Қазақстан • 19 Қазан, 2021

Қандастар жолында әлі де кедергі көп

435 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Этностық қазақтар үшін ҰБТ-ны алып тастау. Дайындық курстарының бағытын тілдік курстарға өзгерту. Қандастарымызды шетел азамат­ты­ғынан шығару мәселесін дипломатиялық келіссөздер немесе үкімет­ара­лық келісімдер арқылы шешу. Осы және өзге де маңызды ұсыныстар «Отан­дастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның жетінші оты­рысында кеңінен талқыланды.

Қандастар жолында әлі де кедергі көп

Қоғамдық комиссияның кезекті отырысына Сенат депутаты, комиссия төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайрат­ке­рі Қаржаубай Сартқожа, Сенат және Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барысында «Қандастарға ҰБТ тапсыру механизмін оңтайландыру немесе ҰБТ-дан басқа да альтернативті жолдарды ұсыну», «Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау мә­се­лелері: әлемдік озық үлгі және қа­зақ­стандық тәжірибе», «Азаматтық алған қандастардың шетелдегі еңбек өтілдерін есепке алу» тақырыптарында баяндамалар жасалып, оларды сол­түс­тік өңірге орналастыру, Қазақс­тандағы репатрианттардың қос аза­мат­ты­ғы, зейнетақы төлеу секілді өзекті мә­се­ле­лер көтерілді.

Қоғамдық комиссия отырысында Білім және ғылым министрлігіне қан­дас­тардың Қазақстандағы оқу орындарына түсуіне қатысты бірнеше нақты ұсыныс жасалды. «Отандастар қоры» КеАҚ-тың вице-президенті Мағауия Сарбасовтың мәлімдеуінше, бүгінде оларға Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждеріне түсуге арнайы бөлінген мемлекеттік квота 2-ден 4 пайызға дейін ұлғайған. «Елімізде шетелден келген азаматтарымызға тегін білім алуға барлық жағдай жа­сал­ған. Болон процесі және акаде­мия­лық ұтқырлық орталығының Сти­пен­диялық бағдарламасы арқылы білім алу мүмкіндігі де бар. Алайда бұл бағдарламалардың қатысушылары негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан және Ресейден келген қан­дастар. Оның ішінде Моңғолия мен Өзбекстандағы отандастарымыз үшін қазақстандық бағдарламалар сұра­ныс­қа ие. Себебі тек осы елдерде ғана қа­зақ тілінде білім беретін мектептер жұ­мыс істейді», деген М.Сарбасов оқуға түсуге ниет білдірушілердің саны жыл сайын артып келе жатқанымен, керісінше нақты оқуға түскендер санының азайғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұған ҰБТ емтихандарын тапсыру кезіндегі қиындықтар кедергі келтіруде. Осыған орай комиссия өкілі шетелде тұратын этностық қазақтарды Қазақстанның білім беру жобаларына тартудың әдіс-тәсілдерін қайта қарауды ұсынды. Пандемия кезінде ҰБТ тапсыруда туындаған бірқатар мәселеге жеке-жеке тоқталған баяндамашы ҚХР, Тәжікстан, РФ, Түрікменстан секілді қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкімет­ара­лық білім беру гранттары бойынша этностық қазақтарды көбірек тарту қажеттігін де алға тартты.

Жиында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына» елімізге шетелдерден қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыздың көптеп жүгінетіні де сөз болды. Олардың басым бөлігі шетел азаматтығынан шыға алмай жүргендіктерін айтып, көмек сұрайды екен. Солардың дені – Қытай мен Өзбекстаннан келген азаматтар. Бұл жайында: «Ата Заңы­мыз­дың 10-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 3-бабына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа ты­йым салынған. Шетел азаматы бір мезгілде Қазақстанның да азаматы бола алмайды», деген жиынға қатысу­шы­лар бұл мәселенің бұрыннан бері көтеріліп келе жатқанын да ескертті.

Тәуелсіздік жылдарында Қытайдан 360 мыңға жуық қандасымыздың қоныс аударғанын хабарлаған М.Сарбасов: «Олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ кейбір қандастарымыз Қытай азаматтығынан шығу рәсімдерін орындамағандықтан, Қы­тайға кері қайтқан кезде түрлі қиындық­тарға тап болуда және Қазақ­стан Конститутциясындағы талап­тар­дың орындалмауына әкеп соқ­ты­руда», деп мәселені ашығынан жет­кізді.

Осыған орай жиында Сыртқы істер министрлігіне Қазақстандағы репатрианттардың қос азаматтық мәсе­лесін шешу жолдарын қарастыру, шетел­дегі қазақ мәдени орталықтарын қол­дауды күшейту және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­­лігімен бірлесіп азаматтық ал­­ған қандастардың шетелдегі ең­бек өтілдерін есепке алу, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Солтүстік Қазақстан облысында қан­дас­тарды орналастырудың ауқымды жұмыстарын жан-жақты және толық ақпараттандыру бойынша қолдауды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.

Қоғамдық комиссия отырысында сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қандастарды бейімдеу және ықпал­дас­тыру орталықтары бойынша тұрып жатқан қандастардың тұру мерзімін ұзарту, шеттен келгендерді тұрақты тіркеу, азаматтық алған қандас­тар­дың азаматтық алмаған отбасы мү­ше­лерімен бірге тұру мәселелері бо­йын­ша тиісті құқықтық актілерге өзге­рістер мен толықтырулар енгізу жө­ніндегі ұсыныстар жолданды.

Комиссия отырысында шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарын қар­жылай қолдау мәселесі де қызу тал­қыланды. Мәселен, қазақтар қалың шоғырланған 6 шетелде – Ресейдің Омбы қаласында, Германияның Берлин, Түркияның Ыстанбұл шаһарында, Өзбекстан астанасы – Ташкентте, Украинаның Киев қаласында және Қырғыз Республикасының бас қаласы – Бішкекте Аbai Yui мәдени-іскерлік үйі ашылған. Алдағы уақытта тағы екі елде «Абай үйін» ашу жоспарланып отыр. Алайда отырысқа қатысушылар «Абай үйлері» ашылғанымен шеттегі эт­ностық қазақтармен қарым-қа­ты­настың қарыштап дами қой­ма­ға­нын мойындап отыр. «Оның басты себебі – қайтадан қаражатқа келіп тіреледі», дейді Мағауия Қанапияұлы. «Аbai Yui мәдени-іскерлік үйлерінің жұмысын жандандыру үшін Сыртқы істер министрлігі тарапынан жасалатын нақты қолдау ретінде этностық қазақтар қалың шоғырланған елдердегі Қазақстан елшіліктері ғимараттарынан арнайы бөлмелер бөлініп, кеңселік керек-жарақтармен толыққанды қам­та­масыз етілсе және оларды қар­жы­лан­дырудың заңды тетіктері реттелсе, жос­парлы жұмыстар мен тың жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға кеңінен жол ашылар еді», дейді ол.

Осыған орай жиын соңында қан­дас­тарды бейімдеу және ықпал­дас­ты­ру орталықтарын бар­лық өңірлерде ашу мәселесін өзек­тендіру Үкімет жа­нындағы Шетелдегі отандастармен мә­де­ни-гуманитарлық байланысты дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының қарауына жіберіледі.