Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Мұның негізгі мақсаты – уранды ұзақмерзімді инвестиция ретінде сақтау, оның бастапқы сатып алуы қор құрылтайшыларының 50 млн доллар мөлшеріндегі бірлескен инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Қордың инвесторлары «Қазатомөнеркәсіп» (48,5%), «Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ (48,5%) және 3%-ды иеленетін Genchi Global Limited («Қор менеджері») саналады.
Қордың операциялық қызметі басталғаннан кейін оны дамытудың екінші кезеңі шеңберінде уранның қосымша көлемін сатып алу мақсатында жария немесе жеке орналастыру арқылы 500 млн доллар көлеміндегі инвестицияны институционалды немесе жеке инвесторлардан тарту көзделеді. Бұл ретте орналастыру параметрлері мен мерзімдері нарықтық шарттармен айқындалады.
«Қор «Қазатомөнеркәсіптің» уран нарығындағы тәжірибесін және «Ұлттық инвестициялық корпорациясының» сенімді инвестициялық тарихын біріктіріп, АХҚО құралдары арқылы инвесторларға уран нарығы мен атом өнеркәсібінің тартымды ұзақмерзімді іргелі мүмкіндіктеріне тікелей қол жеткізуге жол ашады. Компания барлық мүдделі тарап үшін ұзақмерзімді нарықтық құндылықты құруға бағытталған кеңейтілген стратегиясы шеңберінде ANU Energy жобасы бойынша төрт жылдай жұмыс істеген болатын. Ал қордың уран нарығында қысқарып бара жатқан ұсыныс жағдайында құрылуы барлық стейкхолдерге (мүдделі тарапқа) елеулі пайда әкеледі», деді «Қазатомөнеркәсіптің» басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов.
Таза энергия көздеріне, оның ішінде төмен көміртекті және минималды климаттық әсерге ие атом энергетикасына әлем елдерінің назар аударуы уран өнеркәсібі үшін сенімді кепіл саналады. Алайда соңғы уақытта халықаралық және аймақтық инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына қарамастан табиғи уранға қол жеткізу екі уран қорымен шектелген болатын. Бұлар – Канададағы Торонто қор биржасы және Лондондағы AIM Exchange (Лондон қор биржасының бөлігі) қор биржасы.
АХҚО алаңында құрылған ANU Energy қоры дамушы нарықтарға инвестицияларын бағыттайтын, әсіресе экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG) мәселеріне және таза энергияға назар аударатын инвесторлардың әртүрлі санаттарына, сондай-ақ шикізат қорларына, тәуелсіз қорларға және мемлекеттік кәсіпорындарға тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ететін алғашқы уран қорына айналады деген сенім басым.