Қаржы • 18 Қазан, 2021

Тұтыну қарыздарының тәуекелі артуда

1985 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ай санап халықтың банкке қарызы ұлғайып келеді. Турасын айтқанда – тұтынушылық несие көлемі артқан. 8 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда 23,8 пайызға, яғни 5,4 трлн теңгеге дейін көбейіпті. 

Тұтыну қарыздарының тәуекелі артуда

Ерекше қарқынмен көбейген несие үлесі ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түскен. «Бұл тұтынушылық кредит беру нарығындағы тәуекелдердің артуын растайды» дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі. Олардың хабарлауын­ша, елдегі экономикалық өсу­дің қалпына келуі аясында тұтыну­шы­лық сұраныстың артуы, тұ­тыну­шылық қарыздар бойын­ша орташа мөлшерлеменің төмен­деуі, сондай-ақ банктердің ско­ринг­тік модельдерін жетілдіру және тәуекелдерді жақсы болжау мүм­кіндігі тұтынушылық несие көлемі­нің өсуіне әсерін тигізген. Өз кезегінде банктердің онлайн-сервистерді дамытуға баса көңіл бөле бастауы да – халықтың несиеге деген ықыласын арттырған бірегей себеп.

Жеке тұлғаларға несие беру тұр­ғысынан Kaspi Bank-тің үлесі жоғары – 33,9 пайыз. Екінші орын­ға 24,1 пайызбен «Қазақстан Халық банкі» орналасса, одан кейін 7,9 және 7,8 пайызбен «Сбер­банк» және «Еуразиялық банк» тұр. Дерекке қарасақ, жыл басынан бері ұсынылған тұтыну­шылық қарыздардың 88 пайызын үш банк – Kaspi Bank, «Қазақстан Халық банкі» және «Сбербанк» берген. Ал қарыз алушылардың 72 пайызында кредиттер бойынша берешек борышының орташа сомасы 339,2 мың теңге болатын, 1 млн теңгеге дейінгі сомада қарызы бар. Тұтынушылық кредит­тер бойынша қарыз алушы­лар­дың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1 пайыз), Нұр-Сұлтанда (9 па­йыз) және Шымкентте (7 пайыз) шоғырланған.

«Банктердің кепілсіз тұтыну­шылық қарыздары бойынша 1 млн теңгеге дейінгі сомадағы кредиттер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы – 28,3 мың теңге. Тұтынушылық қарыздардың сапасы оң серпінді көрсетіп отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің деңгейі 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша 6,8 пайыздан төмендеп, 2021 жылғы 1 қыркүйекте 5,3 па­йызды құрады. Тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін банктердің қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу міндеті белгіленген. Яғни банктер қарыз беру кезінде қарыз алушының мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, барлық өтелмеген қарыздар бойынша барлық төлем­дері оның орташа айлық кірісінің 50 пайызынан аспауға тиіс екенін ескеруі тиіс» делінген агенттік хабарламасында.

Бұған дейін агенттік тұтыну­шы­лық кредит беру тәуекелдерін бақы­лау үшін шаралар қабыл­даған болатын. Барлық кепілсіз тұ­тыну­шы­лық қарыздар бойын­ша ақы төлеу мерзімін 90 күнге ке­шік­тіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есеп­теуге тыйым салынды. Бұл ретте тө­лемге қабілетсіз тұлғаларға қарыз берудің алдын алу мақса­тында табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын азаматтарға қарыз беруге тыйым салынған. Банктер жаппай тұтынушылық несие беруден тартынуы үшін банктердің осындай кредиттер бойынша жеке капиталының жеткіліктілігіне (150 пайыздан бастап 300 пайызға дейін) деген талаптар да екі есе ұлғайған.

Сонымен қатар проблемалық берешектің өсіміне жол бермес үшін 2021 жылдың 9 сәуірінен бастап қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылған» мәртебесінің тағайындалуын көздейтін оңалту тетігі енгізілген еді. Қазіргі уақытта 1,9 млн азамат «оңалтылған» мәртебесіне ие. Осы орайда агенттік өкілдері азаматтардың қарыздар бойынша борыш жүктемесінің өсімін шектеу үшін кепілді банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті өлшем­дері 16 пайыздық тармаққа дейін (56 пайыздан бастап 40 пайызға дейін) азайтылғанын айтады. Кепілсіз банктік қарыздар бойынша 56 пайыз деңгейінде сақтал­мақ. Сонымен бірге ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 31 пайыздық тармаққа (56 па­йыздан бастап 25 пайызға дейін) төмендетілген.

Қазіргі кезде агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, борыш жүк­темесі коэффициентін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және кепілсіз тұтынушылық қа­рыздар бойынша капиталды есеп­теу тетіктерін жетілдіруді қам­титын тұтынушылық кредит беру­дегі тәуекелдерді ұстап тұру бо­йын­ша қосымша шараларды пысықтап жатыр.