14 Ақпан, 2014

Топ басындағылар тағы алмасты

346 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Сочиде өтіп жатқан XXII Қысқы Олимпиаданың алтыншы жарыс күні, 12 ақпан алты медаль жиынтығы үшін жан алып-жан беріскен текетіреске толы сайыстармен өрнектелді. Осы таластардың соңы топ басындағылар тарапына тағы да өзгеріс енгізіп, оның тізгінін Германия құрамасына ұстатты. Бұған немістер шаңғы қоссайысы мен екі орындық шана жарысында алған екі алтын медалі арқылы қол жеткізді. Сөйтіп, жоғары награда санын алтауға толтырған немістер бірден төрт саты ілгері шығып, төрт алтынды Канада, Норвегия және Голландия командаларын шаң қаптырып кетті. Міне, осының өзі топ басындағы таластың қызу жүріп жатқанын байқатса керек. Ал спортшылар бұл күні тау шаңғысы, коньки спорты, шана спорты, сноуборд және мәнерлеп сырғанау түрлері бойынша шайқасқа түсті. Осы күні, сондай-ақ, ерлердің хоккей турнирі де басталды. Біздің жігіттер осылардың ішінде коньки спорты жарысының дүрілдеп өтуіне үлес қосты.

«Мистер Сюрприздің» меселі қайтты

Тен-2Біз, әлбетте, Қазақстан атлеттерінің қатысуымен Мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 18:00-де коньки спорты сайысы басталатын «Адлер-Арена» кешенін бетке алдық. Себебі, кеше айтқан «көн садақтың көбесін бұзар жебе» қатарында  осы жерде бірінші рет сөре алып, бағын сынға салатын Денис Кузин де бар еді. Мұның үстіне, мұнда болғалы тұрған 1000 метрлік қашықтыққа жүгіру оның нағыз оң жамбасына келетін қашықтық-тын. Бұған қоса, ол бұдан бір жылдай уақыт бұрын, дәлірегі 2013 жылғы 27 наурыз күні тап осы «Адлер-Арена» мұз айдынында әлем чемпионы атанған еді. Және онымен жұптасып шыққан Нидерланд өкілі Стефан Гротхейс болатын. Алдын ала айтып қояйық, тап осы «ұшқыр голландиялық» бұрнағы күнгі таластың қорытындысында Сочи Олимпиадасының чемпионы атанды. Ал аренаға келіп кірген кезде біз мұның осылай бітетінін білмеуші едік. Кезінде бір рет қолтығынан демеп жіберген Адлер мұз айдыны Денисті тағы да жерге қаратпас деген ойда болдық. Оның басты қарсыластары осында өзінен кейінгі орындарға жайғасқан корей Тхэ Бум Мо мен америкалық Шани Дэвис болатын шығар деген болжамның боданына шырмалдық. Бұған биылғы 18 қаңтарда жа­понның Нагано қаласында өткен көпкүндік әлем чемпионатының 1000 метрлік қашықтықтағы бө­лігінде Шани Дэвиспен бір жұпта жүгірген Денистің қарсыласынан сөре сызығын 0,7 секунд бұрын қиып өтіп, бірінші орынды жеңіп алғаны тағы себеп болды. Бұдан бөлек, біздің бағлан осы Олимпиаданың алдында өзі­нің жеке жаттықтырушысы Петр Пастушенкодан уақытша кетіп, ресейлік мамандар Вадим Саю­тин мен Сергей Клевченяның қарауында Ойындар үшін арнайы дайындықтан да өтіп келген. Әдетте көп спортшының тілегіне қырын келіп қалып жататын жеребе де бұл күні оған күлімдеп қолын созғандай болып көрінді. Ол 40 конькиші қырман сапыратын жарыстың ең соңғы жиырмасыншы жұбында жүгіруге тиісті екен. Мұның қандай артықшылығы ба­рын жарыс жолына шығып жүр­гендер ғана емес, солардың құйын­перен болып аққан қыздырма сайыс­тарын ұдайы көріп жүргендер де жақсы біледі. Бірақ мұзды алаң үстіндегі ар­палыс бәрін өзінің қалауынша шешті. Ол ешкімнің беделіне де, белгісіне де қараған жоқ. Мамандар спринтерлік жарыстың мекені болмағандықтан, бұралаңы мен бұқпантайлары көп, сондықтан күтпеген жайлары жиі кездеседі, деп есептеп келген арена сол бағаның бағамынан толық шықты. Оның өзгеруіне тіпті соңғы кездері әлемде «Мистер Сюрприз» деп ат қойып, айдар таққан, сол себепті өздерінен неше түрлі тосын жайттарды күтуге болады деп саналып жүрген голландиялық Марк Тёйтерт пен әлемнің қазіргі чемпионы Денис Кузиннің жарысқа қатысуы да әсер ете алмады. Мұн­дай жаңалықты жасауға Ванкувер Олимпиадасының чемпионы, әлемнің қазіргі рекордының иесі Шани Дэвистің де шамасы келмеді. Нәтижесінде бірінші орынды 1:08.39 минут көрсеткішімен Стефан Гротхейс жеңіп алды. Екінші орынға канадалық Денни Моррисон жайғасты. Ал үштікті осының алдында 500 метрлік қашықтықта Олимпиада чемпионы болып үлгерген тағы бір голландиялық Михел Мюлдер тиянақтады. Ал чемпионнан бар-жоғы 0,71 секунд  қана ұтыл­ған Денис Кузин 7-орыннан бір-ақ шықты. Жалпы, ол қолы­нан келгенінің бәрін жасады. Біз­ді тек оны сөреден шығар кез­де­гі сәл кідіріп қалғаны ғана алаң­да­та береді. Егер осы мүдіріс болма­ған­да, ол жоғарыдағы 0,71 секундқа ұтылмас па еді, кім білсін! Бізден бұл жарысқа қатысқан жал­ғыз Денис болған жоқ. Роман Креч мәреге 13-ші болып келсе, Фе­дор Мезенцев 33-ші орында қалды. Енді тұғырдың екі тепкішегін жайлаған голландтықтар туралы бірер сөз. Таңғаларлық нәрсе, бұл елдің атлеттері осы кезге дейін Олимпиадада 10 медаль жеңіп алса, олар соның бәрін бір ғана спорт түрі – конькиден келтірді. Соның ішінде ерлердің 500 және 5000 метрге жүгіру сайыстарында тұғырды түгел жаулап алып, ешкімге медаль ұстатпай қойса, бұл күнгі 1000 метрге жүгіруде кү­міс медальді ғана «шығындады». Бұ­дан бөлек, қыздар бір алтын және 1 қола медальді қоржынға қосты.   Олимпиада рухы бәрінен жоғары Олимпия ойындарының күні бүгінге дейін қасиетін жоғалтпай келе жатқан басты қағидаттарының бірі Жер бетін мекен еткен адамзат ұрпағын татулық пен бейбіт қатар өмір сүруге үндеу болып табылады.  Бұл бір замандарда Ойындардың негізін қалаушылардың бірі Пьер Кубертен ақсақалдың қаламынан осы қозғалысқа арналып туған ұзақ жырдың: «О, спорт! Сен – бейбітшіліксің!», деп келетін бас жағындағы жолдары әлемде Олимпия ойындары өтер кезде жиі еске алынады. Көп жағдайда осыған орайлас тірліктер де жасалып жатады. Оның үздік үлгісін Сочи Олимпиадасы күндері де көрсетіп берді. Ажырасқанды қосып, араз­дасқанды татуластырып жүруге көбірек жүгінетін кезекті Олим­пиада қарсаңында Ресей мен Гру­зия арасындағы қырғиқабақ саясаттың салдарынан бір кездері жабылып қалған әуе жолы қайта қалпына келтірілді. Ол 6 ақпан күні жүзеге асып, Тбилисиден ұшып шыққан ақшаңқан лайнер  Сочиге келіп қонды. Осылайша 2008 жылғы белгілі оқиғаларға байланысты жабылып қалған екі қаланың арасындағы әуе қатынасы қайта ашылды. Осы рейспен Адлер аумағына Грузия олимпиялық құрамасының үш мүшесі ұшып келді.  Оның құрамында тау шаңғышылары Нино Циклаури, Ясон Абрамишвили және Алексей Бенианидзе сынды үш олимпиадашы ғана болды. Бұлардың арасындағы жалғыз қыз ертесіне Ойындардың салтанатты ашылу рәсімінде Грузияның мемлекеттік туын алып шықты. Сәл кейінірек бұлардың қатарына құраманың төртінші мүшесі – мәнерлеп сырғанаушы Елена Гедеванишвили қосылды. Грузин спортшыларының бұл Олимпиадаға қатысуы басында күмәнді еді. Өйткені, олар Со­чи­дегі ойындарға бойкот жарияламақ болды. Бұған 2008 жылы Оңтүстік Осетияда орын алған қарулы қақ­тығыс себеп-тұғын. Бірақ нәти­жесінде төрт жылдықтың бас­ты жарысынан шет қалып қой­мау жөнінде ұйғарым жасалды. Осы­лайша олимпиялық рух бас дүр­да­р­аздықты жеңіп, бейбіт қа­тар өмір сүру қағидаты үстемдік құрды. Сочиде осы күндерде дос­тық рәу­іштегі шынайы қарым-қаты­насқа шақырған тағы бір нышан – Олимпиялық татулық қабырғасы ашылды.  «Қысқы Олимпия ойындары-2014 ұйымдастырушы-қаласында Олимпиялық бітім­гершілік қабырғасы ашылды. Ол символикалық құрылыс пла­нетаның әр түкпіріндегі спортшылар мен функционерлерді бей­бітшілікті қалыптастыру қозға­лысы мақсатында біріктіруге бағыт­талған»,  дейді оны ұйымдас­ты­рушылар. Аталмыш қабырғаға Жер бетінде бейбітшілікті сақтау мақ­сатында олимпиялық татулық идеясын қолдайтындардың бәрі өз қолтаңбаларын қалдыра алады. Жалпы, Олимпиялық ойындардың қарсаңында Олимпиялық қала­шықтарда осындай шараны өт­кізіп, Олимпиялық татулық қа­быр­ғасын ашу көп жылдардан бері қа­­лыптасқан дәстүр болып келеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден. __________________ Дерек пен дәйек ● Олимпиададағы ең биік және ең салмағы ауыр қатысушы – хоккейден «Бостон Брюнс» командасы мен Словакия құрамасының капитаны Здено Хара. Оның бойы 206 см болса, салмағы 117 кг тартады. ● Ең аласа бойлы спортшы жапон мәнерлеп сырғанаушы қызы Наруми Такахаси екен. Оның бойы 146 см ғана. ● Ал салмақтары ең жеңілдер қатарында үш олимпиадашы бар. Олар – украин фристайлшысы Александр Окипнюк, австриялық трамплиннен секіруші Кьяра Хельцль және 9-сыныпта оқитын германиялық шорт-трекші Анна Зайдель. Бұлардың әрбірінің жеке салмағы – 43 кг.  ● Олимпиадаға қатысушылар арасында ең жасы – трамплиннен секіруші неміс қызы Джанини Эрнст. Ол 1998 жылғы 31 желтоқсанда туған. Бұдан кейінгі орында 1998 жылғы 29 қарашада туған жапон сноубордшы жасөспірімі Аюму Хирано тұр. ● Жастары ең  үлкен спортшылар қатарында да екі адам бар. Олардың ең «кәрісі» тегі мексикалық неміс ханзадасы, тау шаңғысымен айналысушы Хубертус фон Хохенлохе 1959 жылы 2 ақпанда дүнииеге келсе, келесісі – Доминика аралының өкілі, шаңғышы Анжелика Моррон ди Сильвестри 1965 жылы 25 қарашада туған. uliya-ipnitskaya

Липницкая – Ойындардағы ең жас чемпион

Ресей құрамасы сапында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста Олимпиялық ойындардың чемпионы атағына қол жеткізген Юлия Липницкая Ойындардың КСРО-ТМД/Ресей тарихындағы ең жас чемпионы атанып отыр. Еркін бағдарлама бойынша сайыс өткен сағатта Юлияның туғанына 15 жыл және 249 күн толыпты. Ал Ақ Олимпиаданың тарихындағы ең жас чемпион деген мәртебе Корея өкілі Ким Юн Миге тиесілі көрінеді. Ол 1994 жылы Лиллехаммерде өз елінің құрамасы сапында шорт-тректің эстафета жарысында алтын медаль жеңіп алғанда, туғанына 13 жыл, 85 күн толған екен. Елена Ильиных - Никита Кацалапов Ақтаудан шыққан Елена Ильиных Олимпиаданың алтын медалін алды Олимпиадада Ресей құрамасына алғашқы және әзірге жалғыз алтын медальді осы жолы Ойындардың бағдарламасына бірінші рет еніп отырған мәнерлеп сырғанаудың командалық жарысы алып берді. Осы сапта өнер көрсеткен Елена Ильиных пен Никита Кацалаповтың бишілер жұбы өзінің қола медалі арқылы командаға маңызды ұпай қорын қосты. Сөйтіп, құрама мүшелерімен бірге олар да Олимпиада чемпионы атанды. Ал Ойындардың жаңа чемпионы Е.Ильиных – біздің жерлесіміз. Ол 1994 жылғы 25 сәуірде Ақтау қаласында туған. Елена Руслановнаға кездейсоқ кездесіп қалғанда, соны білгендіктен, оны бірер минутқа кідіртіп, екі-үш сауалға жауап алып үлгерген едік. – Елена, жеңіс құтты болсын! Ақтауда туып, қалай мәнерлеп сырғанаушы болып жүрсің? – Рахмет. Менің бұрынғы Шевченко, қазіргі Ақтау қаласында туғаным рас. Туған-туыстарымыздың біразы әлі сол қалада тұрады. Ал мені 1998 жылы 4 жасымда Мәскеуде тұратын әжем әкетіп, үйдің жанындағы денсаулық тобына жаздырған. Конькиге тұрғаннан бастап оған құмарлығым қатты артып кетсе керек, алғашқы бапкерім Екатерина Волкова әжемнен көп ұзамай мені мәнерлеп сырғанаумен дендеп айналысатын басқа топқа беруді өтінді. Осылайша «Сокольникидегі» мектепке тап келдім. Бұл менің келешек тағдырымды шешіп берді. – Ақтауға барып тұрмайсың ба? – Шынымды айтсам, бара алмай жүргеніме біраз уақыт болып қалды. Бірақ барғым келеді. Туған жерімді тағы да көргім келеді. Оның үстіне, ол қалада тұрып жатқан туыстарымыз да көп. Мүмкіндік болып жатса, Олимпиада аяқталғаннан кейін барып қайтсам деймін. – Ақтаулықтар сенің чемпион болғаныңа алабөтен қуанып жатыр. – Оны білемін. Олимпия ойындары басталмай тұрғанда-ақ біраз жерлестерім анаммен хабарласып, маған сәлем жолдапты. Жерлестерімнің сырттай қолдап, жанкүйерлік жасап жатқаны мені ерекше қуантады. Қолдан келгенінше олардың үміттерін ақтап, сенімдерінен шықсам деймін. Ақтаулықтарға менің атымнан да сәлем айтыңыздар! Қысқа әңгімеміз осымен тұйықталды. Асығыс Ленаны бұдан артық ұстап тұра алмадық. Ал өз тарапымыздан қосатынымыз: Елена Ильиных бұл кезге дейін Еуропаның 2012 жылғы қола, 2013 және 2014 жылдарғы күміс жүлдегері, Ресейдің 2012, 2013 және 2014 жылдарғы күміс жүлдегері, әлемнің 2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы чемпионы болып үлгерген.