Әлем • 19 Қазан, 2021

Еуропалық одақтың Арктикаға қатысты ұстанымы

466 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

БРЮССЕЛЬ. Арктика тез өзгеріп барады. Әсіресе жаһандық жылыну күшейіп, қазба байлықтарға таласу артып, геосаяси бақталастық күшіне енген тұста оның әсері де орасан болмақ. Өңірдің келешегіне қатысты Еуропалық одақтың өзіндік мүддесі де, қосатын үлесі де бар. Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды, халықаралық ынтымақтастықты, тұрақты экономикалық даму және адамдарды бірінші орынға қою арқылы қарым-қатынасымызды күшейтпекпіз.

Еуропалық одақтың Арктикаға қатысты ұстанымы

«Еуропалық жасыл келісім» 2050 жылға қарай Еуропаны ауаға парникті газдар шығаруды жойған алғашқы құрлыққа айналдырады. Ал 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарылымын 55 пайызға қысқарту жөніндегі құқықтық міндеттемеміз жаһанға үлгі десек артық айтқандық емес. «Жасыл келісім» мен Еуро­па­лық одақтың Арктика стра­тегия­­сы мұхитты игеру сала­сын­да тұрақты экономика­ны дамытудың жаңа тәсілін негізге алады. Басты ұсы­ныстары­мыз­дың бірі – мұнай, газ және көмір өндіруді тоқтату, соның ішін­де Арктикалық аймақтарда оны игермеу және Гренландия мәсе­лесіне Еуропалық одақтың тұрақ­ты қатысуын қамтамасыз ету.

Мұндай міндетті шұғыл орын­­­дайтын сәт келіп жетті. Кли­маттың өзгеруін бәріміз білеміз, бірақ бұл үрдіс басқа аймақтарға қарағанда Арктикада екі есе тез жүреді. Аймақтағы кейбір учас­келерде көп ұзамай жаздың кезінде мұз қалмайды. Келе-келе қыста да мұз қатпайды. Жыл сайын қататын мұздың еруі мен мәңгілік ақ жабындардың мүжілуі көп мөлшерде метан бөліп шығарады. Бұл жаһандық жылынуды одан әрі тездетеді. Теңіз деңгейінің көтерілуі бүкіл әлемдегі жағалауда орналасқан елді мекендерге қатер төндіре­ді. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Климаттың өзгеруі жөнін­дегі үкіметаралық тобының 2021 жыл­ғы тамыздағы баяндамасында бұл оқиғаларға адамзаттың әрекеті әсер ететіні көрсетілген.

Қазірдің өзінде Арктикадағы мұздың еруі кеме тасымалдау саласында жаңа маршруттар ашуға мүмдіндік беріп отыр. Сондай-ақ мұнайға, газға және минералдарға қол жеткізуді жеңілдетеді. Солардың кейбірі әлемнің жылдан-жылға артып келе жатқан инновациялық техно­ло­гиялық өнімдерге сұра­ныс­ын қанағаттандыруға жеткі­лікті. Таңғалудың қажеті жоқ, Арк­тиканы мекендеген адам­дар саны көбейіп барады. Өңір­дегі ахуалға әсер ететін не­гізгі ойыншылардың саны ар­тып отыр. Әлемнің кез келген же­рінде кең тараған стратегиялық бәсеке­лес­тік түрі қазір Арктиканы иге­ру­де барған сайын күшейіп, ай­мақ­тағы ландшафтқа әсер етеді.

Мысалы, Қытай өзін «Арк­тика маңындағы мемлекет» деп сипаттайды. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» трансұлттық бас­тамасына «Полярлық Жібек жолы» жобасын енгізді. Ел билігі ресейлік сұйытылған табиғи газ кен орындарына қомақты қар­жы құйып, тасымалдаудың қыс­қа жолдарын қарастырып жатыр. Ресей ауыр салмақты мұз­жар­ғыштар құрастырып, ішкі және халықаралық тасымалдар­ды ұлғайту үшін Солтүстік теңіз жолын қалыптастырмақ. Сон­дай-ақ «қырғи қабақ соғыс» аяқ­талғаннан кейін аймақта әлсі­реген әскери қуатын қалпына келтіруді көздейді.

Осындай оқиғалардың бәрі Еуропа Арктикадағы тұрақ­ты­­лықты, қауіпсіздікті және бей­­біт ынтымақтастықты қол­дау мақсатында өзінің геосая­си мүд­делерін кең көлемде бел­гілеу керек екенін көрсетеді. Әри­­не, мұнда Арктикамен шек­те­сетін сегіз мемлекет не­гізгі жауап­кер­шілікке ие. Бірақ ай­мақ­­қа қа­тыс­ты көптеген мә­се­ле­ні тек өңір­лік немесе көп­жақты ынты­­мақ­тастық ар­қылы шешуге мүм­кін­дік бар. Еуропалық одақ бар­лық мүдделі тараптармен, әсіресе АҚШ, Канада, Норвегия, Исландия секілді одақтастармен және серік­тестермен осындай мә­селе­лер бойынша ынтымақ­тастықты кеңейтеді.

Мәселен, теңізде іздестіру мен құтқаруға қатысты ұлттық жағалау күзеті арасындағы ай­мақтық немесе полярмаңы ынты­мақтастық құру қажет. Сондай-ақ теңіздегі тәуекелдерді азайту үшін спутниктік жүйелерімізді көбірек пайдаланған жөн. Сол секілді Еуропалық одақ Солтүс­тік мұзды мұхиттың орталық бөлі­гінде заңсыз балық аулауға жол бермеу жөніндегі келісімді табыс­ты жүргізуге тырысады. Тағы бір аймақтық басымдық – әлеу­меттік қамтуды құрайды. Бұғы өсіретін жергілікті тұр­ғын­­­дар­дың басына түскен қиын­дық ұлт­тық шекарамен тоқ­та­май­ды. Пар­никті газдар шығары­лы­мын төмендету стандарттары, телеме­ди­цинадағы үздік тәжі­рибелер, жа­ңартылатын энергия көздері не­месе пластикалық ластануды тө­мендету мәселесінде бірге жұ­мыс істегенде ғана тиімді әрекет етеміз.

Аймақтық ынтымақтастықты да­мытуда ондаған жылдық тәжі­рибеге ие. Еуропалық одақ­тың көпжақты ынтымақтас­тық­қа қо­­сатын өз үлесі бар. Біз көп­жақ­­тылықтың негізгі жақтау­шы­сы саналамыз. Өзімізге тиісті көп­жақты міндеттеме­лері­мізге, әсіресе климаттың өзгеруі­мен кү­ресуге байыпты қараймыз. Еу­ро­палық одақ, әрине, Арктика­ның бір бөлігі. Ұйымға мүше үш мемлекеттің аумағы Арктикаға кі­реді. Арктикадағы бес елде қол­данылатын заңдар шығарамыз. Ресей­мен, Норвегиямен және Ис­­­лан­диямен бірлесіп жұмыс істей­тін Арктикалық кеңес, Ба­ренцев­тикалық Еуроарк­тикалық кеңес және «Солтүстік өлшем» секілді бірнеше аймақтық органдарда белсенді әрекет етеміз. Әсіресе қоршаған ортаны тазарту бойынша атқарар шаруамыз жетерлік.

Еуропалық одақ саясатының бір бағыты Арктикадағы ахуалға ықпал етеді. Мұның қатарында жергілікті жерді жақсы білетін, бәрімізге тікелей қауіп төндіретін өзгерістердің тікелей куәгерлері саналатын жастар мен байырғы халықтардың мүдделері мен көзқарастарына ерекше назар аудару мәселелері бар.

Әрине, бізге кешенді тәсіл қажет. Мұндай қадам климат­тық және экологиялық мақсат­тары­мызды экономикалық мүмкіндік­термен біріктіреді. Климаттық дағ­дарыс кезінде туындайтын ор­тақ қауіпке қарсы бірлесе әре­кет етуіміз керек. Мысалы, жасыл энергияға түбегейлі көшсек, арк­тикалық аймақтарда көмір­тегі­ден бейтарап энергия секілді сек­тор­ларда жұмыс орындарын құру­ға, сондай-ақ байланыс, туризм, балық шаруашылығы мен инно­вация саласында тұрақты тәсіл­дерді дамытуға жол ашылады.

Еуропа климаттың өзгеруінің салдарын жақсырақ түсініп, оған қарсы тұру үшін ғылыми-зерт­­теулерін, жерге қатысты білі­­мін қолданады. Жасыл энер­гия­­­ға ауысуға қажетті маңызды мине­рал­­дарды өндіруде Еуропа­лық одақ­тың стратегиялық дер­бес­ті­гін арттыруға тырысамыз. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс барысында жо­ға­ры экологиялық стандарт­тар­дың сақ­талуын қамтамасыз етеміз.

Арктиканы өте күрделі сынақ күтіп тұр. Еуропалық одақ бәріне зиян келтіретін стратегиялық бәсекелестіктен гөрі, оларды шешуге мүмкіндік беретін бірлескен келісімді қолдайды.

 

Жозеп БОРРЕЛЛ,

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның әлемдегі күшті Еуропа жөніндегі комитетінің вице-президенті,

Вирджинийус СИНКЕВИЧЮС,

Литваның бұрынғы Экономика және инновация министрі, Еуропалық комиссияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссары

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org