14 Ақпан, 2014

Ана тілінің уызына жарымағандар

960 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы айтқан Мәңгілік тілдің мәйегін білу ісінде әлі де сынаққа сылтау іздеп әлек

Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақ­стандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екенін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. «Қазақстан-2050» Стратегиясынан Қазақ тілі мемлекеттік мәр­те­беге ие болғалы 25 жылға таяп қалды. Содан бері тіл туралы жиын да көп, сөз де көп. Елба­сының жоғарыдағы тапсырмасын мүлтіксіз орындап шығуға 11 жыл уақыт қалыпты. 25 жыл өте шыққанда, 11 жыл да зу ете түсері хақ. Егер үш мүшелге толғанға дейін тіліміз заңда белгіленген биі­гінен көріне алмаса, оған кінә­ні өзгеден емес, қазақтың өзі­нен, намыссыздығынан, рух­сыз­дығынан, бүгінгі бітер істі ертеңге қалдыра беретін еренсіздігінен көруі тиіс. Мәңгілік тілді баянды етуге арналған дөңгелек үстелге Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болды.  Алқалы басқосуға көрнекті жазушылар, белгілі ғалымдар, саясаттанушылар,  әдіскер мұғалімдер қатысты. Беташар сөзді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов алып, биылғы жылдың 4 ақпан күні Премьер-Министр С.Ахметовтің төрағалығымен Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның отырысы өткенін, онда білім беру саласында да олқылықтардың барын сын тезіне салғанын жеткізіп, ендігі жерде «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады» деген Елбасы сөзіне жүгінді. Ал вице-министр Есенғазы Иманғалиев ұлттық білім беру жүйесінде мемлекеттік тілге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға нақты дәлел-дәйектер келтірді. Мысалы, 8764 мектепке дейінгі ұйымның 64,4 пайызын қазақ тіліндегі мекемелер құрайды екен. Қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі тәуелсіздіктен кейінгі жылдары 1051-ге артыпты. Сол секілді орыс мектептеріндегі қазақ тілін жүргізетін мұғалімдер 15 013 болса, олардың 104-і орыс тілі пәнінің, 48-і басқа пәндердің, 75-і жеделдете оқытылатын курстың өкілдері, 9-ы тек мектептік біліммен мемлекеттік тілді оқытып жүр екен. Орыс тілді мектептердегі қазақ тілінің ҰБТ-дағы көрсеткіші 17,81 баллды құрайтын көрінеді. Дөңгелек үстелде Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі заманауи өзгерістері туралы  Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері Жаңабай Әбуов қазақ тілін меңгеру деңгейлері туралы атқарылып жатқан жұмыстарды тарата айтып, жеке пәндер бойынша нақтылай түссек, төмендегі пәндер: дүниетану, география, құқық негіздері, Қазақстан тарихы, қазіргі замандағы Қазақстан – қазақ тілінде, информатика, дүниежүзі тарихы – орыс тілінде, жаратылыстану-математика бағытындағы, жаһандық перспективалар, экономика – ағылшын тілінде оқытылатынын жеткізді. Дегенмен, оның мына бір байламы көңілге қонатын секілді. Үш тілдегі пәндер бойынша білім алып жатқан оқушылар тілді сол аяда ғана ұғынатынын, алдағы уақытта негізгі мәселе мемлекеттік тілде жатқанын ескеруді талқыға ұсынды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жарыссөзді көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қойшығара Салғараұлы алып: «Тіл мәселесі күрделі әрі нәзік. Бұл бізге ата-бабаларымыздан қалған құндылық. Оны қожыратпай сақтау – бабалар аманаты. Аманатты орындау ісінде Үкімет, басқа демей әр ұлт перзенті үлес қосуға міндетті. Осы арада мен мынаны айтқым келеді. Дәстүрді жете білу керек. Дәстүр деген не? Ол – қазақы таза болмысымыз, ата-бабамыз ғасырлар бойы жинап, бір ізге түсіріп, бізге қалдырған Ата Заңымыздай құндылық. Сол дәстүрді берік сақтаған заманда қазақ жеріне түрме, есігіне құлып салмаған. Дәстүрін сақтаған ел тегін де сақтайды, теріс баспайды. Біз көп жағдайда сол дәстүрден көз жазып қалғандықтан тілін дау-шарға салатын «дертке» ұрынып отырмыз. Әсіресе, ана тілінің уызына жарымағандар сергіп, серпілмесе тіл өспейді. Сөз түзелмейді. Қазақтың тілі Г.Колбин тұсында мемлекеттік мәртебеге ие болды. Содан бері заң да қабылданды, қоғам да өзгерді, ақша да бөлініп жатыр. Бірақ тіл туралы әңгіме тыйылар емес. Себебі, біз отбасын оңалта алмай отырмыз. Ана тілі отбасылық тілге айналмай тұр. Осыдан келіп ұрпақ ата-баба өмірін, ата салтын, тарихын толық біле алмайтын жағдайға жеттік. Тілдің оңалмай тұрған тұсын осыдан іздесек екен», деп оқулықтағы олқылықтарды, әсіресе, түрік жұрты жайлы деректердің ала-құлалығына 5-сыныпқа арналған тарих оқулығынан мысалдар келтіре отырып, өкінішін білдірді. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Фаузия Оразбаева мемлекеттік тілді Мәңгілік тіл дәрежесіне жеткізу үшін атқарылған жұ­мыстар мен алдағы міндеттерді тарата келіп, «Не істейміз?» дегенге, оқыту стандартын, содан туындайтын бағдарламаны, оқулық, оқу әдістемелік кешенді, оның электронды нұсқасын, әдіс-тәсілін жетілдіру екенін айтып: «Бұл ұлттық инновацияға келіп тіреледі. Ендеше, ұлттық инновациялық институт ашу қажет. Сонымен қатар, тілді үйретудің механизмдері бар, конференциялар өткізіледі, кітаптар шығарылады, бір қарағанда жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Әйтсе де, әркім өзінше дамытпақ ниетте, ортақ жүйе, үлестіретін тетік жоқ» деп сөз аяғын түйді. Саясаттанушы Расул Жұмалы: «Қазақ тілін білу, бұл – мәртебе ғана емес, мемлекетті сыйлау болып табылады. Тіл мемлекеттің бүгіні, ертеңі, болашағы екенін жете ұғынуымыз керек. Өз Отанында жүріп өз тілінде сөйлемеген азаматты бүтін адам дей аламыз ба? Үш тілде оқытып жатырмыз. Соның ішінде қазақ тілінің орны ерекше болуы тиіс. Өзге тілдер еш қамқорлыққа зәру емес,  зәрулік тек қазақ тілінде бар» деді. Алматы облыстық Ш.Смағұлов атындағы мектептің ұстазы Бақытнұр Әділов: «Арбалап алтын жию, дорбалап дүние жию бір басқа, адамшылықтың ақ бесігінде тербетіліп, ананың ақуызына қанып, азамат болу, тілді ұғып, дінін сыйлау бір басқа» дей келіп, тілді оқытуды мектептен қолға алу керектігін атап айтты. «Біз кейде стандартты, бағдарламаны, оқулықты оңалта алмай жатып, оқушыларды кінәлайтынымыз бар. Мен бұған мүлде қарсымын. Егер керек-жарақ жетіп, мұғалім мықты болса, бәрі де шешіледі» деді. Профессор Серік Негимов Алаш дәстүрін, олардың оқулық жазу үлгісін таратса, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек тіл мәселесі ұлттың жанды жері екенін айтып, өзі білім жетілдірген Италияда мемлекеттік тіл туралы мұндай сөздің өмірі қозғалмайтынын, біздегі бас­ты олқылық қолданыста болып отырғанын, содан келіп мәселе туындап жататынын тілге тиек етті. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылы ел халқының мемлекеттік тілді толық білу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін бүгінгідей ұзын арқан, кең тұсауға салына бермеу керектігін атады. «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай өзге тілге қажеттілік болып жатса, әркім ақша төлесе де, үйреніп алатынына, Оңтүстік Кореяда мұғалім мен дәрігердің беделі ерекше екеніне тоқталды. Тіпті профессор мұғалімдер мен дәрігерлердің беделі биік тұратынын дәйекке келтірді. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев, Халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсенбаев, «Тіл туралы айтылған мәселелердің көп жағдайда орындалмай жататыны қалай?» деген сұрақты төтесінен қойса, қазақ тілін судай сіміретін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз хатшысы Максим Рожин: «Мен ғылым докторы да, магистр да емеспін. Ауылдан шыққан қарапайым жұрттың өкілімін. Тілдің бе­де­лін көтермесек, қажеттілігін арт­тырмасақ ешкім оңай үйрене қоймайды. Екінші, қазақ тілі мұғалімдерінің абыройын асыру керек. Үшінші, әр адамның санасында қазақ тіліне деген құрмет, жанашырлық тұруы тиіс», деп қысқа қайырды. Жалпы, тіл мәселесі көте­рілген бұл дөңгелек үстелдің бір ерекшелігі ылғи да төрден түспейтін белгілі бір топты емес, алуан түрлі мамандық иелерін шақырып, ой бөлісу екендігінде еді. Бір өкініштісі, келелі істі кең ауқымда көтеретін отырысқа уақыт аз бөлініп, еліміздің әр өңірінен келген азаматтардың қилы пікірлерін талқыға сала алмай, «әттеген-ай» деп аттанғандары болды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».