Президент • 21 Қазан, 2021

Президент Қарағанды облысының мәдени-әлеуметтік нысандары мен өндіріс орындарында болды

328 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жобалармен танысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Президент Қарағанды облысының мәдени-әлеуметтік нысандары мен өндіріс орындарында болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қара­ғанды облысына жұмыс сапары кезінде алдымен Жезқазған қала­сындағы дарынды балаларға ар­нал­ған мамандандырылған «Өр­кен» мектеп-интернатына барды.

Президент заманауи құрал­дармен жабдықталған «Өркен-медиа», өлкетану, домбыра және арт-студия кабинеттерін аралап көріп, педагогтермен және оқушылармен әңгімелесті.

– Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жы­ғады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі за­манда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиын­дықты еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мем­ле­ке­ті­міздің үлгілі, лайықты, абырой­лы азаматтары болыңдар. Елі­міз­дің болашағы сендердің қол­дарыңда, – деді Мемлекет басшысы.

«Өркен» мектеп-интер­на­тының оқушылары өлкетану ка­би­нетінде Ұлытау өңірі мен Сары­арқаның тарихы, қасиетті орындары туралы оқиды. Қасым-Жомарт Тоқаев туған өлкенің жә­не қазақ халқының тарихын білу­дің маңызды екенін атап өтті.

900 орындық қазақ тілінде оқытатын оқу ордасы 2020 жылы салынған. Мектеп-интернатта жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша кәсіби бағдарға негізделген салалық білім беру бағдарламалары оқытылады.

Білім беру модельдерін жүзеге асыру үшін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен, Ө.Бай­­­қоңыров атындағы Жез­қаз­­­ған университетімен және Жез­­қазған қаласындағы тарихи-археологиялық музеймен ынты­мақ­тастық орнатылған.

Оқушылардың шығар­ма­шы­лық әлеуетін дамыту үшін 4 спорт секциясы мен 6 үйірме ашылған.

Мектепті аралап көру барысында Мемлекет басшысына Қа­ра­ғанды облысында сапалы білім беруді қамтамасыз ету жөнін­де берген тапсырмаларының орын­далуы туралы баяндалды.

Өңірдегі 499 мектепте 206 мың­ға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 21318 бала бірінші сынып оқушылары. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселені шешу үшін 2022-2025 жылдары 16 мектеп, оның ішінде үшеуі мемлекет-жекеменшік әріптестігі есебінен, сондай-ақ бір жеке мектеп салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл мектептерін жаңғырту жұмыс­тары туралы мәлімет берілді. Биыл өңірде 166 мектеп жөндеуден өткен және 2025 жылға дейін 299 мектеп жаңғыртылады деп жос­парланған.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының барлық білім беру нысандарында дабыл түймешелері мен хабар беру жүйелері орна­тыл­ған. 300-ден астам бала оқитын мек­тептерде арнайы күзет қызметі жұмыс істейді және турникеттер қойылған.

Сапар барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев телекөпір режімінде Қара­ған­ды облысының Жәйрем кен­тін­де жаңадан ашылған кен байы­ту кешенінің жұмысын ресми түр­де іске қосты.

Кен байыту фабрикасының құ­рылысында 2500-ге жуық адам жұмыс істейді. Жәйрем кенті үшін жаңа жобаның іске қосылуы жаңа өмір мен дамудың зор келе­ше­гіне жол ашады. Кен байыту ке­шені Қазақстанда мырыш пен қор­ғасын концентраттарын шыға­ра­тын ең ірі кәсіпорын болады. Өн­ді­рісте 400 адам жұмыспен қамты­лады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін айтты. Жаңа фабрика шығарылатын өнім түрлері көбейеді және өндіріс көлемі 2,5 есе артып,
5 млн тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 млрд теңгеге көбейеді. Жоба басталғалы бері инвесторға барынша қолдау көрсетілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде коронавирус індетіне қарамастан, жоба белгіленген мерзім ішінде аяқталды.

Президентке қазіргі таңда Қарағанды облысында 2 трлн теңгеден асатын қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба іске асы­рылып отырғаны жө­нін­де баян­далды. Биыл 14 жоба іске қосы­лып, аймақтың өнеркә­сіп кәсіп­орындарының инфрақұры­лы­­мына тартылатын инвестиция көлемі 230 млрд теңгені құ­райды.

«Қазмырыш» ЖШС бас ди­­ректоры Александр Хмелев Қасым-Жомарт Тоқаевқа фаб­риканың құ­рылысы 3 жылда аяқ­талғанын және коронавирус індеті жүк­тел­ген міндетті іске асыруға кедер­гі болмағанын айтты. Оның пікі­рінше, байыту фабрикасының іске қосылуы Жәйремді ғана
емес, тұтастай Қарағанды облы­сын дамытудың жаңа кезеңі бол­мақ. Мұнда жылына 5 млн тонна кен өңделеді. Бұл кәсіпорынның кемінде 15 жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Қазмырыш» компаниясы кенттің дамуына 5 млрд теңгеге жуық қаражат құйды. Жергілікті ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынып, құзыреттерді дамыту орталығы құрылды және коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға жыл сайын қаржы бөлінеді.

Жәйремдегі кен байыту кешенінің цех басшысы Еркін Шайхин Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, кенттің жанданғанын және ондағы оң өзгерістер туралы, сондай-ақ жаңа фабриканың іске қосылуынан жергілікті тұрғындар зор үміт күтетінін айтты.

Іс-шара соңында Президент кәсіпорынның еңбек ұжымына және осы ірі жобаны іске асыруға атсалысқан барша азаматтарға ри­зашылығын білдіріп, табыс ті­леді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қара­­ғанды облысына жұмыс сапа­ры аясында Жезқазған өңірі­нің әлеу­меттік дамуы мен мине­ралды-ши­кізат базасын кеңейту жө­нін­дегі «Қазақмыс корпорация­сы» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің жоспарымен танысты.

«Қазақмыс» компаниялар то­бының президенті Владимир Ким Мемлекет басшысына Жез­қаз­ған кен орындарындағы қаз­ба жұ­мыстарының әсер ету айма­ғы­нан 2 815 отбасын көшіру және инфрақұрылым жүргізу жұ­мыс­та­рының аяқталғаны туралы баян­­дады.

«Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Президентке Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамы­тудың ұлттық жоспары негі­зінде Қарағанды облысының әкім­дігімен бірлесе отырып, Жезқазған мен Балқаш өңірлерін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағ­дарламасының әзірленгені жө­нінде айтты. Бағдарламада не­гіз­гі үш бағыт қамтылған. Атап айт­қан­да, әлеуметтік қызмет­тердің дең­­гейін арттыру, инфра­құ­ры­лым­ды жетілдіру және эконо­ми­ка­лық даму.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асырудың перспективалары, білім сапасын арттыру, азық-тү­лік нарығындағы бағаларды тұ­рақ­тандыру жөнінде айтылды. Сондай-ақ корпорацияның әлеу­меттік міндеттемелерді орындауы және инвестициялық жобаларды іске асыруы жөнінде мәлімет берілді. Компания ай­мақ тұрғындары арасында әлеу­меттік сауалдама жүргізіп, өмір сү­рудің қолайлы жағдайын жа­сауға ниетті. Жезқазған мен Бал­қаш өңір­­лерін өркендетуде елі­міздің дамы­ған аймағы саналатын Ал­маты қаласы үлгі болмақ.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысына Жезқазған қаласын сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етудің қиындықтары туралы баяндалды. Мәселені шешу үшін Үйтас-Айдос су құбырын қай­та жөндеуден өткізіп, Қожам­сейіт кен орнында жаңа су құ­бы­рын салу қажет. Президент Үкі­метке және облыс әкімдігіне аталған жобаны 1,5 жылдың ішінде жүзеге асыруды тапсырды.

– Зерттеу бағыттарыңыз дұ­рыс деп есептеймін. Сумен қамту – шешуді қажет ететін ма­ңыз­ды әлеуметтік мәселе. Мен Жол­дауымда осы туралы айт­қан­мын. Үкімет тиісті тап­сыр­ма алды. Менің ойымша, Үкі­мет әкім­дік­пен және сіздермен бір­лесіп, қыс­қа мерзім ішінде, әрі кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Біз азаматтарымызды таза ауыз су­мен қамтамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма ала­мын, – деді Президент. 

Президент «Қазақмыс» кор­по­ра­циясының білім саласындағы жо­баларға қолдау көрсетіп отыр­ғанын оң бағалады.

– Шын мәнінде, білім – мем­лекетіміздің болашағы. Бұл жерде, ең алдымен, мұғалімдер да­йындауға көңіл бөлінуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы азық-тү­лік бағасының қымбаттауына жә­не ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

– Бұл, әрине, әлем нарығында болып жатқан күрделі мәселе. Әлем­де барлық тауардың баға­сы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Біздің еліміздегі қор­даланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруа­шылығы саласына қыруар қаржы бөл­сек те, азық-түліктің басым бөлі­гін сырттан аламыз. Өзге ел­дер субсидияның не екенін де біл­мейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адам­дарды босаңсытып жібердік, екін­ші жағынан сыбайлас жем­қорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуы­мыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл ша­руа­шылығының жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.

Іс-шара барысында экологияға және ірі кәсіпорындардың шы­ға­ратын қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударылды.

– Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жария­ладық. Экономикамыздың ерек­шелігін және оның құры­лымын ескеруіміз қажет. Энер­гия­лық теңгерімнің 70 пайызы көмір­ге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бо­йынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қа­лып қоямыз. Бұл – негізгі кәсіп­орындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүк­тел­ген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жиынды қоры­тын­дылай келе, барлық бекітіл­ген бағыт бойынша мем­ле­кет отандық жетекші кәсіпорын­дармен бірлесіп, тиісті жұмыс­тарды белсенді жалғастыруы керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аралап көрді.

Президентке Жошы хан кесе­несі, мұражай, Жошы хан ескерт­­кіші, жорық шатыры және қонақ­үйден тұратын кешеннің заман­ауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды.

Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үнемі ға­лым­дардың назарында болып, ғы­лыми айналымға түсуі керек еке­ніне баса мән берді.

– Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ғалымдарын ша­қырып, Алтын Ордаға байланыс­ты үлкен халықаралық конференция өткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің туристік әлеуеті туралы баян­дама жасап, Президентке ку­рорттық аймақтар мен тарихи-мә­дени кешендерді дамыту жоспарын ұсынды. Жоспарға сәй­кес Ұлытау, Қарқаралы, Бал­қаш аудандарының туризм са­ла­сын­дағы әлеуеті артып, сер­вис­тік және туристік инфра­құ­ры­лым­дары дамитын болады.