Қоғам • 19 Қазан, 2021

Халықтың табысы өскен

535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Цифрлар сап түзеген сөйлемдерден қорқу керек. Себебі онда шындықтың үлесі кемшін болмақ. Әсіресе, Қазақстанда. Десе де қоғам температурасын өлшеп отыратын порталдар ұсынған кейбір санайғақтарды ескермей қалуға тағы болмайды. Мұның бір жақсысы – кейін ой қорытуға, артық пен кемді саралап, таразылауға таптырмас олжа. 

Халықтың табысы өскен

Жақында Ranking мониторинг порталы қызық деректі жария етті. Онда қарыз бен несиенің қазақстандықтар үшін қорқынышты емес екені айтылып, 10 тұрғынның 9-ы ешқашан төлем проблемасына тап болған емес дейді. Дәл бұлай өмір сүріп жатпағанымызды ішіміз сезсе де, әрі қарай оқи түселік.

Пандемияға қарамастан ел тұрғындарының қаржылық табысы төмендеген жоқ деп жазады Ranking. Екінші тоқсанда жан басына шаққандағы табыс көрсеткіші 205,5 мың теңге болған. Бір жылда – 12,6 па­йыз өсім. Аталған кезеңде жыл­дық инфляцияның 7,5 пайыз деңгейінде болғанын ескерсек, аталған сома ел тұрғындары төлем қабілетінің артқанын аң­ғартады. Ал табыстың тұты­нуға кеткен бөлігі жан басына шаққанда 202 мың теңгені құра­ған. Бұл бойынша 17,9 пайыз өсім бар.

«Осылайша, биыл табыс та, оның ізін ала қаржылық мүмкіндіктер де, тұтынушылық тәбет те артты. Бұған қатаң ка­ран­­тин шектеулері кезіндегі ке­йін­ге қалдырылған сұраныс та өз әсерін тигізді», делінеді зерттеуде.

Ұлттық статистика бюросы­ның зерттеуінше, ұзаққа со­зыл­ған «коронадағдарысқа» қарамастан ел тұрғындары өз­дерінің қаржылық жағдайына риза. 56,3 пайыз тұрғын ішінара қанағаттанса, 0,6 пайыз респондент өз қаржылық жағдайына разы еместігін айтқан, тағы 2,9 пайызы жауап беруге қиналған. 60,5 пайыз қазақстандық биыл әл-ауқатының өзгеріссіз қал­ғанын айтса, 33 пайызы «жағ­дайым жақсарды» деп жауап берген, 6,5 пайыз қатысушы әлеу­меттік ахуалының төмен­дегенін жеткізген.

«Тұрғындар табысының 93 пайызын – 183,2 мың теңгесін тұтынушылық шығындарға жұмсаған. Оның 105,6 мыңы азық-түлік тауарларына, 45,2 мыңы азық-түлік емес тауар­ларға және 32,4 мыңы ақылы қыз­меттерге кеткен. Ең аз шы­ғын несие мен қарыздарды өтеу сегментінде байқалған – 10,2 мың теңге. Былтырмен салыстырғанда 14,5 пайызға өсу бар. Бұл – ең аз өсім. Өйткені салық және өзге де төлемдер бір жылда 47,5 пайызға, ал материалдық көмек және алимент 25,3 пайызға көбейген. Жалпы алғанда, қарыздар мен не­сие­лер қазақстандықтарға ай­тар­лықтай қысым жасап отыр­ған жоқ. Сауалдамаға қаты­су­шылардың үштен екісі (62,8 па­йыз) соңғы он екі айда несие төлеу қиындығына ұшы­ра­­маған. 26,9 пайыз адам үшін не­сие мәселесі өзекті болмаса, 6,9 пайызы несие төлей алмай қалу жағдайымен бір мәрте ғана бетпе-бет келген» деп жазады Ranking.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректі Ұлттық банк те растайды. Азаматтардың займ­дар құрылымын қарастыру кезінде ондағы тұтынушылық несие үлесі 58,9 пайыз болған. Ал құрылыс немесе баспаналы болу үшін алынған ипотекалық займдар үлесі – 31,8 пайыз, өзге де бөлшек несиелер үлесі 9,4 пайызды құрайды.

Бөлшек несиелеудің өсуі портфель сапасы барлық бағыт бойынша жақсара түскен. Қыр­күйек айында жеке тұлғаларға беріл­ген займдардың жалпы кө­лемінде кешіктірілген төлемдер 3,3 пайызды ғана құраған.