Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында осы жылы 200 жаңа мектеп салу және жұмыс істеп тұрған 1000 мектепті жаңғырту қарастырылған. Алайда Партиялық бақылау комитеті мүшелерінің пікірінше, республикалық және өңірлік жол карталарының кейбір тараулары орындалмай қалуы мүмкін.
Партияның сайлауалды уәделерінде белгіленген тағы бір маңызды міндет – Денсаулық сақтау нысандарын салу және жөндеу. Партиялық бақылау комитеті жұмыс тобының қорытындысына сәйкес қазіргі уақытта барлық өңірде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салуға, күрделі жөндеуге және жаңғыртуға бөлінетін қаражатты мақсатсыз пайдалану мәселелері бар. Осы ретте, салынып және жөнделіп жатқан білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын сапасыз жоспарлау және жобалау, құрылыс сапасын тиімді бақылаудың болмауы, сметалық құнын негізсіз көтеру, орындалмаған жұмыс көлемі үшін ақы төлеу, балаларды апаттық жағдайдағы ғимараттарда оқыту және т.б. фактілер атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктеріне 1 желтоқсанға дейін әр өңірдегі барлық білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне толық тексеру жүргізуді, құрылысты қаржыландыру әдістемесін қайта қарауды және МЖӘ шеңберінде салынып жатқан нысандар үшін мемлекеттік үлгі стандарттар мен жобаларды бекітуді міндеттеді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігіне 15 қарашаға дейін анықталған мәселелерді көрсете отырып, интернаттардың мониторинг нәтижелерін талдау және әкімдіктерге жіберу, осы проблемаларды шешудің нақты мерзімдері мен жолдарын қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған интернат мекемелерін салу мен жөндеудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу ұсынылды. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау фактілеріне жол бергені үшін «сөгіс» түріндегі партиялық жазалау шарасына Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков, Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және осы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, ал «ескерту» түріндегі жазаға Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова және Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов тартылады. Партиялық бақылау комитеті сұратқан ресми ақпаратты уақытында ұсынбағаны үшін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Дүйсембиновке және Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұловқа «ескерту» беріледі.