Медицина • 22 Қазан, 2021

Лейкемияны жеңуге сіз де көмектесе аласыз

452 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иә, дәрігер емес, қатардағы адам бұл дертті жеңуге көмектесе алады. Қалай дейсіз бе? Бастысы – «Қан орталығына» бару.

Лейкемияны жеңуге сіз де  көмектесе аласыз

Биыл 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында өткір лейкоз диагнозы қойылған балаға сүйек кемігі трансплантталды. Бұл – осымен 150-інші балаға жасалған күрделі операция.

Корпоративтік қор директорының орынбасары Венера Алтынова: «Өкінішке қарай мұндай ауыр диагноз қойылған балалар қай елде де бар. Бұл Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Біздің жетістігіміз – елімізде осындай пациенттерге көмек бере алуымыз десек, дәл осы жолғы трансплантацияның ерекшеліктері бар. Бұл Ресейдің Дмитрий Рогачев атындағы Балалар гематологиясы, онкология және иммунология ұлттық медициналық зерттеу орталығының гематолог дәрігері, №2 гемопоэздік бағаналы немесе дің жасушаларды трансплантациялау бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Балашовтың қатысуымен жасалса, екіншісі – жақын туыстардың арасында донорлар болмағандықтан, Ресейдің Киров қаласынан туыстас емес донордың табылуы», дейді.

Трансплантация жасалған пациент небәрі 13 жаста. 2008 жылы туған Солтүстік Қазақстан облысында тұратын қыз баланың клиникалық диагнозы – өткір миелобластық лейкоз. Ерте оқшауланған рецидив. Оның анасы: «Қызым ауырғанда жанымызды қоярға жер таппай қалдық. Алғашында осы ұлттық орталықта диагнозы табылып, емделіп шықты деп қуанып жүргенімізде қайтадан рецидив басталды. Құдайға шүкір, уайым шеккен күндер артта қалып, шетелден донор табылып, трансплантация жасалды. Қызым сол өзі жатқан палатасында, қазіргі жағдайы жақсы. Ертеңгі күнге үмітіміз мол» деді.

Медицина ғылымының докторы, Ана мен бала орталығы директорының онкология жөніндегі орынбасары Даир Нұрғалиев пациенттің алғаш рет 2020 жылдың маусымында ауырып, одан химиотерапияның толық курсынан өткеннен кейін клиникалық-гематологиялық ремиссия байқалғанын, алайда 2021 жылдың сәуірінде ерте оқшауланған рецидив анықталып, химиотерапияның толық курсынан кейін науқастың екінші кли­ни­ка­лық-гематологиялық ремиссияға шы­ғуына бай­ланыс­­­ты, оған аллогендік байланысты емес сүйек кемігін транспланттау жос­пар­лан­ғаны жайлы әңгімелеген. Мәселенің ең бір қиын түйіні осы жерде басталды деуге болады. Қаншама туыс-туғаны зерттеуден өткенімен, бірде бір сәйкес донор табылмайды. Қазақстандық тіркелімді (реестр) шарлау да еш нәтиже бермейді. Бір жақсысы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қол жеткен жақсы жаңалық – донор іздеуде елімізбен шектелмей, шетелдерден сәйкестік іздеуге жолдың ашылуы болыпты. Соның нәтижесінде Қазақстан-Ресей тіркеліміне сұрау жіберіледі. Міне, қуаныш. HLA-антигендер жүйесі бойынша қажетті 10 компоненттің 10-ы, яғни толық сәйкес келген Ресейдің Киров қаласынан туыстас емес донор табылады.

Айта кететін бір жайт, туыс емес алло гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау (ГДЖТ) «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында бұған дейін де 5 балаға жасалған көрінеді.

Енді жоғарыда айтылғандай, «Лейкемияны жеңуге сіз де көмектесе аласыз» деген не сөз? Сөйтсе, сүйек кемігінің жасушаларын донордан алудың еш қиындығы жоқ екен. Яғни гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды (сүйек кемігін) донорлау мүлдем қауіпсіз және кәдуілгі қан тапсыру екен. Еуропада 39 млн донор болса, Ресейде 150 мың, ал біздің елімізде 7 мың ғана адам келісімін берген. Егер сіздің денсаулығыңыз қалыпты нормада, еш жеріңіз ауырмаса, Қан орталығына барып қан тапсырып, ақ қан ауруы бар адамға донорлық етуге келісіміңізді бересіз. Бұл – бірінші кезең. Екінші кезең сізді реестрге енгізеді. Үшінші кезеңде сіздің қаныңыздан алынған сынамалар пациентпен сәйкес келсе, сізді ауруханаға 1-2 күннің ішінде жатқызып, денсаулығыңызды тексереді. Ал барлығы дұрыс болған жағдайда кушеткада жатып, қаныңыз 2-3 сағат сүзгіден өтіп, сүйек кемігінің трансплантациясына қажетті компоненттері бар 200 мл қан алынады. Бұл – әшейіндегі қан тапсыру донорлығы тәрізді, тамақ ішкеннен соң сол күні кешке қалыбына келетін, қан тапсырудың нормасындағыдай дүние. Есесіне, аққан ауруына шалдыққан жанның өмірі құтқарылады. Мәселе, біз ойлағандай күрделі емес, сүйек кемігіне операция жасалмайды, тек қаннан алынған компонеттер ажалға тосқауыл болады екен.

Орталықта бұрын барлығы осындай 149 ота жасалған. Мамандардың айтуынша, аутологиялық ГДЖТ-дан кейін өмір сүру деңгейі – 86,5%, аллогенді туыстас донордан кейін – 80%, туыстас емес донордан кейін – 83,3%, гаплоидентті ГДЖТ-дан кейін 42,1% құрады.

Осылайша, отандық дәрігерлер жаңа деңгейге көтеріліп, емдеудің бұл түрін өздері сәтті жасай бастады. Соңғы 10 жылда игерілген ғылыми технологияларды қоса алғандағы емдеудің барлық кезеңі, зерттеулердің орасан зор кешені, жаңа медициналық препараттар мен терапияның заманауи хаттамалары мемлекеттік бюджет есебінен орындалды. Медицинаның осы саласын дамыту үшін көп күш жұмсалды. Бүгінде бұл өз нәтижесін беріп, өткір лейкоздан айыққан балалар саны артып келеді.

Бұл Қазақстандағы балалар гемато-онкологиясы дамуының жаңа перспективаларын айғақтайды. Лейкемиямен ауыратын балаларды құтқаруға деген үміт пен сенімділік сыйлайды. Бүгінде отандық мамандар «Біз лейкозды жеңуге дайынбыз!» деп сеніммен айта алады.