Туризм • 21 Қазан, 2021

Алакөл жағалауындағы мобильді интернет жұмысын жақсарту қажет - Сенатор

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы облысының туризм саласындағы проблемаларын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алакөл жағалауындағы мобильді интернет жұмысын жақсарту қажет - Сенатор

Ол Алакөл көлі жағалауының инженерлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, кейбір жерлерде электр желісіне түсетін ауыртпалық көп болғандықтан электр энергиясының жетіспеушілігі байқалады. Алакөлде мобильді интернетке қол жеткізуде де проблемалар бар.

«Туристік объектілерде ұялы байланыс операторларының станциялары болғанымен, олардың қуаты бүкіл Алакөл жағалауын қамти алмайды. Осы орайда, ұялы байланыс операторлары станцияларының ауқымын арттыру, туризм объектілері үшін жеңілдікті бағалармен жоғары жылдамдықта интернет желілерін жүргізу жолдарын қарастыру керек», деді өзінің депутаттық сауалында Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттарын сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді де көтерді. Ол қосылатын нысандар мен келешегі зор тау шаңғысы курорттарының қажеттіліктері үшін су ресурстарына гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, мұндай жұмыстар соңғы рет 1985 жылы жүргізілген екен.

Сенатор Қазақстанда туризмді дамытуға қатысты өзекті мәселелер «Қазақстандық ішкі туризмді дамыту - уақыт талабы» тақырыбы бойынша алдағы парламенттік тыңдауда қаралатынын атап өтті.