Аймақтар • 22 Қазан, 2021

ШҚО-да майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салынады

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында келесі жылы майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салынады

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңірде ауыл шаруашылығы саласы оң қарқынмен дамып келеді. Бүгінде аймақ күнбағыс тұқымын өндіруде республикада бірінші орында тұр.

«Семей қаласы мен Глубокое ауданында май экстрациялайтын 2 ірі зауыттың құрылысы жүргізілуде. Олардың қуаты, сондай-ақ майлы дақылдар үшін алқаптардың ұлғаюы өңірдің өсімдік майларының сан алуан түрлерін өндіруде мемлекет бойынша көшбасшы атануына жол ашады. Осы ретте, біз арнайы бағдарлама әзірлейміз. Ал келесі жылы егістік алқаптарының құрылымын түбегейлі өзгертуіміз керек», деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, биыл қайта өңдеу зауыты іске қосылып, оның тәуліктік қуаты күнбағыс тұқымының өзінде ғана мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ 2022 жылы майлы дақылдарды өңдейтін тағы бір зауыт іске қосылмақ.

«Оған дән жетіспеушілігі сезілетіндігі анық. Демек, өңір шаруагерлері өз дәндерін қайда сатамын деп табан тоздырмайды. Мұндай өндіріс көлемімен пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорындардың жалпы қуаты жылына 1,1 миллион тоннаға жетеді.

Осылайша, түгел аймақ жоғары сапалы өсімдік майларымен қамтамасыз етіліп қана қоймай, оны экспортқа шығаруға да болады. Бұл ретте, әсіресе жақын көршілеріміз Қытай мен Ресей Федерациясы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп отыр», деді өңір басшысы.