбай атсалысып, еліміздің көркейе түсуіне өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА,
Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор