Оқиға • 20 Қазан, 2021

Алматыда екі адам есірткімен ұсталды

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда екі ер адамнан есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда екі адам есірткімен ұсталды

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, М.Әуезов ауданының аумағында патрульдік полиция қызметкерлері 32 жастағы Алматы тұрғынынан психотроптық заттар салынған сегіз ораманы тәркіледі. Ұсталған адам бумаларды тауып алғанын және оларды өзіне қалдырмақ болғанын айтып ақталған.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 1995 жылы туған тағы бір жергілікті тұрғынды 31 бума синтетикалық есірткі – «Мефедронмен» ұстады. Оның айтуынша, синтетикалық есірткіні өзі қолданады.

«Тексеру кезінде синтетикалық есірткі тәркіленді. Қылмыстық істер ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Психотроптық заттарды аса ірі көлемде сату мақсатынсыз заңсыз алу, сақтау) бойынша тіркелді, ал, бұл үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», деп түсіндірді М.Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Күдіктілерге қатысты ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Олар Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.