...Бірде жақын сіңлім науқастанып, жаңадан ашылған Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсететін ауруханаға түскен екен, көңілін сұрауға барайын. Оның бұрынғы 115 жылдық тарихы бар Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының орнына салынғанын білетінмін. Ауруханаға жақындағаннан-ақ ғимараттың сыртқы келбеті, тіпті кірер баспалдағынан өзіміз күнде барып, көріп жүрген өзге емдеу орындарынан мүлдем ерекшелігі бірден көзге ұрып тұрды. Ішке кірдім. Ортасы алаңқай жоғары қабаттарға дейін әйнектелген самаладай кең де жарық холл. Қабырғаға бойлай заманауи дизайнмен жасалған анықтамалық бюро, жағалай науқастармен кездесуге арналған орындағы жайлы жиһаздар кіріп келген адамның еңсесін көтеріп, жылылық әсер берді. Шынымен де біздерде осындай кереметтей аурухананың қаламызда болғанына таңырқап, таңдай қақтым. Олай дейтінім, 2007 жылы АҚШ елшілігінің ұйымдастырумен Орталық Азия мемлекеттерінің бір топ журналистерін мұхит асырып, сол елдің бес штатындағы медициналық клиникаларын аралатқан-ды. Сонда ғой небір ауруханаларды көріп, қызығып та қызғана қайтқаным бар еді. Енді міне, ауруханаға кіріп келгенімде сол елдегі зәулім, заманауи клиникалар бірден көз алдыма келді. Сондағы көргендерімнен бір кем емес. Ал осы мақаланы жазу үстінде арнайы барып, аурухананың ішкі жағдайын, оның мүмкіндігіне көз жеткізгенімде, тек таңданыспен жүрдім. Әрі кеудемде бір мақтаныш сезімі бойлады. Содан да шығар, тәуелсіз елімізде еуропалық және әлемдік стандарттарға сай келетін, ұлтымыздың мақтанышына айналатын, кімге болса да ұялмай көрсететін келісті емдеу мекемесін ашуға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алматылықтардың қуанышымен бөлісуге арнайы атбасын бұрып өзі келген-ді. Осылайша, салтанатпен тұсауы кесіліп, Елбасының баталы лебізімен қызметін бастаған Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының халықтың ең басты байлығы, игілігі – денсаулығын сақтау жолындағы қызметіне де үш жыл толыпты.
Жақсыны көрмекке...
Күнгейдегі бас қаламыз әсем Алматының қақ ортасынан орын тепкен 350 төсектік 15 бөлімшенің басын құраған аурухананың өткеніне көз жүгіртер болсақ, әрине, алғашқы кезеңдерінде өзіне тән қиындықтары болмай қалмады. Осыған қарамастан өз ісіне адал да ұқыпты, тек кәсіби тұрғыда ғана емес, сонымен қатар ұйымдастырушылық-іскерлік тұрғысында да өзіндік ұстанымын жемісті қызметінде пайдалана білген бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Манат Тұрарұлы Сейдумановтың біліктілігі арқасында ұжым қиындықтардан шығып қана қоймай, айтулы жетістіктерге де қол жеткізіп отыр.
Оған дәлел көп. Соның ең бастысы, 2012 жылы әлемдік стандартқа сәйкестілік жөніндегі ISO 9001:2008 сертификатына ие болуы. Осындай жаңашыл бағыттағы ерен еңбектің бірден-бір жемісі – 2011-2012 жылдардағы статистикалық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қорытындысымен Алматы қаласы бойынша – 1-ші, ал Қазақстан бойынша – 4-ші орын иеленіп, Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттері Ұлттық бизнес-рейтингілер одағының «Сала көшбасшысы» құрметті естелік белгілерімен марапатталды.
Негізі, әлемдік тәжірибе бойынша әр мемлекетте кез келген адам өз денсаулығын сеніп тапсыра алатындай барлық халықаралық стандарттарға сай ауруханалар тіркеледі. Міне, аталмыш аурухананың сондай талаптарға сәйкестігін байқаған оңтүстіккореялық алты ірі, сондай-ақ Қытай, Үндістан, Ресейдің алдыңғы қатарлы клиникалары әріптестік меморандумға қол қойып, қоян-қолтық жұмыс жасауда. Бұл жерде тек әдемі ғимарат, әдемі қабырға, интерьер ғана емес, медициналық нысан болғандықтан технологиясы, құрылғы, аппараттары, мамандарының деңгейі де соған сай болуы міндетті.
Оған да бірер мысал. Травматология бөлімшесінде Отан соғысының ардагері 96 жастағы ақсақалға жамбас буыны ауыстырылып, еліміз бойынша рекорд жасап, қазақстандық Гиннестің рекордтар кітабына енді. Клиникада алғаш рет микрохирургиялық оталар санатындағы қолы-басын қайтадан құрап салу операциясы да сәтті өтті. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен бірлесіп қайтыс болған адамның үш бірдей ағзасын алып, жүрегін Астана қаласындағы НКҰО-ға жеткізуі, сондай-ақ №7 қалалық клиникалық аурухана мен А.Сызғанов атындағы ҰҒХО-мен бірлесіп бүйрек трансплантациясына қатысып, өз үлестерін қосуы да кәсіби біліктілікті қажет етеді. Ендеше, аурухананың республикалық ғылыми орталық емес, қатардағы қалалық емдеу клиникасы, әрі небәрі үш жыл ғана жұмыс жасап отырған аурухана екендігін ескерсек, бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесіндегі үлкен жетістік болып саналады.
Бас дәрігер қалай құрылысшы атанды
Иә, бас дәрігер Манат Тұрарұлы дап-дайын ауруханаға келіп, дайын асқа тік қасық бола қойған жоқ. Оның істің көзін біліп, табандылық танытуына ұзақ жылдар бойы аттан түспей облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры, орынбасары, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің директоры болғанда жинақтаған тәжірибесі көмекке келді. Білікті басшыға 2008 жылы Алматы қаласының әкімі А.Есімов тек сыртқы корпусы салынып, бетон бағаналары қойылған нысанға бас дәрігер етіп тағайындап тұрып: «Міне, саған аурухана, енді осыдан қазіргі заманғы барлық стандарт, талаптарға сай аурухана жасап бер», деп үлкен сенім білдіреді, бір жағынан өзі де тәуекелге барады.
Бас-аяғы бітпеген медициналық ғимаратқа басшы тағайындау тәжірибеде болмағанын ескеріп, әрі жергілікті бюджеттен көпсалалы аурухананы тұрғызудың жоғары жауапкершілігін сезінген Манат Тұрарұлы намысқа тырысып, әрі сеніп тапсырылған істің үдесінен шығу үшін бар мүмкіндігін, күш-қайратын жұмсайды. Байқайды, бәрін нөлден бастау керек. Шешінген судан тайынбас, бас дәрігер қыс қырауда да фуфайка киіп, құрылыстың басы-қасында жүрді. Алғашында жалғыз болды, кейіннен ол да бітпеген ауруханаға білікті маман жастарды тартады.
Ал құрылысшыларға не керек, тезірек бітіріп, нысанды өткізу. Оның үстіне қит етсе екі сөздерінің бірі «Мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобасы бекітіліп қойған, өзгертуге болмайды, Денсаулық сақтау министрлігінен құрал-жабдықтар тізімі өткен» деп жолатпайды. Айғай-шу. Бас дәрігер күйіп-пісіп, сараптаманың 2004 жылы жасалғанын, 2010 жылға дейін барлық нормативтердің өзгергенін, 2005 жылғы Шымкенттегі шулы оқиға осындай ағаттықтан кетіп отырғанын, қойшы әйтеуір айтысып-тартысып, өзінің идеясын дәлелдеп жүріп, аурухана ішін қайтадан жоспарлатты.
Осылайша, бірінші күннен өздеріне қажетті ең соңғы заманауи үлгідегі инновациялық технология, құрылғыларды түгендеп, ең жақсы тиімді, қолайлысын интернет арқылы тауып, мамандармен ақылдасады. Өйткені, ертеңгі күні жұмыс істейтін өздері. Мәселен, күмістен иондалған технологияны Польшадан, консилиумды Чехиядан алдырды. Науқасқа арналған төсектің төрт түрін, ең аяғы қоқыс салатын жәшіктің өзін шетелдік сапасы жоғарысынан таңдады.
Ең қызығы, бюджеттен бөлінген 3 млрд. теңгеден астам қаржыдан 210 млн. үнемдеген. Оған қоса аурухана ішін түгел қасықтай жасақтап, кейбір құралдардан қор жасап алған.
Аурухананың басты ерекшелігі мен жаңашылдығы
Қалай дегенде де, аурухана пайдалануға берілген алғашқы кездері бас дәрігерге осыншама ауқымды игеріп, шаруаны дөңгелетіп әкету оңайға түспеді. Ол кездері сенбі, жексенбі, күндіз-түні демей телефонға тыным болмады, өзі де ауруханадан шықпады. Күнде лездеме, күнде бір шаруаны бітірсе, екіншісі қылтиып шығып тұрды. Ал енді араға үш жыл салғанда, сол төгілген маңдай тер ақталғандай. Қазір бәрі орнықты, әркім өз жұмысын біледі. Өйткені, басшы қалыптастырған жүйе қалтқысыз жұмыс істеуде. Ауруханаға кім келсе де, ұялмай атқарылып жатқан жұмыстарын ықыласпен көрсете алады.
Мәселен, бір мезгілде 21 науқасты қабылдай алатын жансақтау бөлімшесін алыңыз. Бүгінгі күні жансақтау бөлімшесіне қандай соңғы үлгідегі технология керек, әрі оны орналастыру, науқастарға бірыңғай сервистік жағдай бәрі-бәрі – ең жоғары деңгейде жасалған. Әсіресе, көп функциялы ыңғайлы төсектердің кейбірінде бес пульттің орналасуы – өте ауыр науқастарға таптырмайтын көмек, жағдай. Науқасқа қажетті жылу беретін көрпелер, мобильді рентген, УДЗ, электрокардиограмма, жеке зертхана, орталықтандырылған құбырмен келетін оттегі, 22 стационарлық ИВЛ – бәрі-бәрі науқастың тезірек оңалуына қызмет жасайды.
Кез келген емдеу мекемесіндегі залалсыздандыру бөлімінің сапалы жұмысы – сол аурухананың төлқұжаты іспеттес. Мұндағы орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімшесі ең соңғы швейцариялық жабдықпен қамтылған. Жұмсақ және қатты құралдар кесте бойынша қабылданып, екі үлкен камерада залалсыздандырылып, автоматты түрде оралып, контейнермен таза зонаға өтеді. Әрине, мұндай жүйе әр аурухананың арманы десек те болғандай.
Халықаралық стандартқа сай соңғы үлгіде жасақталған тоғыз операция блогы да өз алдына әңгіме. Олардың қабырғалары мен төбелері панельден жасалған. Сондай-ақ операциялық үстел аумағындағы ішкі ауа ағынын төрт сүзгіден өткізетін бірбағытты ламинарлық таратушы ауа желдеткіштері де бір жүйеге енгізілген. Блокта сырқат асқынуларының дамуынан қорғайтын күміс ионды сертификатталған бактерияға қарсы жабындылы панельдер қолданылған.
Сондай-ақ, сәулелі диагностика, швецариялық аппараттармен жабдықталған гемодиализ, қабылдау бөлімшелері, жаңадан ашылған инсульт орталығы, нейрохирургия бөлімшесі өз деңгейінде қызметтерін атқаруда. Әсіресе, мұнда науқастар үшін қолайлы жағдай жасалған. Бір және екі кісілік палаталар арнайы төсекпен жабдықталып, орталықтандырылған 25 пайыздық оттегімен жалғанған. Әр секцияда әжетхана, жуынатын душ, дәрігерлердің бөлмесінде де қажетті құралдар мен тұрмыстық заттарға дейін қарастырылған. Әр қабатта, әр бөлімшеде мүгедектерге кең әжетханалар да ойластырылған. Ауруханада жүз компьютердің сексені стационарлық, 20-сы ноутбуг. Аурухананың тағы бір артықшылығы – бөлімше асханаларында орналасқан лифт арқылы тамақ әзірлейтін блоктан ас-судың келіп тұратыны.
Көпсалалы аурухана қаланың Алмалы және Медеу аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауруханада 12 кафедра жұмыс істейді. Штаттағы 3 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты, 28 жоғары санаттағы дәрігер, 82 жоғары санатты медбике халық денсаулығы күзетінде қалтқысыз еңбек етуде. Аурухана басшысы мамандарының біліктілігін арттыру мәселесін күн тәртібінен түсірмейді. 3 дәрігер Оңтүстік Кореяда, 12 маман Литвада, өткен екі жылда 191 маман өзімізде кәсіби біліктіліктерін арттырған. Денсаулық сақтау үздіктері Р.Қадырбаев, А.Күлембаева, А.Әлімжанов, К.Тұрысбекова, М.Шермаханова сынды ақ халатты абзал жандар осынау үлкен ұжымның мақтаныштары.
Иә, небәрі үш жылда еліміздегі медицина саласындағы бірқатар биік межелерді бағындырып, халықтың алғысына бөлініп отырған Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ұжымының алдағы уақытта да егеменді еліміздің денсаулық сақтау саласында қалтқысыз қызмет ете беретініне сенеміз.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––––––––
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.