15 Ақпан, 2014

Парламентшілер маңызды шара алаңдарында

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
13-14 ақпанда Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венада өткен 13-ші Қысқы отырысына қатысты. Қазақстан делегациясының құрамына сенаторлар Икрам Адырбеков пен Серік Нөгербеков, сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова мен Жамбыл Ахметбеков енген болатын, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. ЕҚЫҰ парламенттік форумында парламентшілер Ассамблеяның Жалпы үш комитетінің (саяси мәселелер және қауіпсіздік; экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта; демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер) жұмысына, комитеттердің бірлескен отырысына, сондай-ақ, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі экстремизмге, радикализмге және ксенофобияға қарсы іс-қимыл және Украинадағы қазіргі жағдайға арналған мәселелер талқыланған пікірсайыстарға қатысты. Саяси мәселелер және қауіпсіздік комитетінің күн тәртібіндегі «Қарулы күштерге және қауіпсіздік күштеріне парламенттік бақылау» негізгі мәселені талқылау аясында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Адырбеков Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің қауіпсіздік және сыртқы саясат саласындағы ұзақмерзімді дамуын белгілеген «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызын атап өтті. «Стратегияда, сондай-ақ, Қазақ­стан сыртқы саясатының жаңа тұжы­рымдамасында халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту, құқық қорғау жүйелерін реформалау мен қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру басымдықтар ретінде белгіленді», деп атап өтті сенатор. Бұл тұрғыда, И.Адырбековтің пікірінше, Қазақстан Қарулы Күштері офицерлерін БҰҰ миссияларының құрамына жіберу туралы Мемлекет басшысы шешімінің ерекше мәні бар. Оны өткен жылғы желтоқсанда ел Парламенті бірауыздан қолдаған болатын. «Бұл Хельсинки Қорытынды актісінің рухында біздің еліміздің аймақтық қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге қосқан кезекті үлесі болады», деді ол. Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта комитетінің отырысында сөз алған депутат С.Нөгербеков Орталық Азиядағы су ресурстары мәселелерінде өзара тиімді іс-қимыл тетіктерін әзірлеу үшін ЕҚЫҰ әлеуетін пайдаланудың маңызды екенін атап өтті. Аймақтағы маңызды су-экологиялық мәселелерді теңгерімділік және сындарлы түрде шешу жөніндегі ынтымақтастықтың ерекше тетігі ретінде ол Аралды құтқару халықаралық қорының қызметін атап өтті. «Астана экономикалық форумы күндерінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция екінші жыл өтуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қолдауымен жетекші елдердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының және азаматтық қоғамдардың өкілдері экономикалық қауіпсіздікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етудің жолдарын талқылауда», деп атап өтті С.Нөгербеков. Ол ЕҚЫҰ парламентшілерін «G-global» коммуникативтік алаңында Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасын талқылауға, сондай-ақ, биылғы мамыр айында өтетін VII Астана экономикалық форумына және Дағдарысқа қарсы ІІ конференцияға қатысуға шақырды. Қазақстандық депутаттар ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің парламенттік делегациялар мүшелерімен және Ассамблея басшылығымен кездесулер өткізіп, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында ұлттық делегациялардың өзара іс-қимылындағы өзекті мәселелерді талқылады. Парламентшілердің аймақтық ірі бірлестігінің бірі болып табылатын ЕҚЫҰ ПА Қысқы сессиясының жұмысына 50-ден астам елден келген 270 депутат қатысты.