Республикамызда аяқ астынан теңгенің бағам өзгертуінен көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің әбігерге түсіп, үрейленгеніне қарамастан, ауыл шаруашылығындағы жағдай бірқалыпты. Қашанда Елбасының саясатын қолдап, шыдамдылықты алғашқы орынға қоя білетін ауыл еңбеккерлері АҚШ долларының шарықтай өсуінің соңы жақсылыққа жеткізер деген сенімде.
Расын айтқанда, 11 ақпандағы жайсыз хабар ауыл адамдарының да жүрегін ауыртты. Көңілдеріне қаяу түсірді. Алайда, өзінің елін, жерін бәрінен артық көретін, Отанын шын сүйетін ауыл патриоттарының сабырлылық сақтауы басқаларға тамаша үлгі деуге лайықты мысал.
Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы құнсыздана бастады. Ет, сүт, т.б. өнімдер сырттан тасымалданып, отандық өнімдер дүкен сөрелері мен қоймаларда ұзақ жатып қалатынды шығарды. Егер де Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің сөзіне сенсек, алдағы уақытта импорттық өнімдер мен ішкі өнімдер өзара бәсекеге түсіп, нәтижесінде соңғысына мәртебе берілмекші. Аграрлық кешеннің еңбеккерлері де осы бір құнды пікірге ден қойып, бір-бірлерін шыдамдылыққа шақырғандай.
– Теңге бағамының нақтылануы, – деді бізге «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың арнайы өкілі Ринат Кемешов, – қазақстандық аграршылардың ұстанымын нығайта түспек. Олар өнімдерін ішкі саудаға да, алыс шетелдер мен ТМД елдеріне де көптеп жөнелтетін болады.
Біздің мемлекетіміз ауыл шаруашылығына субсидия бөлуді жалғастыра бермек. Жанар-жағармай, астық, сүт өнімдері, тағы басқалар субсидия алады. Қысқасы, өнім өндірушілердің шығыны бұрынғы көрсеткішпен қала береді. Ал табыс керісінше өседі. Бұл – отандық өндірушілердің өнімдерді молынан шығарып сатуына кең жол ашылды деген сөз.
Ринат Кемешов «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан несие алған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге теңгенің бағамының түзетілуі еш әсер етпейтіндігін, жасалынған келісімшартқа ешқандай қайта есептесу жасалынбайтындығын ескертті. Сарапшының пікірінше, Үкімет отандық аграршылардың шетел техникаларын сатып алуына да әдеттегідей жеңілдіктерді сақтап қалуға тиіс.
– Шындығында, шетелдерден әкелінетін сүт өнімдерінің құны біздікінен арзан болғандықтан аз зардап шеккен жоқпыз, – дейді республикадағы сүт өндіретін ақтөбелік ірі кәсіпорын – «Айс» ЖШС бас директоры Қуаныш Ищанов, – енді шетелдік өнімдер қымбаттауға тиіс. Олармен бәсекеге түсетін кез келді. Біз өндіретін сүт және сүт өнімдері экологиялық таза болып саналады. Бір ғана проблема бар, ол – астық пен жемге бағаның өсіп кетуі мүмкін. Бұл орайда, Үкіметтің қамқорлығына сенеміз. Өйткені, мемлекет бізді әрдайым қолдап келді.
Қ.Ищанов импорттық техникалар мен құрал-жабдықтардың, оларға қажетті бөлшектердің бағасы өсетіндігін ескерді. Алайда, белгілі бизнесмен бұл орайда көп шығынға батпаспыз деп үміттенеді.
Қарағанды қаласына таяу орналасқан «Топар жылыжайлары» ЖШС директоры Александр Забировпен хабарласқанымызда, білікті басшы теңгенің құнсыздануына қынжылыс танытпады. Керісінше, өз кәсіпорны өндіретін өнімдердің көптеп сатылатынын былайша түсіндірді:
– Теңгенің құнсыздануы біз үшін қауіпті емес, – деді ол бізге. – Біріншіден, импорттық өнімдермен бәсеке басталады. Біздің өніміміз сапалы. Сондықтан шетел өнімдерінің орнын ауыстырамыз деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығында еселі еңбек етіп жатқан кәсіпкерлердің пікірлерін көптеп келтіруге де болар еді. Бірақ, олардың ойлары бір арнаға тоғысады. Теңгенің құнсыздануы ауыл шаруашылығы өнімдеріне зиянын тигізбек емес. Сондықтан, олар ертеңгі күнге деген нық сеніммен, халықты сапалы да қымбат емес өнімдерімен берекеге кенелте береміз, дейді бірауыздан.
Таңат ҚОЖМАНОВ.