Аймақтар • 20 Қазан, 2021

Ясауи мұрасы – ұрпаққа өнеге

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК-ның ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану-2021» республикалық байқауы өтті. Жиырма төртінші рет шымылдығын түрген сайысқа еліміздің облыс, қалаларынан үздік деп танылған 30 үміткер қатысты.

Ясауи мұрасы – ұрпаққа өнеге

Түркі халықтарының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің хикмет­терін насихаттап, өскелең ұр­пақты ұлы баба мұрасын терең меңгеруге, зерттеуге ынталандыру, интеллектуалдық пайым-парасатын дамыту, кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатындағы бай­қау­да «Әзірет Сұлтан» мем­ле­­­кеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі директорының мін­­детін атқарушы Е.Тәжібаев, ғалым­дар М.Тұяқбаев, З.Жан­дарбек, қор сақтаушы Н.Әшір­бекова және доцент Ө.Мал­ды­беков қазылық етті. Екі ке­зеңнен тұратын байқау барысында бас жүлдеге Түркістан об­лысының қатысушысы Бер­дібай Ерболат лайық деп танылып, 150 000 теңге арнайы жүлде және диплом табысталса, 100 мың теңге ақшалай сыйақы та­ғайын­далған бірінші орынды Түр­кістан облысынан Ақжүніс Атахан, екінші орынды 75 мың теңге жүлдемен Алматы облысынан Еркеш Бердахмет және Қостанай облысынан Мөлдір Айтмұратова иеленді. Үшінші орын мен 50 мың теңге жүлде Шымкент қаласынан Аздар Аманғали және Ақтөбе облысынан Әсем Сейсеноваға, Қызылорда облысынан Гауһар Әзенге тапсырылды. Өзге де қатысушылар мен ұстаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.

Айта кетелік, ең алғаш 1997 жылы қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Ясауитану» байқауы кейіннен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге жетті.