18 Ақпан, 2014

Соңғы сілкініс

263 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
47260Сочидегі аламан басталғалы бері де алғайдың құба жолымен арындап шапқан аттай талай уақыт өте шығыпты. Ақпанның 14-інде XXII Қысқы Олимпиада өзінің экваторынан асты. Өрмектің жүзі ауды. Былайша айтқанда, Ойындар жарыс күндерінің тең жартысы артта қалып, спортшылар келесі шешуші шаққа қадам басты. Бұл уақыт аралығы Қазақстан құрамасы қоржынына мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен әкелген қола медаль арқылы бір жүлдені түсіртті. Есепті кезеңде Олимпиаданың медальдар жинау бойынша көш басына талас бұрынғыдан бетер қыза түспесе, бір сүйем де төмен түскен жоқ. Осынау ымырасыз бәсеке, әсіресе, біз сөз еткелі отырған сенбі-жексенбі күндері, әсіресе, жүген бермеді. Әзірге тек 7 алтын медалі бар Германия құрамасы ғана көптен бергі бірінші орнынан мызғымай тұр. Ал бұдан кейінгі орындарға табан тіреушілер күн сайын алмасуда. Айталық, кейінгі кездері төменге түсіп кеткен Голландия мен Норвегия сенбідегі 5 және 7-позицияларынан жексенбінің кешінде 2-3-белестерге бір-ақ ырғыды. Сенбіде ғана 2-ұяшықта тұрған Швейцария ертесіне қайтадан 4-сатыға топ етті. Сол күндері 3-орынға дейін барып қалған Ресей тағы 5-тепкішекке сырғып кетті. Бірақ оның соңын ала келе жатқан Канада мен АҚШ-тың да артта қалып қойғандары шамалы. Осының бәрі Ойындар біткенше бәсекенің бәсі бір қайтпайтынын анық байқатып отыр. Жанбо-5 Жұма күнгі жұлқыныстар Ақпанның 14-і шын мәнінде де қазақ­стан­дық спортшылар мен жанкүйерлер қауымы үшін ақ түйенің қарны жарылған күнге айналды. Біз жұмадағы жұлқыныс туралы ойға алғанда, әлбетте, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің осы күні түн жарымы ауып бара жатқан шамада, қысқа және еркін бағдарламалардың қоссайысы бойынша қола медальға қол жеткізіп, баршамызды көл-көсір қуанышқа бөлегеніне бірінші кезекте салмақ салып отырмыз. Өшкенді жандырып, сөнгенді қайта тұтатқандай бұл жүлде біздер үшін ақиқатында да Доспамбет бабам жырға қосатын «шырмауығы алтын, сабы жез» марапат болды да шықты. Енді ше, бұл болмағанда, бәріміз тү­гел ала жылан, аш бақаның күйін кешіп, төбемізден Іскендірдің қос мүйізі тарғақ­та­нып шығып келе жатқандай халге жетіп қалып едік. Дәл сол көңілді күйісті күдік кер­неп, таңдайдың дәмі кермек тати бас­та­ған талма тұста Денистің әуеден ұшқан алты қазды айналдырып әкеліп, алдына топ еткізіп қондырғандай толайым тірлікке тірнек жалғауы ересен ерлік болды. Ол бірінші сынағының нәтижесінде 9-орында қалып қойғаннан кейін көңілсіз күйге түскеніміз рас. Дегенмен, айбалтаның сабындай, алау оттың табындай тұйғынымыз біздің бірінші кезеңде кеткен есесін нұқыл екінші жаттығуда қайтарып алатын ауыр атлеттеріміз секілді екен. Өзінің қабырғадан бүтін шыққан сүбедей сүйекті ірі жігіт екенін таныта білген ол жеме-жемге келгенде алдындағы алты бірдей азулы қарсыласын шаң қаптырып кетіп, айтарлықтай басым­дық­пен тұғырдың үшінші биігіне үлкен сеніммен табан тіреді. Жасыратыны жоқ, соңғы күндері бізді «Солт-Лейк-сити мен Туриндегі ахуал ай­на-қатесіз қайталанғалы тұрған жоқ па?» деген ұры ой жылтыңдап жиі мазалап жүр еді. Соның бәрін Денис Тен осылай бір-ақ сәтте жусатып тастап, қайтадан ала қал­жың, ақтай күлкімізді шақырып берді. Ен­ді Ванкувердегі жағдайға тым жақын тұр­мыз. Ойындарға 88 елдің лизенцияға қол жет­кізген кіл «сен тұр, мен атайындары» жинал­ған болса, кешегі күнді қосып есептегенде, солардың 26-сының ғана саңлақтары медаль алып үлгерді. Біз – соның біріміз. Бұған да тәубе! Ал Олимпиадаға келер алдында ой мен қырға шапқылаған орасан ойларымыз, ойхой, орман теңселтіп, теңіз шайқалтып жатыр еді. Айтатын несі бар, тіпті, осында жеткен кездің өзінде менің Сейфолла досымның, ақын Сейфолла Шайынғазының бір жыр жолдарында: «Айналамыз атақ пен толған бедел, біздерде небір мықты болған деп ер. Өлең жазып жатырмын жатып алып, одан өзге түк те жоқ қолдан келер», деп толғана­тынындай, бізге де Ойындардың бәйгесінің төргі жағынан бірінен соң бірі табылып жататын озғандарымыз жайлы материал жазудан басқаға қолымыз босамай қалатындай болып көрініп еді. Біздің бағамымызша, сондай алар демі бір төбеден соғып тұрға балап жүрген «небір мықтының» бірі шаңғышы Алексей Полторанин болатын. Жалпы, әлемдік рейтингте төртінші тұрған оның сүйікті қашық­тығы саналатын 15 шақырымға классикалық тәсілмен жүгіруден жүлдесіз қалады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Бірақ «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзды». Біздің бір жыл бойы жұмыртқаның ағы мен сарысы ажыратып беріп бағылған Тайбурылдан бетер күтім көрген сәйгүлігіміз сенімді ақтамады. «Түңдікпенен күн берген, түтікпенен су берген» тарланымыз жарыс шүу деп басталғаннан сөдегей жүріс, сөлекет іліске салып, аяғына жем түскен арғымақтай шоқырақтай берді. Ақырында тұғыр басын швейцариялық Дарио Колонья, шведтер Юхан Ульссон мен Даниэль Ричардссон еншілеген бәйгенің ту сыртында қалып, көмбеге тоғызыншы болып жетті. Біз мұны әдепкіде тау басында қардың еріп, оның көбесіне су шылқып шыға баста­ғанынан көріп едік. Жалпыға ортақ бұл жағ­дай сүйегі ауырлау Алексейге қаттырақ бататын шығар деп пайымдағанбыз. Алайда, осы жү­гіріске қатысып, 33-орынға жайғасқан келесі шаңғышымыз – Николай Чеботько сөреден кейін ұшырасып қалғанымызда, мұны бірден жоққа шығарды. «Трассада тұрған ештеңе жоқ. Жұрттың бәрі жүгіріп жатыр. Тіпті, жаман жүгіріп те жатқан жоқ. Барлық мәселе – біздің өзімізде. Біз бұл сайысқа дайын емес екенбіз», деді ол. Жалпы, қазір спортшыларымызды Олим­пиадаға дайындау үшін еліміздің 1 млрд. теңге қаржы жұмсағаны туралы айтылып жүр. Солардың да басым бөлігі Алексей сияқ­ты жеке жаттығу, дербес дайындықта бол­ған жетекші спортшыларға жұмсалғаны тағы анық. Алайда, жігіттеріміздің біразы мұ­ны Қожанасырдың баяғы ханға берген уә­десіне саятын қағидатына ұқсастырып жарат­қанға ұқсайды. Шымкенттен шыққан шынарлар Бір тәуірі, жұма күні жоғарыдағыдан бөлек тағы бір жұлқыныс болды. Оны фрис­тайлшы Жанбота Алдабергенова жасады. Шыны керек, тау басында талас қыздырған шаңғышылар жарысынан кейін біз пәстегі мәнерлеп сырғанаушылар турниріне жетіп үлгеру үшін кешке жоғарыда өтетін бұл сайысқа аялдай алмаған едік. Соңынан фристайлдың акробатика түрінен бір қызы­мыздың 6-орын алғанын естігенде, әрі таң­ғалдық, әрі қатты қуандық. Өткен жыл­ғы қыркүйек айында ғана 18-ге толған, «маң­дайы күнге тимеген, желге шашын үрлеген» Жанботадан ешкім мұны күтпесе керек. Алдымен екі бірдей іріктеу сынағын жақсы аяқтаған ол екі финалдық бәсекеде алдан табылып тұрған. Тек медальдар тағдырын шешкен үшінші финалдағы төрттіктің құра­мы­на ғана кіре алмаған. Біз үшін мұның өзі үлкен табыс! Осы жетістігі арқылы Жан­бота қазақстандықтар арасында әзірге Ойын­дардың қола медалінің иегері Денис Тен мен фристайлдың могул түрінен бесінші бол­ған Дмитрий Рейхердтен кейінгі үшінші орынд­а тұр. Сол сияқты осы сында өзінен 4 жас кіші сіңлісімен тізе қосып, аламанға ат сал­дырған екінші фристайлшымыз Жібек Арап­баеваның таңдаулылардың тобында 19-орынға тоқтағанын да айта кеткеніміз лә­зім. Олимпиада секілді бәсірелі бәсекеде бұл да өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Осы тұста барып, Ойындар алдында га­зет­те олимпиадашы спортшыларымыз туралы арнайы бөлім дайындап жатқан күн­дерімізде, Шымкентке қоңырау шалып, Жібектің жайы туралы сұрастырғанымызда, әріптесіміз Бақтияр Тайжанның мұндағы фристайлшылар арасындағы мықтысы ол емес, Жанбота екенін айтқаны ойымызға оралды. Кәнігі спорт журналисінің айтқаны айдай келді. Енді ғана халықаралық деңгейге шыға бастаған жас қыз өзінің бірінші Олим­пиадасында осылай бірден жарқырап көрін­ді. Ең бастысы, оның бар болашағы әлі ал­да. Бұл үшін онымен бірге жарыс жолына жалын қосып, чемпион атанған Беларусь спортшысы Алла Цупердің жасы қазір 34-те, екінші болған қытай Ментао Сюдің 24-те, ал үшінші орындағы австралиялық Ли­дия Лассиланың 32-де екенін айтсақ та, көп нәрсе түсінікті бола түсетін шығар деп ойлаймыз. Сонымен бірге, күні Сочиге жетеғабыл ыс­тық, бірақ дәл мұндағыдай басын қар басқан тым биік таулары жоқ Шым қала­дан екі бірдей фристайлшының шығып, Олимпиадада ел намысын қорғағаны да жеке бір әңгіменің арқауына лайық тақырып болса керек. Бұл, сөз жоқ, облыстың қазіргі басшылығы мен спорт саласын басқарып жүрген атан жілікті жігіттердің ересен ең­бек­тері арқасында мүмкін болып отыр. Байқаймыз, бұл бет алысымен Шымкент келешек Қазақстанның нағыз фристайл орта­лығына айналатын түрі бар. Оған бәріміз қуана қол соғуымыз керек. Олай болса, күні ыстық, қысы қысқа Оңтүстік өлкеден шыққан Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова бастаған талапты да талантты қыздар соңдарынан әлі талай сіңлілерін ертетін шығар деген үміттеміз. Көмескі тартқан көкжиектер Қазақстандықтардың қатысуымен жұма күні бұлардан бөлек тағы екі жарыс болып өтті. Сайыстардың бәрінен бұрын сөре тартқаны – тау шаңғышылары бәсекесінде біздің ең жоғары нәтиже көрсеткен өкіліміз Игорь Закурдаев мәреге 37-болып жетті. Алман елінен алақанға салып әкелген Мартин Хубер есімді келесі шаңғышымыз өткен жолғы сайысындағыдай 42-орында қалды. Ал Ойындар алдында бұлардың екеуінің де таулардан асып, бауларды басып өте шығатындары туралы талмай айтып, апы кіріп, күпі шыққандары енді еске түсіп отыр. Ұмытпасақ, Игорь тіпті үштікке кіру үшін күресетінін де жариялап жіберген. Өкінішке қарай, олар мұнда оған ұқсайтын бір қадам да жасай алмай, жапан түзде жер шолып жүр. Мәселен, Закурдаев осының алдындағы сайыста көмбеге 33-болып келсе, кейін, жексенбі күнгі жарыс­та 44-орынға тұрақтады. Одан әлгіндегі Хубер мен Дмитрий Кошкиннің ұзап кеткен жерлері жоқ. Тек бұлардың соңғысы ғана 16 ақпанда өткен 59 бәсекелестің қиқу қосқан супер-гигант жарысында 30-кезекте мәре сызығын қиып өтіп, әріптестерінен біршама жоғары көрінген. Жұма күні биатлоншы қыздарымыз, дәлі­регі, Елена Хрусталева тағы да топ ара­сындағы топанда қалып қойды. Ол 15 шақырымға жеке жарысуда бізден ең төменгі көрсеткішті көрсетіп, 47-орынға ғана табан тірей алды. Арасат оты жанғанда, бура мұзға тайғанда, соңғы күшін жиса да, бір қарадан көрінер, деген қызымыз осылай Ванкувердің шынымен алыста қалып қойғанын күн сайын айғақтап келе жатыр. Оған қарап бет түзеп жүрген басқа қыздарымыз да осы шамадан асып түсе алар емес. Біз бұл жерде Дарья Усанова, Галина Вишневская және Алина Райкова жайында айтып отырмыз. Ал біздің қыздарсыз өткен тойды бұл күні тағы да алтыннан алқа таққан Беларусь жұлдызы Дарья Домрачева, швейцариялық Селина Гасприн және тағы бір белорус қызы Надежда Скардино тойлады. Өтіп бара жатқан дәурен-ау, 2010 жылғы Олимпиадада тап осы Домрачева біздің Хрусталевадан бір саты қалып қойып, үшінші орын алған еді... Бұдан кейінгі күндері конькиші жігіттері­міз де, қыздарымыз да жарыс жолына шығып, ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жете алмады. Ақыры бір ақаба судай арқырап ағар деп жүрген Денис Кузиніміздің тағы да «қосқан иті қыңыр жүгіріп», қисыннан қияс кетті. Бұл жолы бәйгенің төрін бұрын Әлем кубогының кезеңінен бөлек, бірде-бір жеке табысы болмаған поляк Збигнев Брудка алып кетіп, үлкен сенсация туғызды. Сөйтіп, бұл бәйгеде тек Алексей Полторанин мен Елена Хрусталева ғана емес, сонымен қатар, Денис Кузиннің де көмбе көкжиектері көмескі тартып тұр. Біздің құрама мүшелерінің қатысулары­мен өткен басқа жарыстар жайында бөле-жара айтатындай ештеңе жоқ. Енді жүлде ала қояды деп іштей үкілеп отырған майталмандарымыз да жоқтың қасы. Дегенмен, шаңғышылардың алда болатын эстафетасына әлі де елеңдеп отырмыз. Бұдан бөлек, 21 ақпан күні біздің шорт-трекші жігіттеріміз финалға шыққан 4 команданың бірі ретінде жүлделер бөлісіне түспекші. Бұған да «Қазан аузы жоғары» дегіміз бар. Айналып келгенде, әліптің артын бағамыз.

Дерек пен дәйек

 Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша, Олимпиадада ақпанның 14-іне дейін 1 000 000 билет сатылған. Өз командалары мен спортшыларын қолдау үшін Сочиге 124 елдің жанкүйерлері атбасын тіреген.  Ойындарды әртүрлі елдердің 13 477 журналисі көрсетіп-жазып жүр.  Осы кезге дейін 18 500 волонтер жалпы мөлшері 76 090 ауысымда 760 сағаттан астам уақыт жұмыс жасады.  Волонтер-аудармашылар әлемнің 30-дан астам елі делегациясы мүшелеріне тәржімашылық қызмет көрсетуде.  Ойындардың алғашқы жартысында Сочидің көлік жүйесі 1,3 млн. адамды тасыды. Олардың 400 мыңы автобустармен, 900 мыңы «Ласточка» пойызымен баратын жерлеріне жеткізілді.  Қалада 1400 қоғамдық тамақтандыру орны күн сайын 185 мың персоналды, клиенттер топтарын және көрермендерді тамақтандырады. Осы кезге дейін ас-су дайындау үшін 2500 тонна азық-түлік өнімдері жаратылды.  Қала алаңдарында өткізіліп жатқан «Сочи-2014» мерекесін тамашалауға жалпы саны 270 мың көрермен келді. Спорт және эстрада жұлдыздарының қатысуларымен барлығы 187 шара өткізілді.  Ойындардың мәдени бағдарламасы шеңберінде 92 өнер ұжымының күшімен 213 концерт қойылса, көрермендер саны 200 мың адамнан асты.  Қала алаңдарындағы үлкен экрандар арқылы жарыстардан 120 сағат үзіліссіз трансляция көрсетілді.  Ойындар басталғалы бері Олимпиада паркі аумағында 550 мың адам болып үлгерді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.