28 жастағы канадалық хоккейші 2017 жылы «Барыстың» жейдесін киді. Арада бір жылдан аса уақыт өткен соң ол Қазақстанның ұлттық құрамасының сапында ойнауға ниет білдірді. Біздің елге келген бетте Диц бірден команданың серкесіне айналып, өрелі өнерімен жергілікті жанкүйерлердің жүрегін жаулады. Сол себепті де «Барыс Аренаға» жиналған көрермен оны «Дәурен» деп еркелетіп атауды әдетке айналдырды. Қазіргі кезде түрлі бонустар мен сыйақыларды есептемегенде, Диц жылына 100 миллион рубль (шамамен
597 337 300 теңге) көлемінде жалақы алады.
Мәскеудің «Динамо» клубының шабуылшысы Вадим Шипачев екінші орында. 34 жастағы Ресейдің солтүстік-батысындағы Череповец қаласының тумасы бұл күндері Мәскеудің «Динамосының» басты жұлдызына айналып отыр. Олимпия ойындарының жеңімпазы және әлем чемпионы деген дардай атақтары бар сұрмерген әр жылда 95 миллион рубльді шытырлатып тұрып санап, өз әмиянына салуда.
Суоми елінің өкілі Теему Хартикайнен мен ресейлік Максим Шалунов үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісуде. 31 жастағы Хартикайнен Финляндияның ұлттық құрамасы мен Уфаның «Салават Юлаев» клубы сапында өнер көрсетуде. 28 жастағы Шалунов Ярославльдің «Локомотивінің» намысын қорғауда. Екеуі де КХЛ-дағы ең үздік шабуылшылардың санатында. Соған сәйкес олардың жалақылары да өте жоғары. Әрқайсы жыл сайын 90 миллион рубль алып жүр.
Сондай-ақ «Салават Юлаевтың» қос саңлағы – даниялық Филип Ларсен мен финляндиялық Юха Метсола 80 миллионнан алса, америкалық Рид Буше («Локомотив»), франциялық Стефан да Коста («Автомобилист»), ресейлік Алексей Марченко («Локомотив») мен Владимир Ткачев («Трактор»), канадалық Эдди Паскуале мен швециялық Андре Петерссонның («Локомотив») жалақылары 75 миллион рубльдің шамасында.