14 Ақпан, 2014

Шалғай қыстақта да шам самаладай жарқырайды

401 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЭнергетикаӘлемде «жасыл экономика» тіркесі әлдеқашан айналымға еніп кетті. Қазір экономикалық дамуға бағыт ұстаған елдер баламалы энергия көздерін пайдаланудың ұтымды жолдарын кеңінен қарастыруда. Соңғы жылдары біздің елімізде де күн сәулесін, жел күшін пайдаланып, энергия өндіру күн тәртібіне қойылуда. Бұл, әсіресе, малдың қамы, шаруаның жәйімен шалғай қыстақтарда отыратындар үшін таптырмайтын қондырғы. Сондықтан да, соңғы жылдары күн сәулесінен және жел күшінен энергия өндіретін қондырғыларды пайдалануға деген ықылас жоғары. Мұның тиімділігі қазірдің өзінде көріне бастады. Облыста баламалы қуат көздерін беретін қондырғыларды тікелей шетелден жеткізу және орнату жұмыстарымен айналысатын «Bazis Group KZ» ЖШС бұл бағытта өнімді жұмыс істеуде. Осыған дейін облыста желмен және күн сәулесінен қуат өндіретін он қондырғы, бірыңғай күн сәулесінен энергия өндіретін он екі аппарат орнатқан бұл серіктестіктің қазіргі қадамы үлкен тиімділіктерден үміттендіреді. Аталған серіктестік директоры Естай Сисенбаев аудандарды жиі аралап, балама қуат көзі қондырғыларының техникалық сипаттамаларының артықшылығын, күнделікті тұрмыста, жұмыста тиімділігін дәлелдеп келеді. Олардың түрлері, бағалары туралы нақты мағлұматтар береді. SAM_2333 SAM_2339 Бүгінгі таңда алыс жайылым­дық жерлерді пайдалану өте-мөте өзекті мәселеге айналды. Осы сәтте «Bazis Group KZ» ЖШС ұсы­нып отырған қондырғылар пайдалы әрі тиімді. Оларға осы өнімдерді таратуға қатысатын қаржылық институттар арқылы қол жеткізуге болады. Қолайлы және тиімді бағамен лизингке алуға жол ашылуда. Сонымен қатар, «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламасы бойынша аталған қондырғыларды субсидиялау­ әдісімен қаржыландыруға мүм­кіншіліктер бар. Осындай қондыр­ғыларды лизингке сатып алып беруге «ҚазАгроҚаржы» АҚ батыл қадам жасап отыр. Байғанин ауданындағы «Мерей и К» ЖШС кәсіпкерліктің көптеген саласымен айналысады, көлік қызметін ұсынады, құрылыс салады, мейрамхана бизнесін көрсетеді. Елуден астам түрлі техникасы бар. Соңғы жылдары мал өсіруді қолға алған серіктестікте қазір 400 қой, 80-нен астам жылқы, 200-дей ірі қара бағылуда. Мұнша малды ауылдың іргесінде ұстау мүмкін емес. Сондықтан оларды аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Қарағанды қыстағында бағып отыр. Мақсот Қуатов, Жандарбек Маханов бастаған он малшы осынша малдың бағым-күтімін келістіреді. Серіктестік басшысы Төлеген Шәудір осы алыс қыстақта электр қуатының болмағанына қынжылып жүретін. Жақында шалғай қыстаққа электр қуатын жеткізудің сәті түсті. Бұл жолы тағы да «ҚазАгроҚаржы» АҚ көмекке келді. Тағы да дөп баса көрсетуіміздің де өзіндік себебі бар. Серіктестік басшысы Төлеген Шәудір бұған дейін де акционерлік қоғамның қаржылай қолдауын көріп жүрген. Одан лизингке екі «МТЗ - 82» тракторын, шөп тайлағыш, «КамАЗ» автокөлігін алған. Бұл жолы да ойланбастан оның қаржылай қолдауына иек артты. Сөйтіп, «Bazis Group KZ» ЖШС ұсынған Германия технологиясымен шығарылған күн сәулесінен және желден энергия өндіретін қондырғы орнатуға келісім берді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қуат үнемдегіш технологияларды қаржыландыруға арналған жаңа бағытын сәтті кәдеге асырған кәсіпкер сөйтіп қаржыны он есе үнемдеді. Қазір неміс технологиясымен жасалған қондырғыны 5,5 миллион теңгеге несиеге алды. Мамандардың айтуынша, әдеттегі жолмен электр желісін жүргізсе, шығын 50 миллион теңгеден асатын еді. – Жаңа инвестициялық бағыт мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. «Жасыл экономикаға» алғашқы қадам жасап, жел мен күн энергиясын пайдаланушы шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Мерей и К» шаруа­шылығына неміс қондырғысы орнатылды. Құны – 5,5 миллион теңге. Оның алғашқы 15 пайызын шаруашылық, қалған 85 пайызын акционерлік қоғам төледі. Несие он жылға берілді, – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың өкілі Ринат Кемешов. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жасыл экономика», яғни балама энергия көзін пайдалану туралы баса айтылған болатын. Бүгінде жел мен күн энергиясын пайдаланып, сағатына 5 кВт қуат алып отырған «Мерей и К» серіктестігі су сорабының жұмысын қамтамасыз етуге, базды толығымен жарықтандыруға, теледидардың, тоңазытқыштың және ұсақ тұрмыстық электр құралдарын токқа қосуға мүмкіндік алды. Елімізде алғаш болып құжат тапсырып, үнемдеуге кіріскен шаруашылық қыстың қамын да жасап қойған. 1800 тай шөп, жем дайындап алған. Серіктестік директоры Төлеген Шәудір шаруашылығындағы үш мың гектар аумаққа тағы да қосымша үш мың гектар жер алмақшы. Сөйтіп, кәсібін кеңейтіп, мал басын арттыруды мақсат етуде. Қолындағы мал тұқымын асылдандыруға бағыт ұстаған серіктестік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 11 миллион теңге жеңілдікпен несие алып, оған Батыс Қазақстан облысынан 20 қазақтың ақ бас сиырының асыл тұқымды бұқасын, сондай-ақ, еділбай тұқымды 30 қошқар сатып алған. Жұмысшыларына 2009 жылы 2 тұрғын үй, 2010 жылы 4 тұрғын үй салып, түрлі әлеуметтік шараларға демеушілік көрсетіп жүрген кәсіпкер мүгедек жандарға да қамқорлығын аямайды. Сол үшін де «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша Президенттің «Парыз» сыйлығын иеленді. Ал биыл «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында 12 миллион теңгеге екі бөгетті жөндеп берген. – Инновациялық қондырғыға, әсіресе, жылыжай бизнесін қолға алған кәсіпкерлер көп қызығады. Оларға неміс технологиясы бойынша шығарылған қондырғылар ұсынылады. Себебі, Германия зауыттарында дайындалған заманауи аппарат бұлтты күні де бойына қуат жинай алады. Мұндай қондырғыларды Израиль мен Қытай да шығарады. Бірақ олар әзірлеген құрал үшін күннің тура түсуі қажет. Ал неміс қондырғысына күн сәулесінің тура түсуі шарт емес, сәл жарық болса жетіп жатыр,– дейді Ринат Кемешов. Дәл осы қондырғыға еліміздің 28 шаруа­шылығы тапсырыс жасаған. Жалғыз шаруа­шылықтың «қалтасы көтермесе», бірнеше кәсіп­кер бірігіп, ұжымдық тапсырыс бере алатын көрінеді. – Жел қондырғысында өзін-өзі қорғау құрылғылары бар. Толық қуат алғанда және қатты жел соққанда құрылғы автоматты түрде тоқтайды, кейін қайта жұмыс жасай береді. Сонымен қатар, электр энергиясын қажет етпесеңіз оны сөндіруге болады. Ұтқыр тұсы – күн көзін тікелей қажет етпейді. Бұлтты күндері де қондырғы өзіне қажетті энергияны жарықтан ала алады. Мәселен, «Мерек и К» ЖШС 5 кВт болатын қондырғыны сатып алды. Мұнда күн сәулесінен 3 кВт, желден 2 кВт қуат өндіріледі. Жиналған қуат аккумуляторға барады, – дейді қондырғы орнатушы «Bazis group kz» ЖШС директоры Естай Сисенбаев. Оның айтуынша, жаңа қондырғыларға тапсырыс беруден Ақтөбе кәсіпкерлері алда келеді. Әсіресе, облыс орталығынан шалғай орналасқан Ырғыз, Ойыл, Қобда, Байғанин аудандарындағы шаруалардан сұраныс жоғары. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарынан да тапсырыс бар екен. Ол жақында Астанада өтетін бірінші халықаралық баламалы энергия көрмесіне қаты­суға баратынын да қуана жеткізді. Яғни бұл серіктестік орнатып жүрген күн және жел қондыр­ғыларын қызығушыларға ұялмай ұсынуға болады деген сөз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы.