Үкімет • 21 Қазан, 2021

Nur Otan сайлауалды уәделерін орындады ма?

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде саяси кеңестер бюросында филиал басшылары – әкімдердің қатысуымен «Nur Otan»-ның 217 сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың аралық қорытындылары қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Nur Otan сайлауалды уәделерін орындады ма?

Партияның баспасөз қызметінде атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» республикалық сайлауалды бағдарламаның 24,8% орындалып үлгерді. 9 айда өңірлерде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 165 мектеп салынды, 259 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 115 көше жөнделіп, 4885 үй газбен жабдықтау жүйесіне қосылды. Алматыда 72 жеке меншік балабақша ашылып, 9 мектепке қосымша корпустардың құрылысы аяқталды. Шымкентте 5 медициналық мекеме мен 115 спорт алаңы салынды.

Ақмола облысында биыл 48 ет және 10 сүт-тауар фермасы іске қосылды. Ақтөбе облысында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 488 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алматы облысында 12 мектеп және 135 балабақша ашылды. Атырау облысында 6 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында Ядролық медицина орталығы пайдалануға берілді. Ал Өскеменде облыстық онкология және хирургия орталығындағы операциялық блокты жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Жамбыл облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта құру мақсатында қаладағы 255 нысан толығымен бейімделді. Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданының 6 ауылында сумен жабдықтау нысандарының құрылысы аяқталды.

Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын цех өз жұмысын бастаса, бұдан бөлек медициналық жабдықтар мен оңалтудың техникалық құралдарын өндіретін цех та пайдалануға берілді. Қарағанды облысында 1,4 мың шақырым жол жөнделді. Қызылорда облысында 363 шақырым газ желісі тартылып, оған 38 мың халқы бар 3 елді мекен қосылды.

Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы сомасы 4,7 млрд.теңге болатын 8 жоба сәтті іске асты. Маңғыстау облысында 28 мектеп салынды және жөнделді.

Солтүстік Қазақстан облысында сайлауалды уәделерді орындау аясында 12 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан облысында жыл соңына дейін 717 елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізіп, өңірдің тағы 65 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетейік, Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделерін іске асыруды жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін жауапты депутаттар мен басшыларды нақты бекіте отырып, 217 жол картасы іске асырылуда. 12 мыңнан астам белсенді азаматтың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қоғамдық кеңестен тұратын өңірлік жүйе құрылды.