Футбол • 20 Қазан, 2021

«Қайрат» чемпиондықтан құр қалды

234 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күндері футболдан ұлттық құрамалардың матчтарына байланысты екі аптаға үзіліс алған Қазақстан Премьер-лигасының ойындары қайта жалғасты. Еліміздің жеті қаласында өткен ойындардың алтауында жеңімпаз команда анықталса, бір кездесуде тең есеп тіркелді.

«Қайрат» чемпиондықтан құр қалды

24-турдың шымылдығын «Ақ­жайық» пен «Тұран» коман­далары ашты. Турнир кестесінде «Тұранға» қарағанда жоғары орында келе жатқан Оралдың ко­мандасы қатарынан бесінші турда жеңіске жете алмай ке­леді. Орал­дағы Петр Атоян атын­дағы стадионда өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Матч­тың 30-минутында алаң қо­жа­йын­дары сапынан Михаил Га­щенков есеп ашса, 73-минутта «Тұ­ранның» ресейлік жартылай қор­ғаушысы Павел Деобальд чем­пионаттағы алғашқы голын соғып, командасына бір ұпай сыйлады. Бұл ойыннан кейін Орал­дың «Ақжайығы» 31 ұпай­мен турнир кестесіндегі алтыншы, «Тұ­ран» 25 ұпаймен 12-ші ор­нын сақтап қалды.

Қарағандының «Шахтері» Ақтау­дың «Каспийін» қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Матч­тағы жалғыз әрі жеңіс голын 73-ми­нутта Идрис Умаев салды. Бұл голдың соғылуы да қызық бол­ды. Ресейлік шабуылшы Марко Ми­лошевич қорғаған қақ­паға қос бірдей соққы бағыт­тағанымен, екі ретінде де қақ­пашы допты қайтара білді. Тек үшін­ші рет тепкенде ғана Мило­шевич бұл соққының алдында дәрменсіз қалды. Осы­лайша екі тең ойыннан кейін жеңіске жеткен Магомед Адиев шәкірттері 30 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Ал Ақтау клубы 28 ұпаймен 10-орынға түсіп қалды.

Чемпионатта ала-құла өнер көрсетіп жүрген «Ордабасы» мен «Атырау» Шымкентте кезде­сіп, матч 2:1 есебімен «Орда­ба­­сының» жеңісімен аяқталды. Бірінші таймда бірде-бір гол көре ал­маған жанкүйерлер екінші таймда командалардың үш голына куә болды. Екінші тайм басында «мұнайшылар» сапынан бразилиялық Аллеф гол соғып, командасын алға шығарды. Бұл – Аллефтың Қазақстан чем­пио­натындағы алғашқы голы. Ол «Атырау» сапында небәрі үшінші кездесуін өткізді. Арада тоғыз минут өткенде Эльхан Астанов таразы басын теңестірсе, 74-минутта Абдуллай Диакате командасына жеңіс сыйлады. Осы жеңісінің нәтижесінде «Ордабасы» әлі де Еурокубок жолдамасынан үмітті екенін аңғартты. Үш ұпайды қор­жынға салған шымкенттік ұжым турнир кестесінде 35 ұпаймен бесінші орында тұр. «Атырау» 27 ұпаймен 11-орынға сырғыды.

Турдың бірінші күніне жос­парланған ойындардың соң­ғы­сы Ақтөбеде өтті. Был­тыр­­­ғы Қа­зақстан чемпионда­рын қа­был­даған «Ақтөбе» қар­сы­лас­тарына 1:2 есебімен жол берді. Кез­де­судің есебін 31-минутта Артур Шу­­шеначев ашса, 41-минутта «Ақ­төбе» футболшысының қате­лігінен кейін Гүлжігіт Алықұлов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймның 73-минутында «Қайрат» қорғаушысы Нұралы Әліп байқаусызда өз қақ­­пасына гол соғып алып, алаң ие­леріне аздап көмектесіп жі­бер­ді. Матч соңына дейін алаң иелері таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Қайрат» ойын­шылары оған мүмкіндік бер­меді. Бұл жеңісінен кейін Құр­бан Бердыев шәкірттерінің чемпионатты үшінші орынмен аяқтайтыны белгілі болды. «Қай­рат» кейінгі ойындарда же­ңіске жетсе де, жеңілсе де үшінші орыннан көтеріле алмайды. «Ақтөбе» 30 ұпаймен жетінші орында тұр.

Екінші жарыс күнінде чем­пион­дық тәжге талас жүр­гізіп келе жатқан елорданың «Ас­тана­сы» мен Қостанайдың «То­былы» кезекті тур ойындарын өткізді. «Астана» өз алаңында чем­пионатпен қоштасқан Қы­­зылорданың «Қайсарын» қа­былдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. 74-минутта Тигран Бар­­­сегян мергендік танытса, матч­­­тың аяқталуына бір минут қалғанда Марин Томасов екінші голды соғып, ойынның нүктесін қойды. Томасовтың бұл ойында дубль авторы атануға тама­ша мүмкіндігі болған еді. Алайда бірінші таймда «Та­раз» қақпасына белгіленген пе­наль­тиді сәтті орындай алмады. Кезекті үш ұпайын қор­жынға салған «Астана» турнир кестесінде 56 ұпаймен бі­рінші орнын сақтап қалды. Чем­пионаттың аяқталуына әлі екі тур қалса да, «Қайсардың» келесі маусымда Бірінші лигада ойнайтыны белгілі болды. 24 матчтың небәрі үшеуінде ғана жеңіске жетіп, жеті рет тең ойнаған Қызылорданың командасы 16 ұпаймен 14-орында қалып қойды.

Петропавлдағы «Қарасай» стадионындағы «Қызылжар» мен «Тобыл» арасындағы матч қос­танайлықтардың сенімді жеңісімен аяқталды. Бұл ойында екі командаға да үш ұпай ауадай қажет еді. Өйткені «Қызылжар» Еурокубок жолдамасы үшін, «Тобыл» чемпиондық үшін таласып жатыр. Дегенмен Петропавл командасы деңгей жағынан бол­сын, чемпионаттағы алға қой­ған мақсат жағынан болсын әлдеқайда жоғары тұрған «То­былға» еш қарсылық көрсете алмады. Игорь Сергеев пен Же­реми Манзорроның голдары «Тобылға» жеңіс сыйлады.

Талдықорғанда өткен «Же­тісу» мен «Тараз» арасын­дағы матч қонақтардың пайдасына аяқ­талды. Кездесудің 67-мину­тында «Тараз» шабуылшысы Ненад Адамович баспен гол соғып, командасын алға шы­ғар­ды. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда «Жетісу» са­­пынан Дияс Қалыбаев есепті теңестіріп кетті. Тең ойынға ке­ліспеген «Тараз» ойыншылары төреші қосқан қосымша уақытта гол соғып, қарсыластарынан же­ңісті жұлып алды. Гол авторы – Тимур Досмағамбетов. Осы­лайша қатарынан үш ойында жеңілген «Жетісу» да Премьер-лигамен қоштасты. «Тараз» 29 ұпаймен тоғызыншы орында.