14 Ақпан, 2014

Ямайкада да елшіміз бар

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов Кингстон қаласында (Ямайка) болып, генерал-губернатор Патрик Алленге Сенім грамотасын тапсырды. К.Жигалов сөйтіп, Ямайкада Қазақстанның  елшісі қызметін қоса атқаратын алғашқы елші болып отыр. П.Алленмен әңгіме шеңберінде К.Жигалов Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан тарапы Кариб өңірімен, оның ішінде сая­си салмағы жоғары  Ямайкамен қарым-қатынасқа үлкен маңыз беретінін атап көрсетті. Генерал-губернатор өз елінің Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін қуаттады. Ямайка Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Арнольд Николсонмен келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық мәселелер, оның ішінде БҰҰ шеңберіндегі өзара қолдау көрсету жайы талқыланды. Ямайка Туризм министрі Вайкэм Макнейл Қазақстан елшісімен кездесуі кезінде өткен жылы Ямайкада болған қазақстандық туристер саны өсе түскенін атап өтіп, олардың одан әрі көбеюіне қызығушылық танытты. Осы елдің Индустрия, инвестиция және сауда министрі Энтони Хилтонмен кездесу кезінде сауда-инвестициялық әріптестікті дамытудың перспективалары талқыланды. Э.Хилтон қазақстандық компанияларды Ямайкадағы жаңа халықаралық логистикалық хабты  дамытуға қатысуға шақырды. «Егемен-ақпарат».