Саясат • 22 Қазан, 2021

Өрелі ел өз батырын ұмытпайды

249 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәжікстан Республикасы Президентінің Жарлығымен осы Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қызметтік борышын орындау кезінде танытқан ерлігі мен жанқиярлығы үшін Раджан Армияұлы Батырқанов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Спитамен» орденімен марапатталды. 2021 жылғы 20 қазанда Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ибодзода Хайрулло ерлікпен қаза тапқан шекарашының анасы – Қизат Жылқыбаққызы Батырқановаға құрметті орденді салтанатты түрде табыс етті.

Өрелі ел өз батырын ұмытпайды

2000 жылдан бастап Қазақ­стан, Ресей және Қытай мемле­кет­терінің шекарасы түйіскен жерінде орналасқан біздің респуб­ли­камыздың ең биік шекара бө­лімшесі қазақстандық ба­тыр-ше­карашы «Раджан Ба­тыр­қа­новтың» (бұрынғы атауы «Шын­­дығатай») есімімен аталады. Күршім ауданы бойынша шека­­ралық басқарма Шығыс Қазақ­­стан облысының көркем жер­­лерінде, теңіз деңгейінен екі мың метр биіктікте орналасқан. Дәл осы жерде жас шекарашының міне­зі қалыптасып, табандылық пен жан­қиярлық сияқты баға жетпес жауынгерлік қасиеттерге ие болды.

Раджан Шығыс Қазақстан об­лысы Катонқарағай ауылында үлкен отбасында дүниеге кел­ген. Жасынан талантты бала сурет салғанды жақсы көріп, сурет­терінде көркем аймақтың бар­лық сұлулығын жеткізуге тыры­сатын. Ол жергілікті балалар кітапханасындағы қазақ батыр­ларының ерліктері суреттел­ген барлық кітапты оқып шы­ғыпты. Анасы Қизат Батырқанова ұлының әскери кітаптарды оқығанды ұнататынын, ал шекарашы офицер болу оның ең биік арманы екенін есіне алады. Бала арманына жету үшін дене күші тұрғысынан мықты болу керек екенін түсінді, сондықтан ол үйінің кіре берісіне қолдан құрастырылған спорттық тренажерлер орнатып, достарымен бірге спортпен шұғылданды.

Раджанның бойындағы шек­сіз мейірімділік сезімі оны на­ғыз ерге тән әрекеттерге бас­тайтын. Бірде үйге қайтып келе жатып, саябақтан «қашыңдар!» деп жүгірген жас жігіттерді байқап қалады. Не болса да, Раджан біреуге көмек қажет болуы мүмкін деген оймен еш­қайда қашпайды. Ол сол маңда пышақ жарақатымен жатқан жігітті көтеріп алып, жол үстіне алып шығады да, жүк көлігінің жолына тұрып тоқтатады. Осындай батылдығының арқасында жаралыны дер кезінде ауруханаға жеткізіп, өмірін сақтап қалады.

Туған мектебін сәтті бітіріп, Раджан Алматы қаласындағы шекара училищесіне оқуға түсуге аттанады. Бірақ жас жігіттің жолы болмай, ара шағып, аллергиясы қозып, мерзімді емтихандарына бара алмай, қымбат уақытын жоғалтып, туған ауылына оралды.

Ал 1993 жылдың маусым айын­да Күршім шекара жаса­ғына жедел қызметке шақы­рылды. Бір жылдан кейін ТМД-ның сыртқы шекарасын қор­ғау үшін Тәжікстанға әскери қыз­метшілердің кезекті коман­дасы іріктелді. Раджан еш ойлан­бас­тан өз еркімен жазылып, қатар­ластарымен бірге тә­жіри­белі офицер-тәлімгерлердің дайын­дығынан өтеді.

1994 жылы маусымда Раджан Батырқанов басқа еріктілермен бірге сол кезде «Кеврон» шекара бекеті мен комендатура орналасқан Калай-Хумб қала­сына келеді.

Блиндаждағы өмір аптап ыстық пен антисанитарлық жағ­дайда өтіп жатты... Жауынгер ана­сына өзінің «қақтығыс орнына» кетіп бара жатқанын айта алмағанын, туған жерін жиі еске алады…

1994 жылғы 28 қыркүйекте Хаким бандасының екі жүз­ден астам қарулы содыры 9 автокөлікпен Тәжікстанның Хорог қаласы маңындағы мемле­кеттік шекарасын кесіп өтіп, Ауған­станға өтуге бет алады. Олар­дың жолына 38 қазақ­стандық және ресейлік шекарашы тосқауыл болып тұрады.

Соғысқа бірінші болып кір­ген ресейлік офицер Кон­стан­тин Селюк пен Раджан Батыр­қанов қаруластарына моджахедтерге тылдан шабуылдауға мүмкіндік береді. Ұрыста ауыр жарақаттанған Раджан көп қан жоғалтып, есін жимастан қайтыс болды. Ұрыстың нәтижесінде моджахедтердің көзі жойылып, содырлардың кепіліндегі адамдар құтқарылды.

Көрсеткен ерлігі мен батыл­дығы үшін кіші сержант Р.Ба­тыр­қанов қаза тапқаннан кейін Қа­зақстан Республикасы Прези­ден­тінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Біздің кейіпкеріміздің коман­дирлері мен әріптестері – Ресей Федерациясының ФҚҚ генерал-лейтенанты А.Д.Михеев, отстав­кадағы ШҚ ардагері под­пол­ковник А.А.Володин және дәл сол күні онымен бірге қоршауда болған барлық қарулас дос­тары Раджан өз ерлігімен жолдастарының өмірін сақтап, ұрыстың жеңіспен аяқталуын қамтамасыз етті деп санайды. Егер кіші сержанттың шешуші сәттегі батыл әрекеті болмағанда, біздің тарапымыздан шығындар едәуір көп болар еді және сарбаздардың біразы үйге орала алмас еді дейді.

Бұл күндері Раджан Батыр­қа­новтың командирі болған Шекара қызметінің ардагері, отставкадағы подполковник Алексей Володин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында батыр ұлымызға Қазақстан Республикасының жо­ғары марапатын беруді қайтадан ұсынуда және бұл ниетті батыр ұлымыздың қатарлас, қару­лас жолдастары да барынша қол­дауда.

Раджан Батырқановтың жаса­ған ерлігі біздің елден тыс жерлерде де белгілі және оның есімі мәңгі ұмытылмайды. Батырдың есімімен Катонқарағайда көше мен мектеп аталды, 2000 жылдың қыркүйегінде Күршім шекара жасағының «Шындығатай» шекара заставасына Р.Батырқановтың есімі берілді және оның құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

Оның інісі Саматтың Р.Батырқанов атындағы шекара заставасына қызмет етуге барғаны және өз өмірін еліміздің шекараларын қорғауға арнауы тегін емес.

Жыл өткен сайын шекара­шыл­ардың өз батырларын еске алу дәстүрін сақтауы бүгінгі күн­де Отанымыздың шекараларын қорғап жүргендер мен өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Ел өз батырларын ұмытпауы керек.