Тарих • 20 Қазан, 2021

Өркениет өзегі – Ұлық ұлыс

68965 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Өркениет өзегі – Ұлық ұлыс

Ұлттық сананы тарихи сана тірілтіп, түлете алады десек, терең тамырдан желі тартқан қастерлі жады жаңғыратын сәтте салиқалы ұстаныммен шешімін табуға тиісті келелі мәселенің бірі – ұлттық тарихқа шынайы әрі дәйекті көзқарас қалыптастыру жұмысы екені анық.

Шын мәнісінде біз күні кеше ғана тарихы тоналған, жадысы жо­ғал­ған пұшайман жұртқа айнала жаз­да­ғанбыз. Соңғы үш ғасырдың мұғ­да­рында қазақ халқының тарихи санасы XVIII ғасырдың басындағы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан бастап, ХХ ғасырдың бірінші жар­ты­сындағы ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін, ұлт зиялыларының дүр­кін-дүркін репрессияға ұшырау зұл­матында сұрапыл жарақат алды. КСРО халықтарының тарихи санасын ойрандаған тоталитарлық режімнің пәрменді жүргізген қитұрқы саясаты ұлттық жадыны жаңылдыруға жүйелі бағытталғаны белгілі.

Егер қапелімде бір адам қатты соққы алып, есінен айырылып қалса, оны емдеудің өзі ұзаққа созылады, ал тұтас халықтың санасы зақымданса, мұны қалпына келтіруге аз уақыт кетпесі анық. Бұл бағытта соңғы отыз жылда қыруар жұмыстар жүзеге асырылғаны қомақты нәтижеге қол жеткізуге мүм­кіндік тудырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» стратегиялық бағдарламалары қасаң түсініктерге соққы беріп, ұлтты рухани түлетуге негіз қалады. Бұл бағытта соңғы 30 жылда елімізде әртүрлі ауқымды жобалар жүзеге асырылды, халықтың жадын жаңғыртуға екпін берілді.

Бұл бағыттағы соңғы жылдарда атқарылған маңызды бастаманың бірі Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихын халықпен қауыштыру, байтақ мұраны зерделеп дәріптеу жұмысы болды деп айтуға толық негіз бар.

Тоталитарлық режім кезінде хал­қымыздың жадынан көне тарихы­мыздың осынау қаһармандық кезеңін мүлде өшіріп, ұмыттыру үшін жаза мен цензураның ауыр түрлерін қолданды. 1944 жылы Алтын Орда тарихымен шұғылдануға КОКП ОК қаулысымен тыйым салынып, жазалау науқаны бас­­­талды, бір сөзбен айтқанда дүниежүзілік соғыс өршіп тұрған күннің өзінде Жошы, Едіге, Орақ, Мамай, Сыпыра жырау секілді қаһарман тұлғалардың аруағына қарсы майдан қатар жүргізілді. Қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, телеуіт секілді бауырлас елдердің ортақ мұрасы – «Едіге» тарихи эпосы талқандалып, архивтің түнегіне тасталды. Тарихи жырлар шоғырын зерттеген Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Қайым Мұхамедханов сынды көптеген қазақ ғалымдары партия қаулысымен «өрескел саяси қателігі үшін» қуғын-сүргінге ұшы­рады. Бауырлас халықтардың көр­некті ғалымдары да, жырды айтып жүр­ген майталман жыршылары да айып­­талып, нақақ жазаланды.

Алайда халық аруақты хандары мен айбынды батырларын қатал заңмен ты­йым салынғанына қарамастан, әз тұтып құрметтеп келді, «жылымық кезең» басталғанда осы жабық тақырыпқа батылдықпен барған сергек тұлғалар болды. Мәселен, мұзжарғыш кемедей сірескен тоңды талқан еткен Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи трилогиясы халықтың өз тарихына деген шексіз сүйіспеншілігін дүр сілкіндіріп оятты.

Дегенмен еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін Алтын Орда тақырыбы бірден түбегейлі зерттеудің арнасына түсіп кете қоймағанын айта кету ләзім. Бұл ретте Отан тарихының ор­та­ғасырлық қабатын игеруге үлкен дайындық қажет екені айқын жайт. Әйткенмен, Жошы ұлысы тарихын қазіргі ғылыми жетістіктің деңгейінде игеруге мүмкіндік дер кезінде келді деп ойлаймыз.

Алтын Орданың Қазақ хандығының және қазіргі Қазақстанның тарихи бастауы ретіндегі қызметі алғаш Елбасының «Ұлытау сұхбатында» (2014), сондай-ақ 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараларындағы сөйлеген сөзінде: «Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагері» деп тайға таңба басқандай айтылған еді.

Ал 2019 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Алтын Орда­ның 750 жылдығын атап өту туралы тапсырма берілді. Бұған дейін Мемлекет басшысы «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумда Ұлы­тауды «қазақ халқының қасиетті алтын бесігі, қазақс­тандықтар қадірлейтін тарихтың куә­гері» деп бағалап, XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында хандық биліктің тізгінін уысында ұстаған Жошы ханның кіндігінен тараған қаһарман әулеттің мемлекеттік дәстүріміздегі жетекші орнын ерекше атап өткен еді. Одан кейін Алтын Орданың мерейтойы әртүрлі деңгейдегі бірқатар игі іс-шара арқылы атап өтілді. Бұл маңызды бастамаға Қазақстан Үкіметі мен Президент Әкімшілігінің қолдауын айрықша атап айтқан жөн.

Бұл бағытта  ғылыми құрылым­дар­дың ішінде Түркі академиясы Алтын Орда тақырыбы бойынша бір­қатар ғылыми монография жариялады. Академия 2017 жылы «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты халықаралық экспедиция, сондай-ақ 2019 жылы Парижде ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты халықаралық форум, Таразда 1269 жылғы Талас құрылтайының 750 жылдығына арналған халықаралық ауқымды ғылыми іс-шара өткізді. Академия жобалары аясында Рашид-ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарих», «Моңғолдың құпия шежіресі», Шараф-ад-Дин Яздидің «Зафар-наме» сияқты тарихнамалық ескерткіштері аударылып, жарыққа шықты.

Бұл бағыттағы жақсы жаңалықтың бірі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Жошы ұлысын зерттейтін арнайы ғылыми институт ашылғалы отыр. Институттың басты міндеті – орта ғасырлар мен жаңа дәуірдегі Қазақстанның сая­си, этномәдени, әлеуметтік және әске­ри тарихының негізгі мәселелерін ке­шенді зерделеу. Бұл бағыттың тұ­жырымдамасы бойынша зерттеу ны­санын Жошыдан бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі тарихи кезең сабақтастықта кіреді. Институт­тың алдында алдымен деректану, археология, нумизматика салаларына қатысты ауқымды міндеттер тұр.

Бүгінде қоғамымызда осы дәуірге қатысты тарихи зерттеулерге, көрнекті альбомдар мен деректі фильмдерге, шынайы ғылыми және ғылыми-танымдық туындыларға деген қажеттілік өсіп келеді. Жаңадан құрылып жатқан инс­титут мемлекет басшылығы жүктеген осы міндеттерді орындайды деп сенеміз.

Жалпы алғанда, бүгінде Ұлық ұлыс тарихын зерттейтін Қазақстанның өз мектебі қалыптаса бастады деуге негіз бар. Еліміз Ұлық ұлыстың ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналуда. Бұл ретте, мемлекеттілік тарихын Алтын Ордадан тарататын әртүрлі елдің ғалымдарының да ғылыми әлеуетін біріктіріп, ортақ мұраны бірлесе зерттеу аса маңызды. Осы ретте, Қазан ғалымдарының зерттеу әдістерімен тәжірибе алмасу ба­ғыттарын да қа­растыру қажет деген ойдамыз.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алтын Орда дәуіріне арналған ауқымды тарихи кинофильмді түсіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан өзге, қазіргі уақытта қазақс­тандық және шетелдік тарихшы ға­лымдар Қазақстанның 7 томдық ака­демиялық тарихын әзірлеуде. Бұл іргелі еңбектің 3 томы толығымен Алтын Орда тарихына арналады. Шын­туайтында, 2014 жылға дейін мұның бәрі орындалмайтын арман сияқты көрінетін еді, бірақ уақыт талабы қажет­тілікті тудырып, қастерлі тарихымыз түгенделе түсуде.

Ұлытауда мемориалдық кешенді қалпына келтіру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, бірқатар игі шара атқарылды. Бұл тұрғыда, Қарағанды облысы әкімдігінің атқарған орасан зор жұмысын арнайы атап өткен жөн. Атап айтқанда, осы қыруар істің нәтижесінде күллі әлем әйгілі Шыңғыс әулетінің жер бетіндегі жалғыз айғағы болған киелі кешен – Жошы хан кесенесінің ұлты­мыздың ұясы Ұлытауда сақтал­ғанын білді. Ұлытау ауданы республикалық маңызы бар туристік орталыққа айналды. Келесі міндет –тарихи-рухани маңызы зор Ұлытау өңіріндегі ес­керткіш кешендерді ЮНЕСКО-ның материалдық мұралар тізіміне енгізу болса керек.

Алтын Орда мемлекетінің жарғы-түзімінің арқасында әлемнің түрлі ұлт-ұлыс өкілдері, әрқилы нәсілдер мен діни наным-сенім өкілдері бір шаңырақ аясында жарастықта өмір сүргенін зерттеушілер тиянақты дәлелдеп келеді. Халқымыздың жатты жатырқамайтын үйлесімділік пен үндестікті ардақтайтын ізгілікті дәстүрінің түп-тамыры Алтын Орда дәуірінде түбегейлі қалыптасып шыңдалғаны анық. Қазіргі генетика ғы­лымының жетістігі көптеген қа­зақ руының бастауын Ұлық ұлыстың даңқ­ты дәуірінен тарататын көне шежі­ре­лердің ақиқаттығын растап отыр. Жалпы, қазақ халқының ру-тайпалық тарихы мен шежірелерін Алтын Орда тарихы контекстінде қарастырған жөн. Себебі қазіргі қазақ халқының құ­­рамындағы ру-тайпалардың бір­қатары Алтын Орда құрамында болған өзге түркі халықтарында молынан ұшырасатыны белгілі. Бұл орайда қазақ халқы көшпелі ғана емес, сонымен бірге қалалық негіздегі түркі-мұсылман өркениетінің мұрагері де болған деуге дәлел жеткілікті. Берке ханның ислам мәдениетін енгізу үрдісі әз-Жәнібек тұсында қуаттанып, ислам мемлекеттік дін ретінде орныға түсті. Осы тұстан бастап, Еуразия кеңістігінде көне түр­кілік дәстүрден түркі-мұсылмандық мә­дениетке бет бұрған жаңа тұрпатты өркениет қалыптаса бастады.

Ұлы даланың тамырлы тарихы арқылы Қазақстан Еуразияның гео­графиялық орталығы ғана емес, сонымен қатар, ең алдыменен, сауда жолдары мен мәдени құндылықтардың алмасу торабы – «Еуразия жүрегі» ретінде қабылдануда. Әлбетте, Алтын Орда – бұл жай ғана мемлекеттік құ­рылым емес, ол бүгінде біз «Еура­зиялық» немесе «посткеңестік» деп атайтын кеңістіктің барлық дерлік халықтарының тарихына арқау болған өркениеттік матрица.

Ұлық ұлысты зерттеп зерделеудің игерілмеген бағыттарының бірі – шар­уашылық және экономикалық ас­­пектілері. Қазір қайта жаңғырған Жібек жолына иелік еткен, шығыс пен батысты, түстік пен теріскейді бай­ланыстырған Алтын Орданың қуатты экономикасы болғаны белгілі. Алтын Орда дәуірінің сауда-саттық жолдары мен әлеуетін зерделегенде нумизматика саласын қарастыру маңызды. Сол арқылы Ұлық ұлыстың дәуірлеу және құлдырау кезеңдеріне нақты айғақтар таба аламыз.

Жалпы алғанда,  XVIII-XX ғасыр­лар­да тарих сахнасына шығып, халық­тарды құлдыққа салып қанау және мә­дениет­терін қиратуға негізделген кейбір «классикалық» империялардан Алтын Орда мемлекеті түбегейлі өзгешеленеді. Мысалы, көптеген империялар өздері жаулап алған елдердің жер-су атауларын, елді мекендерін өзгерту арқылы ұлт жадын жоюға тырысқаны тарихтан белгілі. Ал құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың тілі мен дініне, салт-дәс­түріне ешқандай қысым жасамаған Ұлық ұлыс олардың мәдениеті мен әдебиетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қос­ты. Үлкен континенттің бірқатар мем­лекеттері мен халықтарына даму жолын ашып, жаңғыртушы жасампаз қызмет атқарды.  Сондықтан Ұлық ұлыс – бірін-бірі жоюшы емес, ке­рісінше, бір-бірін толықтырушы «мә­дениеттер мозаикасын» қолдайтын, орнық­қан әрі тиімді мемлекет тетігі арқы­лы қалыптасқан тұтас жүйе. Ол мем­­­лекеттің тетігі – меритократия прин­­­­­ципіне, сондай-ақ вертикалды бас­­­­қару мен адамның жеке тұлғасына құр­­метпен қараудың үйлесіміне негі­з­делген еді. Сондықтан Ұлық ұлыс та­ри­­хынан қазіргі жаһанданудың, гуманизм идеяларының, адам құқықтары мәр­тебесінің алғышарттарын байқауға болады.

Осынау ұлы Еуразиялық өркениетті туғызған пассионарлық қуат кезінде көшпенділерден мұра болып қалғаны жасырын емес. Әлеуметтанудың атасы Ибн Халдунның тұжырымдарына сәйкес «асабия» термині (біз оны бүгін «пассионарлық» деп жиі қолданамыз) әуелде дәл осы көшпелілер қоғамына тән болған. Көшпелі жұрттың табиғи белсенділігі нәтижесінде қала мәдение­тімен дамыған өркениеттер пайда болды.

Қоғамдық сананың осы жаңа пайым­дарының нәтижесінде Алтын Орда дәуірі мен оның бай мұрасы тәуелсіз Қазақстанның ішкі ғана емес, сыртқы саясатының да факторына айналуда. Ата-бабаларымыздың өсиеттеріне сәйкес қазіргі Қазақстан Республикасы да халықаралық аренадағы теңдікті сақтау мен бітімгершілік жолын ұс­тануда.

Тарих қоғамдық сана факторы бол­ғандықтан, маңызды мәселелерге арнайы тоқталу қажет, себебі кейбір өтімді тақырыптарды бұрмалап сау­далау бүгінгі күні әдетке айналған. Ай­талық, Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, хандарымыздың бабасы Жошының шығу тегі туралы әу баста жалған дақпырт таралған. Жошының бауыры Шағатай айтты деген өтірік өсек­ Ұлықбек сынды ортағасырлық бір­қатар танымал тарихшы тарапынан әлденеше рет теріске шығарылса да күні бүгінге дейін кейбір тарихшы мен публицистер сол мәліметтерді жауапсыздықпен қолданып келеді. Қазіргі таңда, Жошы ұлысының мирасын біздің тарихи мемлекеттілігіміздің іргетасы ретінде қабылдап жатқан тұста, бұл мәселенің таза ғылыми сипатымен қоса саяси астары да бар екенін ескерген абзал. Сондықтан бұл тақырыпты дәйектілікпен ыждағатты түйіндеп, нүкте қоятын уақыт жетті. Осыған орай, Жошы Шыңғыс ханның туған ұлы және оның заңды мұрагері деген бұлтартпас тарихи фактіні тұжырымдама еткен орынды. Егер ол Ұлы қағанның сүйікті белбаласы болмағанда Шыңғыс ханның өзінен кейінгі екінші тұлға ретінде мәртебеге көтеріліп, алып империяның жартысын билеп, ұлыстардың ішіндегі қуатты әрі ең ауқымды Дешті Қыпшақ – ұлы еуразиялық мемлекетінің иесі болар ма еді.

Жошының тарихи тұлғасы мен оның саяси мұрасын зерттеу бағытында әлі де қыруар жұмыстар кезек күтіп тұр. Алда, дәлірек айтқанда, 2025 жылы Жо­шының таққа отырғанына 800 жыл толады. Осыған орай, атаулы күнге қатысты дайындық жұмыстарын бүгін­нен бастаған абзал.

Оқулықтарға Жошы мен оның Ұлысы туралы шынайы деректер ен­гізілуі керек, әрбір қазақстандық оқу­шы мектеп қабырғасынан бастап Алтын Орда, Талас құрылтайы, Жошы, Бату, Берке, Қайду, Өзбек хан және әз-Жәнібек туралы деректерді біліп өсуі керек. Жалпы, ғұмырнамасы Қазақстан тарихымен тікелей байланыс­ты Жошы, Берке және Қайду сынды тарихи тұлғалардың мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге және насихаттауға баса назар аударатын уақыт жетті. Бұл тарапта, Түркі академиясы Жошы мен Беркеге арналған екі ғылыми монография жариялады.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни 1990-жылдары қызбалыққа салынып тарихи мәліметтерге байланысты түрлі қияли мифке бой алдыру өткінші бір кезең ретінде есте қалары хақ, дегенмен арада 30 жыл өтіп кемелдену кезеңіне аяқ басқанда, осы «сәбилік сырқаттан» арылып, тарихқа деген әділ әрі байыпты көзқарасты қалыптастыратын уақыт келді деп ойлаймыз.

Әрине, Ұлық ұлыс – Алтын Орда тақырыбын терең әрі ғылыми тұрғыда бейтарап зерттей отырып, Ұлық ұлыс мұрасын сауатты түрде насихаттау қа­жет. Бұл ретте еліміздің қалаларындағы көшелер мен даңғылдарға Ұлық ұлыс тарихының көрнекті тұлғаларының есімдерін беру қажет. Ең аз дегенде, елордада Ұлыс дәуірінің құжаттарын, көне теңгелері мен қару-жарақтарын жақыннан көріп, байтақ тарихымыздың алтын дәуірі жайында қызықты деректермен таныса алатын Ұлық ұлыс мұражайы құрылуы керек.

Қоғам Алтын Орда тарихының сю­жеттеріне негізделген жоғары сапалы фильмдерді күтуде. Қазақстандағы кинотеатрларда көрсетілетін кез кел­ген тарихи фильмге үлкендерден бас­тап жасөспірімдерге дейін толық ке­ле­тіні белгілі. Яғни қоғамның ұлттық тарихқа деген сұранысы өте жоғары. Сондықтан, біз жақында экраннан Ұлық ұлыс тарихы туралы тамаша туындылар көреміз деп үміттенеміз. Бұл көрермендерге өздерінің өткен тарихы туралы мақтаныш сезімін оятып, болашаққа деген жауапкершілікті сезіндіруге ықпал етеді деп ойлаймыз.

Иә, болашаққа деген жауапкершілік сезімі әрқашан өткеннің мақтанышына негізделеді. Сондықтан да ұлттық са­наның негізін дәл осы қазыналы тарих құрайды деп тұжырымдауға болады. Тарихымызды, оның құнды­лықтары мен мұраттарын білу біздің қайда бет түзегенімізге және кім бол­ғы­мыз келетініне тікелей байланыс­ты. Міне, сондықтан біздің қы­сыл­таяң шағымыздағы ұлттық тарих са­ласындағы мемлекет саясатын ай­қындайтын тарихшыларға, өнер адамдарына және мемлекет қайраткерлеріне түсетін жауапкершілік орасан зор болса керек.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы бекіткен «Ұлттық рухани жаң­ғыру» жобасы тарихи сананы қалып­тастыруға, өткенімізді зерделеп, шынайы көзқарасты дамытуға, осы са­ладағы академиялық ғылымның же­тіс­тіктерін нақтылауға ықпал етеді. Біз стратегиялық маңызы жоғары осынау ұлттық жобаны жүзеге асыруға отандық ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері барлық күш-жігерін салады деп сенеміз.