Өнер • 19 Қазан, 2021

Алыстағы ағайынның өнер туындылары – атамекенде

225 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодарда еліміздегі «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» облыстық филиалының бастамасымен 14-15 қазан күндері «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған рухани-мәдени шараға Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты алыс және жақын шетелдерде тұратын 40-тан астам қандас отандас қатысты.

Алыстағы ағайынның өнер туындылары – атамекенде

Әрине, шетте жүрген қазақ­тың әу дейтін сағынышты үнін естуге, індеттің кезінде үйден шықпай ән-күй тыңдаудан қалған көпшілік бұл мәдени шараға асыға жетті.

Қайта осындай сәттерде өзі­міздің ұлттық музыкалық аспап­тардың үнін естіп, бір демалып қалатынымыз тағы анық. Шеттегі қазақтың үнінен даланың үні мен рухын сезіп, бір серпіліп қалғандаймыз. Еліміздің әр өңірі­нен ұлттық өнерді насихаттап жүр­ген елге оралған қандастар да шақырылды.

Шараның басталуында «Дү­­ние­жүзі қазақтары қауым­дас­тығы» Төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайым­ұлы, облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрмановалар құттықтау­ларын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 – Бұл – «Қасиетті Қазақ елі» ха­лықаралық өнер фестивалі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәй­кес «Қоғамдық келісім сала­сын­дағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» шеңберінде ұлт­тық мәдениет пен дәстүрлерді дамыту, шетелдегі дарынды жас­тарды анықтау және оларды елімізге тарту мүмкіндіктеріне орай өткізілуде, – дейді Айзада Құрманова.

Ал халқымыздың қолдан­балы қолөнері номинациясының же­ңім­паздары Анар Жұрағат, Тол­ғанай Жолақова, ресейлік Артық­бай Смағұлов, өзбек­стан­дық Әлібек Нышан­баевтар өздері жасаған түрлі бұйым, заттары­мен көрмеге қатысты. Өзбекстандық Жарас­қан Мерзамуратов, Моң­­­ғолиядан келген Данагүл Иса­хул, Шамшырақ Хаутайлар мү­шәй­ра жеңімпаздары атан­са, Орын­бордан келген Әйгерім Нұр­лан­қызы терменің әрбір сөзін көрер­менге көнеден жеткізіп, төгілтіп бір ой сала білді.

– Біз бұл шақыруды қуана қабыл алдық. Әнімізді, жыр-термемізді атамекендегі қазаққа, елге жеткізгенше асықтық. Кел­ген күні ұлы Абай атамыз­дың ескерткішіне тағзым еттік. Бізді Естай атындағы мәдениет сарайын­дағы салтанатты ашылу рәсімі қатты толқытты, – дейді Ә.Нұр­ланқызы.

Әйгеріммен бірге елге орал­ған қандастардың ұл-қыз­­дары Базарбай Азамат, Сейіт­қ­ұл Бақтияр, Сәтжан Клас­ханұлы да жыр-термелерін нақы­шы­на келтіріп тамаша орындай білді. Қытайдан келген Мәкеш Ерлан, Сайлаубек Қуат­берген, моңғолиялық Смайыл Шұға, мәс­кеулік Темірлан Тоқтар­бай­ұлы­ның айтқан әндері де әуелеп зор сағынышымен есімізде қалды.

Түркиялық Гүлбуса Шендуран «Вокал» номинациясы бойынша фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол Анкарадағы мем­лекеттік консерваторияның опера сыныбында оқиды. Өт­кен­нің музыкалық қазынасын, дәстүрлі жолын жалғастырған әншілер, күйшілер, термешілер музыкалық аспаптарының үн-әуендерімен жеткізіп, салт-дәс­түр сабақтастығының мұрасы мәңгілік екенін паш етті. Бұл күні шетелдегі қандастар арасында жиі айтылатын жыр-тер­мелер, ән-күйлер көбірек орын­далды. Тыңдап отырып, көне, ескі әуендер көшіне қалай ілесіп кеткеніңді аңғармай да қаласың.

Әр тарапта, шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың ән, күй, терме, қолөнер арқылы жеткізген елге, жерге деген сағынышы – атамекендегі қазақ­тың бірлігі мен патрио­тизмімен қосылып, бір тілек үстінде екенін де байқайсыз.

Жалпы, «Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы» облыс­тық филиалының басшысы, «Отан­дастар қорының» қандас­тарды ақпараттық қолдау орталы­ғының меңгерушісі Болат Зауыт­тың ай­туынша, біздің облыс орта­лы­ғында алғаш рет өткізілген бұл халық­аралық фес­тиваль – елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі мәде­ни шара. Фестиваль Ақ­парат және қоғамдық даму ми­­нистр­лігінің тікелей қолдауы­­­мен, «Отандастар» қоры мен «Дүниежүзі қазақтары қауым­­дастығының» ұйымдастыруы­мен өтіп келеді. Біздің өңірде өткен шараға облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімі қолдау көр­сеткен. Қорытынды шара бары­сында «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-При иегерлері мен жүлде­гер­леріне үш аталым бойынша арнайы медальдар, дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

– Ал басты мақсат – шетелдегі дарынды қазақ жастары­ның қолөнерді, сөз өнерін, терме­шілік дәстүрді меңгерудегі шығар­ма­шылық шеберліктері арқылы олар­дың отансүйгіштік, рухани, ұлттық нақышта жасалған бұйым­дарын, кәдесыйларын, өлеңдер мен орындаушылық шеберлігін атамекенге жеткізу. Ең бастысы, шетелдердегі қандастардың елге оралуына, қазақ жастарын еліміздің университеттері мен өнер колледждерінде кәсіби білім алуына мүмкіндік беріп, жол ашу, – дейді Б.Зауыт.

Яғни шетелдегі дарынды қазақ жастарына рухани және материалдық тұрғыдан қол­дау көрсету. Сонымен қатар қандас­тарымыздың алыс шетелдерде тұрса да, біртұтастығы мен отансүйгіштігін кеңінен насихаттау көзделгенін ұқтық.

Фестивальда термешілер мен дәстүрлі ән орындаушы­лар, жаз­ба ақындар мен халық­тың қол­дан­балы қолөнер бұйым­дары­­ның шеберлері арасында өтіп, үз­дік туындылары көрер­мендер­ге көрсетілді. Түрлі бұйым мен кәде­сыйларға толы көрмеде қыл­­қалам шеберлерінің қолынан шық­қан сан алуан полотнолар ілінді. Көрмеден көшпенді қазақ­тың тұтынған заттарын, киген киімдерін көресіз.

Жарқ-жұрқ еткен өрнектері бар көне шәугім сувенирін көр­ме­ден сатып алып, қолөнер­ші­нің шеберлігіне қайран қалып, шет­тегі қазақ өнері аман болсын деп күнде қарап жүрміз.