2022 жылғы ең үлкен жарыстың бірі саналатын футзалдан Еуропа чемпионатында биыл алғаш рет 16 құрама (бұған дейін 12 команда сынға түскен) бақ сынамақ. 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Амстердам және Гронинген қалаларында 32 матч ойналады. Әр топ төрт командадан тұрады.
Алғаш рет кәрі құрлық біріншілігінің финалдық кезеңін қабылдайтын Нидерланд құрамасы Еуро-2022 финалдық ойындарына тікелей жолдама алды. Қалған елдердің ішінде Португалия (Еуро-2018 жеңімпазы), Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Хорватия, Финляндия, Грузия, Италия, Қазақстан, Польша, Ресей, Словакия, Словения, Испания және Украина бар. Сербия мен Беларусь құрамалары құрлық додасының соңғы жолдамасын 14 және 17 қараша күндері сарапқа салады.
Құрамамыз топтық кезеңдегі алғашқы екі матчын Гронинген қаласында, ал соңғы ойынын Амстердамда өткізеді. Ойындар кестесіне сәйкес Қазақстан құрамасы 20 қаңтарда Словения, 24 қаңтарда Финляндия және 28 қаңтарда Италия құрамаларымен кездеседі.
Жеребе тарту рәсімінен кейін футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат беріп, топтағы қарсыластар туралы өз пікірін ортаға салды.
– Менің ойымша, барлық топқа мықты қарсыластар жиналды. Ешбірін бөле-жарып, мына құрама әлсіз немесе мынау мықты деп айта алмаймын. Өйткені чемпионатқа осал құрамалар қатыспайды. Барлық 16 команда жақсы деңгейде. Бірінші матчты Словениямен өткіземіз. Бұл құрамамен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнадық. Олар техника жағынан өте мықты. Бұл кездесуде бізге 2018 жылғы Еуропа чемпионатының соңғы матчында «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылған Дуглас көмектесе алмайды.
Финляндия құрамасы туралы айтатын болсам, олардың құрамында шеберлік деңгейі жоғары ойыншылар жоқ. Дегенмен өте жинақы команда. Қазір Италия құрамасында буын алмасу кезеңі жүріп жатыр. Бұрын Италия сапында 10-ға жуық бразилиялық ойнаған болса, қазір олардың құрамында жергілікті ойыншылар көп. Чемпионатқа дайындықты 3 қаңтарда бастаймыз. Сондай-ақ 13 және 15 қаңтарда екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Бізде қарсыластармен алдын ала келісім бар.
– Жарты жыл ішінде екі бірдей ірі турнирде бақ сынау, әрине, оңай емес. Өте тығыз күнтізбемен жұмыс істеп жатырмыз. Алайда біз бұл факторды өз пайдамызға жаратуымыз керек. Мақсат – қиындық туралы ойланбай, паркетке шығып, әр ойында жеңіске жету, – деді Кака.
2018 жылы Словенияның Любляна қаласында өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін өткен бәсекеде Ресей футзалшыларынан жеңіліп, төртінші орынға табан тіреген еді.